Спорт • 15 Наурыз, 2024

Ассамблея жастары ұлттық ойындардан сайысты

103 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Амал – ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын мереке. Бұл күні елдің бірлігін, халықтың берекесін арттырып, жұрттың көңілін көтеру мақсат етіледі. Осы мереке арқылы мемлекеттің тұтастығын сақтау, түрлі ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының дәстүрін, өркениеті мен өнерін, тарихы мен түп тамырын таныту көзделеді, деп хабарлайды Egemen.kz Ассамблеяның Қызылорда облыстық  баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ассамблея жастары ұлттық ойындардан сайысты

Фото: Ассамблеяның Қызылорда облыстық баспасөз қызметі

Мерекені Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері дәл осылай қарсы алды. Олар бұл күні «Naman Ata» спорттық кешенінде қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеп, сайысқа түсті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біз қазіргі заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, ұлттық болмысымызды жаңғыртуға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Осы ретте мереке қарсаңында өңірлік «Ассамблея жастар» ұйымы - ұлттық болмысты жаңғыртуға үлес қосып жатыр. Ұлттық ойындардың бірі садақ атуды дамыту, ұлт руханияты мен саулығына жанашырлық деп білеміз», деді «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай.

Ал садақ атудан жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген «Ассамблея жастары» ұйымының белсендісі Вероника Русланованың айтуынша садақ ату – омыртқаны шынықтырып, оның түрлі дертке шалынуының алдын алады.

Сайысқа оннан аса этнос жастары қатысты. Садақшылар 10 метрден 25 метрге дейінгі қашықтықта мергендік шеберліктерін танытты. Айта кету керек, этнос жастары садақ атудан бөлек арқан тарту, асық ойнаудан да жарысқа түсті.

Үздік мергендерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.