Үкімет • 15 Наурыз, 2024

Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты

93 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі бірқатар стратегиялық маңызды нысан мен тарихи-мәдени орынға арнайы барды. Үкімет басшысы әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, Мемлекет басшысының сәулет өнерінің жарқын үлгісі әрі ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдениеттің бірегей мұрасын сақтау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысты.

Өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістанның сәулет-тарихи кешенінің бірі, оған жыл сайын 1 млн-нан аса адам келіп, зиярат етеді. Кесененің тиісті жай-күйін сақтау жөніндегі жұмыстар табиғи жағдайлардың әсеріне байланысты және бірегей сәулет ескерткіші мен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра нысанының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айынан бас­тап жүргізіліп келеді. Бүгінде кесенеде сыртқы орта мен кли­маттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған. Ғылыми-реставрациялық жөн­деу жұмыстары жалғасып жатыр. Үкімет басшысы мәдени ес­керткішті сақтау бойынша жүр­гізіліп жатқан жұмыстардың маңызды екеніне тоқталды.

«Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Мемлекет басшысы кесененің тарихи келбетін сақтауға қатысты тапсырма берді. Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Кесененің жай-күйін ерекше бақылауда ұстау қажет», деді О.Бектенов. Премьер-министр жүргізіліп жатқан жұ­мыстарға Үкімет та­ра­­пынан барлық қолдау шаралары көрсетілетінін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-министр Кентау қаласындағы жылу орталығы мен трансформатор зауытының жұмысымен танысты. 1934 жылы салынған Кентау ЖЭО – қала тұрғындарын орталықтандырылған жылу­мен қамтамасыз ететін стратегия­лық нысан. Мұндағы жабдық­тың тозу деңгейі 87%-ды құрайды. Аталған нысанда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жыл бұрын жүргізілген.

Осыған байланысты Мемле­кет басшысының тапсырмасымен Кентау тұрғындарын және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақ­сатында «Кентау қ. ЖЭО «№7, 8, 9, 10, 11, 12 қазандықтарын күр­делі жөндеу» жобасы әзірленіп, мем­лекеттік сараптаманың оң қоры­тындысы алынды. Бұған де­йін демеушілер есебінен ұзын­дығы 4,7 шақырымды құрайтын жылу магистралі, төрт қазандық жөнделді. Биыл сәуір айында қалған екі қазандықты жөндеу жұмыстары басталады, аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы.

«ЖЭО-дағы электр энер­гия­сының генерациясы орталықтың өз қажеттіліктерін өтеуге де жет­пейді, ал тариф күрделі жөн­деу жұмыстарын жүргізуге мүм­кіндік бермейді. Осыған байланысты Энергетика, Қаржы ми­нистрліктеріне жылумен қамту қызметтерін сапалы ұсыну, ал­дағы жылыту маусымының тұ­рақты өтуін қамтамасыз ету мақ­сатында жөндеу жұмыстарын қар­жыландыру нұсқаларын қарас­тыруды тапсырамын», деп атап өтті О.Бектенов.

Сондай-ақ Үкімет басшысы Кентау трансформатор зауы­ты­ның өндірістік цехында болды. Бұл – 700-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырған Кентау қаласындағы негізгі ірі әрі қала құраушы кәсіпорын. Зауытта жалпы мақсаттағы және электрлендірілген теміржол көлігі үшін күштік трансформаторлар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы стансалар шығарыла­ды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 20 мың өнім бірлігін құ­райды, бұл ретте өнімнің 30%-ы экспортқа шығарылады.

Кәсіпорында О.Бек­тенов шығарылатын өнімдердің техни­калық сипаттамалары мен конструкциясын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тармен, зауыттың өндіріс­тік қуатын кеңейту шараларымен танысты. Нәтижесінде, Премьер-министр отандық электр жаб­дық­тарын өндіруші үшін қосым­ша өндірістік жүкте­ме­нің ма­ңыздылығын атап өтті. Соны­мен қатар кәсіпорын өнді­рісті кеңейту және ұлғайту, техно­ло­гиялық операцияларды жаңғыр­ту және цифрландыру бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауға тиіс.

Мұнда Үкімет басшысына өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндалды. Қазіргі таңда 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Жалпы құны 2,2 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны іске асыру 17,7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде биыл 116,8 млрд теңгеге 44 жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, күкірт қышқылын өндіру, жүгеріні терең өңдеу зауыттарын салу жобалары, мақта-тоқыма кластерін құру жоспарлары таныстырылды. Сонымен қатар өңірде сыйымдылығы 4 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасының құрылысы басталды.

Премьер-министр инвестор­ларды белсенді тарту үшін қо­лайлы бизнес-климат қалып­тастыруда әкімдікке барлық қажетті шараларды қабылдау, оның ішінде шағын өнеркәсіптік парктер мен арнайы индустриялық аймақтардың аумағын кеңейту міндетін қойды.

Сондай-ақ О.Бектенов Түркі­стан облысының су инфра­құры­лымы нысандарына барып, өңір­дің гидротехникалық құры­лыс­тарын жаңғырту барысымен танысты, сондай-ақ АӨК-ті дамыту шаралары туралы есепті тыңдады.

«Тұран су» кəсіпорнында облыс аумағындағы су нысандарын күрделі жөндеу мəселесіне назар аударылды. Кəсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистралдық жəне 103 шаруашылықаралық канал бар. Үкімет басшысына Түркістан облысындағы тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді қалпы­на келтіру жөніндегі кешенді жос­парды орындау шаралары баян­далды. Бүгінгі таңда əкімдік бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 17 су нысанына жобалық-сметалық құжаттама əзірледі. Сондай-ақ сыйымдылығы 68 млн текше метр «Бəйдібек ата» жəне сыйымдылығы 45 млн текше метр «Боралдай» су қоймаларының құрылысы жүріп жатыр.

Кентау қаласындағы «Қос­қорған» су қоймасының аумағын­да О.Бектенов гидротехника­лық құ­рылыстың жағдайымен таныс­ты. 2021-2022 жыл­дары жүрг­ізіл­ген зерттеу қорытынды­сында су қой­масының жай-күйі қанағат­танарлықсыз екені анық­талды. Осыған байланысты жобалық-сметалық құжат­та­ма əзірленіп, «Қосқорған» су қой­масына күр­делі жөндеу жүргізу­ге мемлекет­тік сараптама оң қоры­тынды бер­ді. Сонымен қатар Үкімет басшысына Түркі­стан облы­сында 18,5 млн текше метр суға ар­налған «Кеңсай-Қос­қор­ған-2» су қой­масы салын­ғаны ту­­ра­лы баяндал­ды. Биыл «Бəи­̆­ді­бек ата» су қои­̆масы­ның құ­ры­­лы­сы бас­талады, ол бола­шақта Бө­ген су қой­масын тол­тыру кезін­де рет­­теу­ші ретін­де жұмыс істейді. Нəти­жесінде, вегетация­лық ке­зеңде қосымша 68 млн тек­ше метр су жеткізіледі, бұл облы­стың 6 ауданы мен қаласын суар­ма­лы сумен қамтамасыз етуге кепілдік береді.

«Негізінен су тапшылығы елдің оңтүстік өңірлерінде қалып­тасып отыр. Бұл ретте осы проблема біздің республикада ғана емес, көрші мемлекеттерде де бар. Ең бастысы – суды үнемдеуіміз керек. Мемлекет басшысы айтқандай, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл – барлық ұйым қатысу­ға тиіс маңызды міндет», деді О.Бектенов. Оған қоса Үкімет бас­шысы жобаларды уақтылы қар­жыландыру жөнінде шаралар қабылдау, сондай-ақ қосымша су қоймалары мен ирригациялық каналдарды кезең-кезеңмен салу мəселесін пысықтау тапсырылды.

Сонымен қатар О.Бек­тенов «Түркістан Агро XXI» кə­сіп­орнының аумағындағы егіс алқабын аралап көрді. Премьер-министр заманауи суару жү­йелерін тексерді. Бүгін­де су шашырату технологиясы 733 га жерге орнатылды, бұл көр­сеткішті 1 000 га жерге жет­кізу жоспарланып отыр. Осы жер учаск­есін жемшөп базасымен қам­тамасыз ету мақсатында жыл са­йын жоңышқа, жүгері сүрлемі жəне күздік бидай егу бойын­ша көктемгі жəне күзгі дала жұмыстары жүргізіледі.

Мұнда Үкімет басшысына өңірдегі агроөнеркəсіп кеше­нін дамыту жəне АӨК саласын­дағы инвестициялық жобаларды іске асыруда қа­был­­данып жатқан шаралар, сон­дай-ақ көктемгі дала жұ­мыс­тарының барысы туралы баян­далды. Түркі­стан облысы ауыл ша­руашы­лы­ғы­ жалпы өнімінің 13%-ын қамтама­сыз етеді. Мұнда бар­лық агроқұры­лымның 35%-ы немесе 80 мыңнан аса нысан жұ­мыс істейді. Еліміздің суармалы алқабының төрттен бір бөлігі Түркістан облысында орналасқан.

Түркістан облысы əкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы 2024-2026 жылдары өңірде АӨК саласында жалпы сомасы 507 млрд теңгеге 8,3 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 105 жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. Оның ішінде биыл құны 114 млрд теңге болатын 45 жобаны іске асыру көзделген. Бұдан басқа Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында облыс­та биыл 22 мың га-ға, одан əрі 2028 жылға дейін 216,3 мың га-ға кеңейте отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу көзделген.

«Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруа­шылығы тауарын өндірушілерді қолдауға қомақты қаражат бөледі. Біз АӨК-те жобаларды іске асыру­ға əрі қарай да жəрдем көр­се­теміз. Алайда бюджет қаража­тын барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өткім келеді», деді О.Бектенов.