Жәдігер • 14 Наурыз, 2024

Күйік ханның хаты

249 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күйік хан (Гүюг хан) – Шыңғыс қаған негізін қалаған көшпелі Моңғол империясының үшінші ұлы ханы һәм Өгедейдің тұңғыш ұлы. 1246–1248 жылдары тақ иесі атанған. Бұл тұлға туралы атақты саяхатшы, моңғол үстіртіне тұңғыш табаны тиген еуропалық әрі ханды көзімен көрген италиялық діндар Плано Карпини «Liber Tatarorum, Liber Tatarorum» («Татарлар туралы жазба») атты естелігінде: «Күйік орта бойлы, қулық-сұмдыққа жетілген, ақылы ұшқыр, тәкаппар адам» деп жазыпты.

Күйік ханның хаты

СУРЕТТЕРДЕ: Күйік ханның хаты; Күйік ханның хатқа басқан мөрі

Күйік хан билік құрған жылдары әлем елдерімен дипломатиялық қатынас орнатып, хат-хабар алмасып тұрған екен. Осындай тарихи құжаттың бірі – Күйік ханның 1246 жылы қараша айында Рим папасы IV Иннокентке жазған хаты. Бұл хатты жеткізген адам – саяхатшы Плано Карпини. Хат әуелі парсы тілінде жазылып, дереу латын тіліне тәржімеленген көрінеді. Хаттың ұзындығы – 1,12 метр, ені – 20 см. Құжаттың соңына қағанның қызыл бояулы мөрі басылған. Құнды құжаттың түпнұсқасы қазір Ватикан кітапханасында сақтаулы.

про

Өткен жылы қыркүйек айының басында Моңғолияға ресми сапармен барған Папа Франциск жоғарыдағы Күйік хан хатының аса ұқыптап, нәзік технологиямен жаңғыртылған көшірмесін алып барып, оны өзін құрметті қонақ болуға шақырған мемлекет басшысы У.Хүрэлсүхке табыс еткен еді. Жуықта Ұланба­тыр қаласына барған сапарымызда қала орталығында орналасқан Шың­ғыс қаған музейінен аталған хат­тың Ватиканнан келген түпнұсқа­дан айырғысыз көшірмесін көріп, көз­айым болдық.

Моңғол ағайындар құнды құ­жат қолдарына тиген сәттен бас­тап хаттың мазмұнын, оған ба­сыл­ған мөрдегі жазуды моңғол тіліне аударып жариялаған екен.

Мөрдегі жазуды қазақшаласақ: «Мәңгі тәңірдің алқауындағы Ұлы Моңғолдың далай ханы жарлық етеді. Бұған бойында жаны бар пенде бас иіп, бой ұсынсын!» делінсе, үлкен хаттағы жазуды қазақша­лау­ға дәрменіміз жетпей, моңғол тіл-жазуының білгірі, тарихшы-лингвист Сұраған Рахметұлына ұсынып едік. Ол кісі дереу түпнұсқадағы мәтін­нен еш ауытқытпай төмендегідей қазақшалап шықты: «Жарлығымды мінәжати  ұлы патша ағзам назарына құлдық. Қорал деген ұйықта жиын құрап ұйысқан сіздерге үшбу елшілерімізді жөнелттім, мархабат! Мархабат өтініштерді де бұ елшіден құлағдар болдым. Зәудеғалам сіздер өз уағдаларыңызда болсаңыздар діннің ұлы патша ағзамы сіз өз ба­сыңызбен аттанып келіп бізбен ұшы­расуыңыз жөнге саяды һәм ме­нен ләйім осы сәтте жасаққа үкім­делген үшбу жарлықтың дүйімін ду­шар етуім мәлім. Ләйім тағы да ма­ған ұлықтау рәсімін бұйыруды жақ­сылықтың жосыны деп сіздер ишара еттіңіздер. Сіздер елші жолдап мархабат тілек еткеніңіз ең тапқырлық болады. Алайда біз сіздің мархабат­ты уәжіңізді тұшына алмадық. Зәуде екі қайта елші жолдап, сіздер бүкіл Қыпшақ пен Крестөстінің мінәжатті мекендерін егеледі деген екен. Біз шоң үрейлендік. Бізге мәлім етілгенде бұның қандай деңгейде бұрысына уәж етуге үндепті. Осы лепесті мұқыс біз түбірімен тұшына алмадық. Шыңғыс қаған һәм қаған мен де елші жолдап осы екі пендені теңгірдің бошқасынан адал болуды  тапсырған едік. Демек ол кісілер теңгірдің бошқасынан қиыс кетті. Сенің айтушы пенделерің ұлы жиын жиналғанда, есе дөрекіленіп, біздің елшіні тәсілім етті. Со үшін мәңгі теңгір күшіне лайықтап, сол елдің кісілерін көзін жойған сықылды. Кейбіреулерін теңгірдің бошқасына сай тәңір сақтады. Әйтпегенде адал жандардың қылша жанын қалай қиюға дәт бармас болар. Сен өзің мәлімдедің емес пе? Мен крист мінәжаткерімін. Ең төбедегі жаратушы құдайға бек хақпын, оны бек сүйем. Жауыздықты жаугерлікті тіптен жеккөрем. Алайда ең жо­ғарғы жаратқан теңгір ием осылай күнәкерлікке барса да қайдан күнәз­діктің мейірін қалайды дегенді сен білемісің? Сен бұлай айтсаң жаратқанды қалай танып, ұғасың? Күн шығыстан батысқа шейінгі күллі ғалам теңгір күшіне сәйкес бізді құптайды. Теңгірдің бошқа­сына өңге кім де кім өз ықымымен ештеңе жасамауы керек. Біз де сіз де оның құзырыңыздамыз, дүм-дүниені шын ниетпен ұсынуды шын ниетпен бұйырамыз, өз қарасты уаңдарды ілестіре ешкімді де соңыра қалдырмай бізге бағынуың керек. Егер бүйтсе біз сізлерді өз еркімен бағынып келгендер есебіне көруге болады. Егер сізлер ұлы теңгірдің бошқасынан бұлтарып, жарлыққа қарсы келер болсаңыздар тура хас дұшпанға санаймыз. Жоғарыда ескерткен әлеттік әділи жарлыққа әдеппен бас июмен қатар әрірек ұғыну тура. Егер бұрыс сананы құптасаңыз не боларын бір теңгірден өзге ешкім білмес...»