Аймақтар • 15 Наурыз, 2024

Іздеу жұмысы тоқырап тұр

107 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Майқайыңдағы ойыққа құлаған құтқарушыларды іздеу жұмыс­та­рының соңы сұйылып барады. Арыстай қос азаматтың туыстары іздеу жұмыстарын тоқтатпауды өтінгенімен, төтенше жағдай қызметінің мамандары бұл іс-шараның ендігі тағдырын алтын кенішінің басшылығы шешуі керек деген байлам жасады. Ал «Майқайыңалтын» АҚ өкілдері өңірлік департамент, керісінше, бар жауапкершілікті бізге артып отыр деген пікірде.

Іздеу жұмысы тоқырап тұр

Акционерлік қоғам ақпан айы­ның соңында кеніштегі ойық астына түсіп кеткен автобус пен оның ішіндегі екі азаматты іздеу жұ­мыс­тарын тоқтатып тастағаны туралы хабарлаған едік. Бас директор Қуаныш Ботиннің айтуын­ша, жер қа­зу жұмыстары барысында қа­уіп­­­сіздікті қамта­масыз ету өте қиын. Ал жобаны әзірлеуші компания жауап­­­кершілікті арқалағысы кел­­­­­­мей­ді. Сәй­кесінше, кәсіпорын қыз­мет­кер­лері іздеуді одан әрі жалғас­тыра алмады.

Автобуста қалған екі адамның біреуі – кәсіби әскерилендірілген ава­­рия­лық-құтқару қызметтерінің РОШ Пав­лодар филиалы құтқару қыз­­меті­нің жедел алдын алу жұмыс­та­ры жө­нін­дегі взвод командирінің орын­­­ба­сары Айдос Шаймерден. Екін­­­шісі – автобус жүргізушісі Айып Ті­леу­бер­генов. Екі айдан астам уақыт та­был­­май жатқан қос азаматтың туыс­тары іздестіру-құтқару жұмыстары тү­бе­­­гейлі тоқтап қала ма деп алаңдап отыр.

Нұрсұлу Шаймерден жолдасы­ Айдос жоғалған күннен-ақ шы­рыл­дап, құтқару жұмыстарын тоқтатпауды өтініп сұрап жүр. Оның сөзінше, қазір «Майқайыңалтын» АҚ мен кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің РОШ Павлодар филиалы арасында бір ерегіс пайда болғандай.

– «Майқайыңалтын»-да геоло­гия­лық сканердің нәтижелері бойын­ша жұмысты тоқтатуға қатыс­ты «СоюзГеоМех» ЖШС-ның ұсыным­дары ғана бар. Бірақ оларға іздеу іс-шараларын жалғастыруға ешкім кедергі болып отырған жоқ. Ал кәсіп­орын басшысы Қуаныш Совет­ұлы «прокуратурадан қоңырау ша­лып, жұмысты доғарыңдар деген пәрмен берілді», дейді. Менің қолымда бар деректерге сүйенсек, инженерлік жоба жасап беруге бір фирма келісіп, қызметі үшін 140 млн теңге қаражат сұраған. Бірақ акционерлік қоғамның бас директорының кеңесшісі Орынжан Қабдолов одан үзілді-кесілді бас тартқан. О.Қабдолов кәсіпорындағы барлық шаруаны өзі жүргізеді, артық қаржы шығындағысы жоқ. Қ.Ботин оның айтқанынан шықпайтын адам, бұл мәселені кенттің барлық тұрғыны жақсы біледі. Оның үстіне бұлар жолдасым табылмай жатқан ойыққа енді адам түгілі, техникаларды аттап бастырмаймыз деп қорқытып отыр. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің басшылығы сараптама жасауға 4,5 млн теңге бөліп отырғанын айтқан, алайда өзге бөлігін «Май­қайың­алтын» бергісі келмепті. Кеніш түбіне ауыр техника түсіруге арнал­ған аппарель жолдың 20 пайызы ғана қалды. Соны аяқтаса, арыстай қос азаматты тез қазып алар еді. Жебесі 19 метрлік экскаваторды да іздеп таптық. Біздіңше, бұл жағдайға баға беретін бірнеше зерттеу ұйымы тартылуы керек. Халықаралық құтқару жүйелерінен көмек сұрауды талап еткен едік, ол да сөзбұйдаға салынып, орын­далмады. Құзырлы органдар бар­лығын жеке меншік иесіне сілтеп, мәсе­леге көз жұма қарап отырғаны бай­қалады. Біздің өтініштеріміздің бар­лығы аяқ­асты етіліп жатыр. Мәсе­лені айтып, бармаған жеріміз жоқ. Президент Әкімшілігінде де болдық. Енді арыз-шағымымызды кімге айтарымызды білмей, шарасыз отырмыз, – деп мұңын шақты Н.Шаймерден.

Ол сөз соңында күйеуінің тірі екенінен еш үміті жоқ екенін, құтқару­шылар мүр­десін қазып берсе, арулап жер қойнына тапсыру соңғы тілегі екенін жет­кізді. Ал жағдай қазіргіден де күрделене берсе, туыстары «Май­қайыңалтын»-ды әрекет­сіздігі үшін сотқа беруге да­йындалып жатыр.

Өңірлік төтенше жағдайлар депар­таментінің бастығы Жасұлан Жұма­шев «жұмысты қайтадан жалғас­тыру үшін заңға сәйкес сараптама таға­йындалып, ойық түбі зерт­телуі керек», дейді. Геоме­хани­­ка­лық, геора­да­р­лық, геофи­зи­ка­лық зерттеулер жүр­гізіліп, оның қо­ры­тындысына сай ин­женерлік-геоло­гия­лық жоба әзір­­ленеді. Ол құтқару жұмыстарына жұ­­мыл­ды­рылатын қызметкерлердің қауіп­­­сіз­ді­гін 100 пайызға қамтамасыз етуге тиіс. Бірақ ол кәсіпорында жоқ көрі­неді.

– Біздің болжамымыз бойынша,­ апат болған күні табылған қос құт­қа­рушы (Сарқыт Бердіқан, Олег Тыш­кевич) автобустың артқы есі­гі­нен құлап кеткен болуы ықтимал. Ал жүргізуші мен тағы бір құт­қа­рушы салонда қалған болуы керек. Жергілікті құтқарушылар кәсі­би­ әскерилендірілген авария­­лық-құт­қа­ру қызметінің қызмет­кер­лерімен бірге бір ай бойы (4 қаңтар – 4 ақ­пан­ аралығы) құтқару жұмыстарын қар­­қынды түрде жүргізіп келгені мәлім. Алайда жер астын радармен барлаған «GRP-Ridder-Group» ЖШС ойық маңайындағы топырақтардың босай бастағанын және жерасты кеңістіктерінің жиілей түскенін ескертіп, жұмыстарды одан әрі жалғастыру адамдар мен техника үшін өте қауіпті екенін хабарлады. Соған орай біз құтқару жұмыстарын ақпан айының басында доғардық. Дейтұрғанмен «Майқайыңалтын» ауыр техниканың көмегімен бүйірлік траншеяларды кеңейтіп, ойықтың түбіне дейінгі аппарелін тереңдете бастаған. Алайда олар жұмысты соңына дейін жеткізбеді. Себебі қол­да­рында инженерлік-геологиялық жоба жоқ. Ал ондай жоба болмаса, олар­дың қызметкерлері тұрмақ, біздің құт­қарушылар да жұмысқа кірісе алмай­ды. Яғни адамдардың қауіпсіздігін то­лықтай өз жауапкершілігіне алатын сараптама керек. Әу бастан-ақ кәсіп­орын басшылығына әуелі ойық түбін­дегі жер жынысына сараптама жүр­гізу керектігі ескертілген. Бірақ олар мұны әлі күнге жасамай отыр. Айту­ларынша, кәсіпорында қаражат жоқ. Ал жұмыстарды түбегейлі тоқтату немесе жалғастыру туралы соңғы ше­шімді кеніш қожайындары ғана айта алады. Заңда табиғат пай­да­­­ла­нушының аумағында болған тө­тен­ше жағдайға субъекті өзі жауап бере­тіні көрсетілген, – деді департамент бастығы.

Сарапшылар алтын кеніші ма­ңында пайда болған ойық жақын маң­да орналасқан жер үйлерге қауіп төндіруі мүмкін екенін де ескерткен. Соған орай 1 наурыздан бастап кентте тех­ногендік сипаттағы төтенше жағ­дай жарияланып, қазір мамандар кентте тексеру, барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Өкінішке қарай, «Май­қайың­алтын» АҚ-тың басшылығы жауап­кер­шілікті арқалағысы келмей отыр­ғанға ұқсайды. Қуаныш Ботин соңғы шешімді біз емес, төтенше жағдайлар органдары айтуы керек деген пікірде.

«Төтенше жағдайларға қатысты қағидалар мен ережелерді қарап шықтым. Онда апат орын алған жерді қоршау мен күзету – кәсіп иесінің жауапкершілігінде деп қана көрсетілген. Біз аумақты қоршап, басына күзет қойдық. Инженерлік жобаны әзірлеуге міндетті емеспіз. Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті барлық кінә мен жауапкершілікті бізге артып қойғысы келетіні байқалады. Кәсіпорын басшылығы жұмыстарды тоқтату туралы шешім шығара алмайды, себебі ол біздің құзырымызға енбейді. Менің ойымша, құтқару­шылар қолдарынан ештеңе кел­мей­тінін біліп, сырғып кетті. Оларға бұл жұмыстарды жалғастыра беруге болатын еді. Бізде авариялық-құтқару шара­ларымен айналысатын кәсіби әрі білікті мамандар жоқ. Қандай жұмыстар жүргізу керектігін де білмейміз. Бұған дейін аппарель жолды туыстарының өтініші бо­йынша салған едік. Бірақ әрі қарай жалғастыра алмаймыз, себебі бізге ешкім рұқсат бермейді», дейді ол.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қонаев атындағы тау-кен ісі инсти­тутының мамандары кеніш шахталарына түсіп, олардың шахтерлер үшін қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп жатыр. Мамандар оң шешім шығарса, сәуір айында кеніш қайтадан жұмы­сын жалғастыруы мүмкін. Кеніш басшылығы егер шахта қайта іске қосылатын болса, құтқару-іздестіру жұмыстарына ешқандай кедергі болмайтынын нақтылады. Себебі кен қазылатын шахта забойлары өзге бөлігінде орналасқан. Сондықтан алтын өндіретін компания оң шешім қабылдаса, топырақ астында жатқан құтқарушылардың мүрдесін жоғарыға алып шығуға әбден болады.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Майқайың кенті