Иә, «YouTube» арнасынан белгілі айтыскер ақын Дидар Қамиев орындайтын «Анаға сағыныш» термесі халық құлағына бірден жаққан. Тіпті шығарма авторын Дидардың өзі деп ойлап жүрдік. Шын мәнісінде жүрекке жеткен жырдың нағыз иесі – Сыр елінің азаматы Ержеңіс Әбді. Арал теңізіне құяр сағаға жақын Бөген ауылында туған ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «математика пәні мұғалімі» мамандығы бойынша білім алған. Қазір №3 С.Толыбеков атындағы ІТ мектеп-лицейде ұстаздық қызметте.
Ержеңістің екінші қыры – шығармашылығы. Бала күнінен өлеңге әуес. Содан болар, жастайынан ақ домбырасын арқалап, айтысқа қатысты. Бірнеше республикалық, халықаралық айтыстың жүлдегері атанды. Сондай-ақ оның балаларға арналған «Ержеңістің ерекше есептері», «Саусақ әліпбиі» жинақтары бар. «Мектебім менің – мақтаным» атты оқушылардың өлеңдерінен құралған кітапты құрастырушы. Республикалық «Балалар поэзиясының антологиясы» жинағына да өлеңдері енген.
Шығармаға оралсақ. Домбыраның майда шертісімен үндесетін, мақамы бөлек терме былай басталушы еді ғой.
«Оқушым, сөмкеңді ұста, киініп ал!
Қайта ғой, қонақ кепті, үйіңе бар!
Деп ұстаз мектебімнен қайтарған ед(і),
Тыңдаушым қонағы кім кейін ұғар...».
Әрі қарай Ержеңістің өзін сөйлетсек.
«Әлі есімде. 1997 жылы қыркүйектің алғашқы күндері болатын, – деді ол мұңлы кейіппен. – Үш ай жазғы каникулдан соң мәре-сәре болған оқушылардың қызығы өз алдына, мектеп дейтін ауылдағы өзгеше мекеннің қызу жұмысы басталған кезі. Дене шынықтыру сабағы. Спорттық формамды киіп, сыныптас ұл-қыздармен сапқа тұра бергенім сол еді, сабақ өткізетін Болат ағайым жай ғана «Ержеңіс, үйіңе қонақ келіпті, қайта ғой» деді. Баламын ғой, әрі-бері қипақтап, оның үстіне басқа сабақтан қалсақ та «дене шынықтыруды» жібермейтініміз белгілі ғой. Солай еткім келген, бірақ ағай нығарлап қайта айтқан соң, лажсыз сөмкемді арқалап үйге қайттым. Содан кейінгі көңіл күй арпалысы өлеңде толық берілген деп ойлаймын...
Үйге қанша жерден қадірлі қонақ келсе де, мектептегі оқушы ұл-қызын сабақтан қалдырмайтын үйіндегілердің бұл шақыртуын бала Ержеңіс аса ұқпаса да, туған шаңырағына қарай осылайша асығады. Бір жағынан, бала көңіл біраздан бері ауруханада жатқан анасын сағынғандікі болар, «үйге апам оралды» деген қуанышпен жүрісін тіптен үдеткен еді. Бірақ...
Өз үйінің есігінің алдына келген 12 жасар ұл ауылдың бар адамын көріп, алғашқыда түкке түсінбей состиып тұрып қалады. Біреулері жылап жатыр, біреулері отын дайындап, қазан-ошақ жағып жүр. Көп кешікпей, қала жақтан үлкен «ЗИЛ» көлігімен аққа оралған анасын әкелгенде ғана бала жүрек бір сұмдықты сезгендей, шырқырап жылай берген еді.
...Көлік келді сол күні қала жақтан,
Жатыр біреу үстіне ақ мата жапқан.
Тек есімде, көпшілік сол адамды
Үйге қарай көтеріп бара жатқан...
...Түседі күлген кезі кейде есіме,
Күлкісі, қуанышы – сый, несібе.
Ғаламның сұлулары татымайды-ау
Анамның күліп тұрған бейнесіне...
Ержеңістің айтуынша, өлеңнің ең соңғы шумағы анасы қайтқан уақытта тіліне оралған. «Сағыныштан жиі қайталап жүретінмін» дейді өзі де. Ал 11 сыныпты бітіретін жылы туған шешеге арналған шығарма толық дүниеге келеді. Ал халық арасына 2007-2008 жылдары бірнеше айтыс ақындары арқылы тарайды. Сәтті шыққаны Дидар Қамиевтің орындауындағы нұсқа.
Иә, күйбең тіршілікте елдегі ата-ананың жағдайын біліп, ұялы телефонмен хал сұрасудың өзі оларды мәз етпей ме? Алыста жүрсең айына болмаса да жылына 3-4 төрт рет қауышып, ұшқан ұяңда аунап-қунап, олардың қуанышын тіпті көбейтерің анық. Бірақ сол әсерлі шақ сыйлайтын сәттерге уақыт таба бермейміз. Ал оларды жоғалтқан күні... «Үйтер едім, бүйтер едім». Бос сөз. Ержеңістің бұл шығармасы – сағыныш қана емес, баққан-қаққан әке-шешені көзі тірісінде қадірлеуге шақыратындай. Екіншіден, тәлім-тәрбиеге негізделген мұндай шығармалардан соң өзегінде есті сөзі азайған бүгінгі шала әндердің ғұмыры қысқа екені де беп-белгілі.
– Анам бар кезде әкем Тастыбайдан қатал адам жоқ секілді көрінетін. Кейін ең жұмсақ, ең мейірбан болып кетті. Әсіресе 3 ұл, 4 қыздан кейін туған әрі үйдің кенжесі менің бетімді қақпады. Шаң жуытпады. Қазір қарасам, әкем әріден ойлаған екен. Анасынан айрылған он екідегі бала жасық болмасын, енді жыламасын деген сияқты, – деп сыр шертті замандасымыз.
Кейіпкеріміздің бұдан бөлек, «Қазына мен періште», «Беу, ағайын», «Кешіріңіздер». «Балықшы ауыл» атты ән-жырлары бар. Бүгінде айтыста жиі көрінетін оның шығармашыл шәкірттері жоқ емес. Одан бөлек, пәндік олимпиадаларда жүлде алып жүрген оқушылары көп. Әсіресе Ұлттық бірыңғай тестілеу науқанында грант иеленіп, жоғары оқу орнында оқитын бұрынғы оқушылардың Ержеңіс ағайын ұмытпай, жиі мектепке соғатыны да соның айғағы.