Фото: thevoicemedia.kz
Бұл жарысқа республикалық физика-математика мектебі, Білім-инновация және Алматыдағы М.Базарбаев атындағы №138 гимназияның оқушылары қатысты. Олардың командасы «Sana Team» деп аталды. Дүбірлі бәсекеде ел намысын Әділ Тұрсынғали, Арнар Дәулетқұл, Осман Ақыпбек, Алдияр Дәулетұлы, Дарын Смайыл, Аббас Пахридин, Асылхан Ыбырай, Ілияс Аширалин, Айзерек Болат, Жанайым Сабыржан, Ғазиза Күнғожина және Шолпан Амангелді секілді оқушылар қорғады.
Үш күнге созылған чемпионат қорытындысында біздің жеткіншектер топ жарып қана болмай, «Winning Alliance» басты ойын жүлдесі мен шығармашылық ойлау арқылы инженерлік кедергілерді жоюдағы «Think Award» аталымын иеленді.
«Біздің робот турнирде рекорд орнатты. Соған ерекше қуандық. Жарыстан алған әсеріміз мол. Осы үш күнде басқа елден келген қатысушылармен танысып, тәжірибе алмастық. Бізге осындай мүмкіндік сыйлап, қолдау көрсеткен Алматы қалалық білім басқармасы мен «Алматы дарыны» орталығына ризашылығымызды білдіреміз», дейді оқушылар.
Айта кетейік, «Sana Team» командасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Ustem Foundation» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Daryn first Championship» өңірлік чемпионатында Кипрге жолдама алған еді.