Банк • 13 Наурыз, 2024

«Bereke Bank»-ке Қатар «құда түсіп» жатыр

176 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Bereke bank»-ті (бұрынғы «Сбербанк Қазақстан») сатуға дайындық жүріп жатқаны, сатып алушы Қатардағы «Lesha Bank» инвестициялық банкі екені ақпан айының екінші жартысында белгілі болды. Оның алдында, 2023 жылдың екінші жартысынан бастап әлеуетті инвесторлар ретінде Қатар мен Грузия бизнесмендері аталды. Еуропалық қайта құру және даму банкі де қызығушылық танытты. Біздің банкті сатып алудан үміттілердің арасынан топ жарып шыққан «Lesha Bank» та осал емес. 2008 жылы құрылған. Бұрын «Qatar First Bank» брендімен жұмыс істеген. «Lesha Bank» инвестициялық банкі бизнестің түрлі саласына – медицина, бөлшек сауда, мұнай-газ секторына инвестиция құйған.

«Bereke Bank»-ке Қатар «құда түсіп» жатыр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Келіссөз неге ұзаққа созылды?

«Bereke Bank»-тің жалғыз иесі ретінде танылған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 14 ақпанда банктің барлық жарғылық капиталын ықтимал сатып алу туралы алдын ала бастапқы келісімге қол қойды. Қатар қор биржасының хабарлауынша, «Бәйтерек» холдингі мен сатып алушы «Bereke Bank»-ті сатып алу туралы алдын ала келісім жасасқан. Инвестор акциялардың 100%-ын сатып алуды жос­парлап отыр, бірақ соңғы шарттар ке­йінірек талқыланады.

«Бәйтерек» холдингі мен қатарлық тарап арасында «Bereke Ваnк»-ті сатуға қатысты келіссөз жүріп жатқанын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 6 наурыз күні журналистермен кездескен кезде растады.

«Банк акционері «Бәйтерек» холдингі мен қатарлық тараптың арасында келіс­сөз жалғасып жатыр. Әзірше қандай уағ­да­ластыққа келгені, шарттары қандай бола­тынына қатысты мәлімет жоқ», дейді М. Әбілқасымова.

Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов өткен аптада журналис­термен кездесуде бұл мәміле келіссөз деңгейінде жүріп жатқанын, акционер ресми түрде банк холдингі мәртебесін алу үшін құжаттар пакетін ұсынбағанын жеткізді.

«Банкті жаңа инвесторға сату үдерісі – сатушы мен сатып алушы арасындағы қарым-қатынас. Қаржылық реттеушінің мемлекеттік орган ретінде оған араласуға құқығы жоқ», дейді О. Қизатов.

Құқықтық тұрғыдан оң шешім қабыл­дан­са, «Bereke Bank»-ті қатар­лық инвес­торға беру үдерісі бір жылға созылуы мүмкін. Бірақ соңғы шешім мүдделі тұлғалардың агенттікке қажетті құ­жат­тар­ды қаншалықты жылдам тапсыратынына, сол кездегі қаржылық ахуалға байланысты болмақ. Агенттік өз тарапынан оларды қысқа мерзімде қарас­тыруға дайын. Себебі агенттік инвес­торлар үшін Қазақстан нарығына кіру талаптарын барынша жеңілдетіп жатыр. Яғни банк ашуға қажетті құжаттарды рә­сімдеу, рұқсат алу секілді үдерістер оңтай­ландырылған.

О.Қизатов жаңа акционер «Bereke Bank»-ті ислам банкіне айналдыру туралы шешім қабылдаса, біз оған оң қараймыз дейді. Бірақ Bereke Bank балансындағы активтер, қаржы құралдары исламдық қаржы жүйесінің бағытына сәйкес кел­мейді. Сарапшылардың сөзінше, «Bereke Bank»-ке ислам банкингінің үлгісіне көшу үшін қалыптасқан жүйесін қайта құру керек. Ислам банкинг жүйесіне ыңғайлау біраз уақыт алуы мүмкін. Сарапшылардың бір тобы «Bereke Bank» пен қатарлық инвесторлар арасында Due diligence (заң сараптамасы) үдерісінің ұзаққа созылуына осы фактор да себеп болып жатыр десе, енді бірі Fitch Ratings агентттігінің соңғы болжамы үде­рісті кейінге шегеріп жіберуі мүмкін екенін меңзейді.

Fitch Ratings өткен аптада «Bereke Bank»-тің ұзақмерзімді рейтингін «BB» деңгейінде растады, болашақта акционердің ауысуына байланысты банкті Rating Watch Negative бақылау тізіміне енгізді. 2023 жылы маусымда агенттік сарапшылары банктің өзіне тұрақты болжамы бар «В деңгейін растап, банктің ұзақмерзімді рейтингін тағайындаған болатын. Сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ атынан мемлекеттің қолдауын ескере отырып, «Тұрақты» болжамымен «BB» деңгейіндегі рейтингті берген еді. Fitch Ratings процедураларына сәйкес, акционер ауысқан кезде эмитенттің болжамы қайта қарастырылады.

 

Инвестордың әлеуеті қандай?

«Lesha Bank» активтері 2024 жылдың басында 6,3 млрд қатарлық реалды (QR) немесе 777,4 млрд теңгені құрады. Жыл басындағы меншікті капитал 1,2 млрд катар реалынан (151,2 млрд теңге) асты. 2023 жылғы таза пайда – 94,5 млн QR (11,6 млрд теңге). Қатар инвесторлары көз тігіп отырған «Bereke Bank»-тің активі онымен салыстырғанда әлдеқайда үлкен. 2024 жылдың басында банк активі 2 трлн теңгеден асты («Lesha Bank»-тен үш есе дерлік көп). Меншікті капиталы 159,9 млрд теңге болса, 2023 жылдың соңындағы пайдасы 26,2 млрд теңгеге жетті. Осы деректер нақтыланған кезде қай тараптың екіншісіне жұтылып кете­тінін білетін боламыз.

Қаржы институтының сайтында жа­рия­ланған ақпараттарда «Lesha Bank» Қатар­дағы алғашқы шариғат банкі екені айтылған. Бағалы қағаздары Қатар қор биржасында тіркелген. Банк шариғатқа сай өнімдер мен қызметтердің кең ауқы­мын, соның ішінде баламалы инвестиция­лар ұсынады. Мәселен, қаржы институты 2021 жылдың мамыр айын­да CMRC Limited медициналық оңалту орталығына 31,5 млн доллар инвес­тициялады. 2015 жылы CMRC-тің 13,5% үлесіне ие болды. 2009 жылы Kuwait Energy компаниясының (Таяу Шығыстағы мұнай мен газды барлау және өндіру бойынша жетекші компания) үлесін 16 млн долларға сатып алған. Бұлардан бөлек, Memorial Health Group, Ennismore Group, Al Jazeera Finance, Sound Hound, Terra Kaffe, Starlink Qatar компанияларының да үлесіне ие.

2023 жылы банктің таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 25,1%-ға өскен. «Табыстың өсуі банктің негізгі бизнес салаларындағы дамуымен байланысты болды. Банктің әртараптандырылған инвестициялық портфелінде басқарудағы активтер 18%-ға өсті. Жиынтық актив бір жылда 20%-ға өсті. Жалпы инвес­тиция 2022 жылмен салыстырғанда 34%-ға артты. Капиталдың жеткіліктілік коэф­фи­циен­ті 19,45%-ды құрады» делін­ген банк сайтында.

 

Бір жылдан кейін білеміз

Bereke Bank барлық пруден­циал­дық нормативті орында­ған, қар­жы­лық көрсеткіші оң. Банк өкіл­де­рінің айтуын­ша, қаржы ұйымы несие порт­фе­лі­нің сапасын үнемі тексеріп отырады, клиенттер алдындағы қар­­жылық мін­деттемені уақтылы, толық көлемде орындайды.

Қаржы сарапшысы Марат Әбдірах­ма­нов­тың айтуынша, Fitch Ratings рейтинг агенттігі заң шеңберінде өз бағасын беріп отыр. Ал банктің жағдайын бағалау – бөлек тақырып.

«Мәміле баяу жүріп жатыр. Өткен жылғы бағалаулар қазір жүргізіліп жат­қан банк ішіндегі қаржылық талдау нәти­жесімен расталуы керек. Санкция мен шектеулердің нәтижесінде банктің жағдайы 2021 жылмен салыстырғанда нашар екені анық. Талдау көрсеткіштері бо­йынша сыртқы аудит есебіне қол қойылады, оның негізінде банктің бағыты анықталады. Бұл үрдіс 3 айдан 12 айға дейін созылады. Инвесторлар әдетте әлемдегі ең беделді үш халықаралық рейтиг агенттіктерінің аудиторларын тартады. Бұған дайындықты кімдердің, қай тараптың өкілдері жүргізіп жатқанын білмеймін. Алдын ала бағалау банктер үшін 1 жылдан аспайтын мерзімге жарамды. Демек екі тарап та мәміле мерзімін 1 жылдан асырмауға мүдделі», дейді М. Әбдірахманов.

«Екі тараптың арасындағы мәміле, кемі 1 жылға созылуы мүмкін» деген пікірді сарапшы Андрей Чеботарев те қол­дайды. Айтуынша, банктің акционері ауыс­қан кезде атауына немесе бағытына өзгеріс енгізеді.

«2022 жылдың қазан айында акцио­нер ауысқаннан кейін «Bereke Bank» реб­рен­динг үдерісін бастап, графикалық таңба мен ұйымның атауынан тұратын жаңа логотипті енгізді. Жаңа басшылыққа тәртіпті жедел қалпына келтіруге тура келді. Ребрендинг асығыс жүргізілді. Маған таңдаудың не себепті Қатар инвесторына түскені де, арадағы мәміленің неге жай жүріп жатқаны да, тіпті жаңа акционердің қандай бағытқа басымдық берері де түсініксіз. Инвесторға активті сатып алып жатқанын түсіну үшін ауди­тор­лық есеп қажет. Бұл құжат қаржы инс­титуты үшін дәстүрлі қажеттілік болып саналады», дейді А. Чеботарев.

 

Түйін

Банк секторы «Bereke Bank» пен «Lesha Bank» арасындағы келісімнің соңын күтіп, іштен тынып отыр. Екі тарап арасындағы Due diligence нәтижесі біздің елдің қаржы сегментінің инвестклиматын жақсартып, елге келуге тиіс шетелдік банктердің жолын ашады деген үміт басымдау.

Жалпы, елімізде «Сбербанктен» бөлек, ресейлік екі банк – Альфа-Банк және ВТБ Банк жұмыс істе­ді. 2022 жылдың қаңтарында екінші дең­гейлі банктердің активі көлеміндегі олардың жалпы үлесі 15,1%-ға жетті. Бір жыл бұрын – 14,2%, бес жыл бұрын 9% болған. OFAC (активтерді бақылаумен айна­лысатын халықаралық ұйым) мәлі­метінше, «Сбербанк» активінің бір жылда 27,5%-ға өсіп, 4,2 трлн теңгені құра­ған кезі де болды (2022 жылдың қаң­та­рында).

Әрине, «Bereke Bank» сатылымына қатысты сұрақ көп. Мәміле құнының қанша болатынын, неліктен катарлық инвес­тордың таңдалғанын білгіміз келеді. Сонымен қатар жаңа инвестордың келуімен банк саясатының, бағдарының қалай өзгеретінін білу де қызық. Сірә, біз негізгі жауаптарды тек бір жылдан кейін, яғни мәміле нүктесі қойылып, «Бәйтерек» 2024 жылға арналған қызмет қорытындысы бойынша қаржылық есептілікті жария еткенде алып қалармыз.

 

АЛМАТЫ