Театр • 17 Наурыз, 2024

Елорда театрларындағы ерекше той

96 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын тойлауды елордалық теа­трлар да бастап кетті. Соның бірі – «Астана опера». Тамаша дәстүр-жоралғыларды жарқырата көрсеткен ұйымшыл ұжым бүкіл елмен бірге ұлық мейрамды көтеріңкі көңіл күйде атап өтті.

Елорда театрларындағы ерекше той

«Көрісу күні шуақты көктем­нің алғашқы күндерімен сәйкес келеді. Мұны қазақ халқының даналығымен келген мейрам деп есептеймін, оның тарихы тереңде жатыр. Ертеде күзеуден қыстауға көшіп жүрген ата-бабаларымыз күн жылып, қар еріген шақта алыстағы ағайынмен са­ғы­ныса қауышып, амандық сұ­рас­қан. Сондықтан да айтулы мереке адамның бойындағы ең ізгі қасиеттерді оятады, қоғам­да, ұжымда бір-бірімізге деген сыйластығымызды арттырады», деген театрдың опера труппасының директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Мейір Байнеш Көрісу кү­нінің халқымыздың ең көне дәстүрлерінің бірі саналатынын айта келіп, оның мән-маңызына да тоқталды.

Иә, Көрісу күнінің қазақ өмі­рі­нен, дүниетанымынан алар ма­ңызы зор. Қытымыр қысты өткерген ағайын бұл күні бір-бірінің үйіне қонаққа барып, төрт құбыласын түгендеп, амандық сұрасады. Үлкендер жастарға бата беріп, «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деген тілектер айтылады. Айтулы мереке, әсіресе, еліміздің батыс өңі­рін­де кеңінен таралған. Бұл жақта оны «Көрісу айт», «Көрісу амалы» деп те айтып жатады. Осы ретте Оралда туып-өскен, қазіргі таңда «Астана опера» театры балет труппасының солисі болып еңбек ететін Сұлтанбек Ғұмар Көрісу күнін батыс аймақтарда қалай қарсы алатынын айтып берді.

«Бұл мереке маған бала кү­нім­нен таныс. Оқушы кезімде 14 наурыз келгенде мектептер өзара араласып, түрлі іс-шара өткі­зе­­тін едік. Жалпы, батыста Көрі­су айт жақсы тойланады. Дәл осы күні барлық туған-туыс: аға-жеңгелер, келіндер, немере-шө­бе­релер әулеттің үлкені саналатын ата-әжеміздің шаңырағына жиналып, хал-жағдай сұрасады, ақ дастарқан басында тілектерін айтады. Мұндағы мақсат – туыс­ты біріктіру, бір атадан тараған ұрпақтарды бір-бірімен таныс­тыру, араларындағы достық пен татулықты арттыру. Дана хал­­қымыз не істесе де, бәрін бі­ліп істеген ғой. Қазір шетте жүр­­сек те, мүмкіндігіміз келген­ше жа­­қын­дарымызға хабарласып тұ­ру­ға тырысамыз», деді Сұлтанбек Ғұмар.

Театр әртістері атап өткендей, Көрісу күні секілді ізгі мейрамдар адамдарды жақындастыра түседі. Ал ең бастысы осындай мере­келер арқылы біз өзіміздің ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды сақтап қа­ла­мыз және оның ұрпақтан-ұр­пақ­қа жетуіне ықпал етеміз.

«Барлығыңызды келіп жеткен Көрісу күнімен шын жүрек­тен құттықтаймын. Отбасы­лары­ңызға тек ынтымақ-бірлік, мол­шы­лық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілей­мін. Бар қиыншылықты, уайым мен өкпе-ренішті артта қалдырып, жаңа жылға жақсылықпен, қуа­ныш­пен қадам басыңыздар. Әділетті Қазақстанымыз көр­ке­йіп, халықтың әл-ауқаты жыл­дан-жылға артып, әлемнің озық елде­рі­нің қатарынан көріне бе­ре­йік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», деп «Астана опе­ра­ның» жетекші солисі, Қа­зақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері Жанат Шыбықбаев барша Қазақ еліне өзінің ақжарма тілегін жет­кіз­ді.

Бұл тамаша дәс­түрден М.Горький атындағы ака­­демия­лық орыс драма театры да қалыс қалмады. Театр директоры, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Айболат Жаудырдың бастамасымен театр төрінде «Сәлем, Наурыз!» атты көрме ашы­­­лып, ұжым қызметкерлері Наурыз мерекесінің тарихымен та­нысып, ұлттық ән мен биден шашу шаты.

«Наурыз – қазақ үшін қасиетті мейрам. Мұның еліміздің төрін мекен еткен өзге ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында ұйыстырып, береке мен бірлікте жарасымды өмір кешуіне де ықпалы зор. Наурыз – мейірім мен қамқорлық, бауырмалдық пен ізгілік, амал мерекесі», деп атап өтті  Айболат Жанғалиұлы.

Осылайша, елорданың мәде­ни мекемелері Көрісу күнін зор қуанышпен қарсы алып, театр­ларының төрінде Ұлыстың ұлы күнін тойлауды мере­ке­лік көңіл күйде бастап кетті.