Қоғам • 15 Наурыз, 2024

Ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болды - Президент

430 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев ел бірлігін нығайтудағы Наурыздың мәніне тоқталып, «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында наурызды жаңаша тойлауды ұсынғанын айтты, деп жазады Egemen.kz.

Ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болды - Президент

Фото: Ақорда

«Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз.

Мысалы, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болады. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады. Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», деді Қ.Тоқаев.

Президент ұлттық киім кию үрдісін насихаттау дәл қазір өзекті екеніне назар аударды. 

«Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.