Өңірде тұңғыш рет ашылған ақпараттық кешен бейне және аудио жазуға, ақпараттық бейнепрезентациялар дайындауға, онлайн дәрістер мен веб-конференциялар өткізуге арналған.
Аталған жоғары оқу орнының ректоры Ержан Әмірбекұлы мультимедиялық бейнестудияның оқу барысында қолдануға ерекше қажет екенін жеткізді.
«Әлемдік білім беру үрдісі жаңа стратегиялық мақсаттарды көздейді. Сәйкесінше, сол толқынға уақытында ілесіп, қажетті мүмкіндіктер алаңын ұсыну аса маңызды. Осы орайда көпфункциялы мультимедиялық бейнестудия біздің қала мен институт оқытушылары, студенттер үшін сапалы медиаконтент құруға түрткі болатынына сенімім мол», деді ол.
Интерактивті бейнестудия қашықтан оқыту және шығармашылық қызметті ұйымдастырудың ең заманауи және тиімді шешімінің бірі. Оның бірегей мүмкіндігін пайдалана отырып, интерактивті бейненұсқаулықтар мен бейнедәрістерді жазуға, бейнесабақтар мен конференциялар өткізуге және тағы басқа да жаңашыл әдістемені іс жүзінде жүзеге асыруға болады.
Бір жағынан, бұл Ғылым және жоғары білім министрлігінің оқу үдерісін цифрландыру жөніндегі талаптарына сәйкес келетін цифрлық технологиялар арқылы оқытушылар мен студенттердің өзара іс-қимылының құнды құралы іспетті.
Сондай-ақ цифрлық зертхана форматы интерактивтілік пен пәндерді 3D модельдеу арқылы қашықтан сабақ өткізуге қолайлы. Ең негізгісі, бейнестудия «Coursera» және «EDx» сияқты халықаралық платформаларға арналған контент жасауға, «zoom», «GoogleMeet», «WebEx» және басқа құралдар арқылы заманауи Led-тақтаға онлайн оқытуды таратуға және аралас оқыту түріне арналған оқу мазмұнын әзірлеуге мүмкіндік береді.