Аймақтар • 14 Наурыз, 2024

Батыс Қазақстан облысында «Көрісу керуені» этно-фестивалі өтті

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Наурызнама» онкүндігінің шымылдығын «Көрісу керуені» атты этно-фест іс-шарасы ашты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында «Көрісу керуені» этно-фестивалі өтті

Университет қалашығында өткен мерекелік бағдарламаны Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігі жанындағы «Арман» балалар аула клубы мен университеттегі «Мәдениет және өнер студиясы» ұйымдастырған екен. Бас ғимараттың фойесінде оқытушылар мен қызметкерлерді және білім алушыларды ұлттық киімдегі жастар қарсылап, үлкендермен көрісіп, батасын алды. Ұжым қызметкерлері бір-бірін ежелден келе жатқан «Көрісу айт» мейрамымен құттықтап, жылы лебіз білдірді. «Нарын сазы», «Ерке-Нұр», «Тұмарым» шығармашылық ұжымдары өнерден шашу шашып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті.

– Биыл Наурыз мерекесі жаңаша сипатта өтіп жатыр. Батыс өңірінде ғана атап өтілетін «Көрісу күні» ел көлемінде насихатталып жатқаны қуантады. 23 наурызға дейінгі онкүндіктің әр күні маңызды шаралармен жалғасып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін боламыз. Мұның өзі – үлкен жетістік. Өзіміз ұстаз болғандықтан, жастардың бойына патриоттық сезім ұялатуға тырысамыз. Барша әріптестерімді бүгінгі мерекемен, келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! – дейді университет жанындағы Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру институтының директоры Жанар Ержанова.

Бұдан кейін оқытушылар мен қызметкерлер ұлттық тағамдардан дәм татып, ұлттық жәдігерлермен жасақталған бұрышты тамашалады.