Дін • 11 Наурыз, 2024

Сухур емес - сәресі, ифтар емес - ауызашар: Бас мүфти көпшілікке ескерту жасады

4089 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті Рамазан айына орай көпшілікке ескерту жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сухур емес - сәресі, ифтар емес - ауызашар: Бас мүфти көпшілікке ескерту жасады

Qazaqstan ұлттық телеарнасына сұхбат берген дінбасы оразаға қатысты дүниелерге жан-жақты тоқталды.

«Ата-бабалардан бізге жеткен, дініміз Исламмен сабақтасып кеткен салт-дәстүрлеріміз бар, Құдайға шүкір. Соны сақтап қалу мақсатында көп жұмыс атқарылып жатыр. Жақында ғана «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» кітабы жарық көрді. Бізге Ислам қашан келді, оны бабаларымыз қалай ұстады, қандай бағытта жүрді? Осының барлығы сол жерде көрсетілген. Осы кітаптар елімізге кеңінен тарап жатыр. Дәстүрдің құндылығы аясында Оразаға қатысты дүниелерді айттық. Мысалы, Оразаға қатысты сырттан келген сөздер бар. Мысалы, сәресін біз сәресі деп келдік, кейбір жастарымыз оны «сухур» деп кетті», дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти күнделікті өмірде шет тіліндегі сөзді қосып сөйлеу белең алып бара жатқанын айтты. Сонымен қатар ифтар емес, ауызашар деп айтуға үндеді.

«Біреулер ифтар деп айтып кетті. Кейбір сөздерді ағылшын тілінде айтып жатады. Көршілес орыс тілінде айтылатын сөздер бар. Бірақ біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дәріптейік деген мақсатта осы үндеуді айтып отырмыз», дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.