Өнер • 13 Наурыз, 2024

«Дала думанның» дүбірі

88 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн мен түн теңеліп, Жер ана жаңаратын мерекеге орай Қарағандыдағы «VOGUE» мейрамханасында жылдағы дәстүр бойынша «Дала думан» мерекесі өтті.

«Дала думанның» дүбірі

Ұлттық құндылық ұлық­талған думанды кешті өт­кізуге «Қазақ аналары. Дәс­түрге жол» қоғамдық бір­лестігі және «Ханталапай» орталығының қызметкерлері ұйытқы болды. Ақ дастарқан басына жай­ғасқан мей­ман­ның қолына су құю сынды ғұрыптан бас­тау алды көрікті кеш. Оң қа­натқа ұйым­­­дастырылған көрме дом­­быра, қобыз, шаң­қобыз, сы­бызғы секілді қа­сиетті ас­­паптар мен кәдесый­мен безендірілген.

Алаштың есті әндері шыр­қалды, дәулескер күйшілер домбыраның қос шегінен шерт­пе, төкпе күй бебеулетті. Бес мың жылдан бері қа­райғы тағы­лымды салт-дәстүр мен бір­қа­тар кәделі көрініс сахналанды.

Рухани кештің тізгінін ұс­таған Арқаның айтулы асабасы Айтуған Ырысалдин аталы сөзбен, ажарлы на­қыш­пен іс-шараның шырайын кіргізді. Елорданың іргесіндегі Қосшы шаһарынан келген этноансамбль өнерімен ха­лықты тән­ті етіп, беу дегізді.

Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, «Amanat» партиясы жер­гілікті филиалының төр­ағасы Бекзат Алтынбеков бас­таған ел азаматтары қа­лың жұртшылықты Ұлыс кү­­ні­мен құттықтады. Төл мә­де­ние­тімізді өркендетіп жүр­ген кештің ұйымдастыру ал­қасына, мейрамхана қо­жайыны Данияр Қалымбет пен мәдениет жанашыры Эль­мира Сайлауқызына алғау­сыз ал­ғыстарын білдірді.

Мейрамхана төрінде кезектесе өнер көрсеткен мың бұ­ралған бишілер, дау­сы алты қырдан әрі асатын ән­­­шілер кештің шырайын кір­гізді. «Дала думан» этно­фол­ь­­клор­лық сазды кеші тек бірыңғай музыкалық қойы­лым ғана емес, көптен қауышпаған жан­дар емен-жарқын жүздесіп, рухани байы­п қай­татын дәс­түрлі мерекеге айнал­ған­дай.

Бұл кеш төл тарихымызды, ұлттық болмысымызды айшықтай түсті.

 

Қарағанды облысы