Қоғам • 13 Наурыз, 2024

Бағдарламаның байыпты бағамы

110 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 10 жас ғалымы «Жас ғалым» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алды.

Бағдарламаның байыпты бағамы

Аталған жоғары оқу орнының Жасушалық биология және геномика институтының ғылыми қызметкері Әсия Құсайынова 2013 жылдан бері молекула­лық генетика саласында еңбек етеді. Ғалым радон мен асбест әсерінен туындайтын өкпе обыры патогенезінің молекуляр­лық-генетикалық аспектілерін зерттейді. Ол жас ғалымдарға арналған  бағдарламаның арқа­сында бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

«Өз баспанаңның болуы әрқашан тұрақтылық пен бо­ла­шаққа деген сенімді ұялата­ды. Жас ғалымдарға арналған ипотекалық бағдарламаның ашылуы мені қатты қуантты. Бүгін біз тиімді шарттармен жеке баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болдық», дейді ол.

Іс-шара барысында ғалымдар­ды университет ректоры Ерлан Сыдықов пен «Отбасы банкі» АҚ орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Ізімбетова құттықтап, оларға несие алу туралы сертификат пен естелік сыйлықты табыс етті.

«Соңғы жылдары отандық ғылымға бөлінетін бюджет қаражаты бірнеше есе өсті. Мемлекет басшысының тап­сырмасы аясында ғылым қыз­меткерлерінің әлеуметтік жағ­дайын жақсарту, оның ішінде тұр­ғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа мүмкіндіктер жасалып отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігі және «Отбасы банкі» АҚ-мен келісімге қол қойып, жас ғалымдарды баспана­мен қамтамасыз етудің арнайы бағ­дарламасын іске қосты», деді Е. Сыдықов.

Айта кетейік, былтыр жас ғалымдарға тұрғын үй сатып алуға арналған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы қолға алынды. Оған 40 жасқа дейінгі ғалымдар қатысады.