Аймақтар • 15 Наурыз, 2024

Тарихи мұраларымыз түгенделмек

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет дамуына бастайтын маңызды міндеттер сараланды. Құрылтайда Президент тілге тиек еткен тарихи-мәдени құндылықтарымызды насихаттау мен қорғау ісіне қатысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Харипова пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тарихи мұраларымыз түгенделмек

Ұлт қаймақтары бас қосқан ордалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар, рухани-мәдени өрістеуіне негізделген маңызды мәселелерге назар аударды. Еліміздің өткені мен бүгіні һәм болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатқанына назар аударған Мемлекет басшысы: «Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз қажет... Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек...» деп атап өтті.

Өткеннен өнеге алмай, келешекке керуен тарту мүмкін емес. Ұланғайыр даламыздағы тарихи маңызы жоғары жәдігерлер мен нысандар – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы қолда бар құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауға мән беру керектігін баса айтқаны көңіл тоғайтады. Тасын түртсең тарих сөйлейтін шежіре даламыздың қойнауында мұндай қасиетті орындар аз емес. Оларға айрықша маңыз бөліп, ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеу жұмыстарын қолға алған абзал. Әлемнің озық елдері өз тарихымен, көнеден қалған асыл мұраларымен мақтанады. Мәселен, бауырлас түрік еліндегі ежелгі сәулет, халқына дәулет әкеліп жатқанын жақсы білеміз. Осыны тереңнен зерделеген Президент, тарихи жәдігерлерді қорғаудың кешенді шараларын қолға алуды тапсырды.

Құрылтай отырысында тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келтіретін шараларды қолға алу керектігі, кейбір тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандырудың маңыздылығы баса  айтылды. «Тіпті ондай мүмкіндік болмаса, еліміздегі мұражайларға қою үшін жәдігерлеріміздің дәлме-дәл көшірмесін жасау керек», деді Президент. Мәдениет саласындағы Құрылтай мүшелеріне бұл мәселеге айрықша мән беру тапсырылды.

Бұл міндеттердің жүйелі жүзеге асуы – ұлттық бірегейлігімізді нығайтатыны анық. Себебі тарихы мен мәдениетіне мән берген халықтың қай кезде де ұпайы түгел. Аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруға ел музейлерінің жетекші мамандары да жұмылуға тиіс.