Ғылым • 18 Наурыз, 2024

Септесетін серіктес табуға мүмкіндік алаңы

175 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада ғылым мен биз­нестің байланысын бекі­туге бағытталған ашық алаң ұйымдастырылды. Іс-шараға 100-ден аса зерттеуші және кәсіп­кер қатысты. Осы ар­қылы ғалымдар инвес­торларға өздерінің өн­ді­ріске енгізуге болатын жұмыстарын та­ныс­ты­руға және жоба­ларын іске асыруға сеп­тесетін серіктестер табуға мүм­кіндік алды.

Септесетін серіктес табуға мүмкіндік алаңы

Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ғылым қоры мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті бірлесіп ұйымдастыр­ған диалог алаңында отандық зерт­теушілер негізінен құры­лыс және жол-құрылыс салала­рындағы жобаларын таныс­тыр­ды. Олардың әрбірі әлеуе­ті жоғары серіктестер мен ин­весторларға ғылыми әзірле­ме­лерінің коммерциялық құнды­лығын жеткізуге тырысты.

Жиында сөз алған «Ғылым қоры» басқармасының төр­аға­сы Камиль Ақатов: «Ста­тистикаға сүйенсек, 50-ден аса реактор қатысушылары Ғылыми және ғылыми-техни­калық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру конкурсына қатысып, Ұлттық ғылыми кеңестің іріктеуінен сәтті өте­ді. Аталған алаң ғы­лым мен кәсіпті интеграциялау­да өз тиім­ділігін көрсетеді, сон­дай-ақ қолданбалы ғылыми жоба­лар кәсіпке бағытталған экономиканы құруға мүмкіндік береді», деді.

Ғалымдар ұсынған иннова­циялық өнімдердің қатарында күрделі топырақ жағдайында құрылыс алаңдарына инженер­лік-геологиялық зерттеулер жүр­гізу кезінде геоақпараттық мәліметтер базасын пайдалану технологиясын, дірілсіз техно­логияны пайдаланатын те­мір-бетон бұйымдарды, те­мір­­-бетонды қадалар, виброа­кустикалық бақылау жүйесі бар құрылыс алаңдары үшін қатты еден плиталарын, беріктігі және көтергіштігі жоғары қадаларды өндіру технологиясын, жол бел­гілеріне арналған еріткіште еритін бояу, құрамында күкірті бар құрылыс материалдарын атап көрсетуге болады.

«Коммерцияландыру реак­торы және осыған ұқсас диалог алаңдары – ғалымдар мен кәсіпкерлер үшін ғылы­ми же­тіс­тіктердің нәтижеле­рін не­ғұр­лым сапалы әрі тиім­ді ком­мерцияландыруға, сондай-ақ өндіріске енгізу үшін ынты­мақ­тастықты жолға қоюдың жақсы мүмкіндігі. ЕҰУ экономиканың нақты секторындағы кәсіппен және ірі кәсіпорындармен ын­ты­мақтастықты белсенді түр­де кеңейтіп келеді. Қазір 3D прин­терлерді құрастыру бо­йынша шағын өндірістер құру, сондай-ақ шетелдік зерт­­теушілермен бірлесіп өнер­кәсіп қалдықтарымен геополимерлі бетондар шы­ғару бойынша тех­­ноло­гия­лық желіні орнату жө­нінде жұмыстар жүргізі­ліп жа­тыр», деді ЕҰУ-дың ғы­­лым, ком­мерцияландыру жә­не интернационалдандыру жө­нін­дегі проректоры Жанна Құр­ман­ғалиева.

Құрылыс алаңдарының виб­ро­акустикалық монито­рингі жүйе­сін әзірлеу жобасы автор­­ла­­рының бірі – ЕҰУ про­фес­соры, PhD, Елбек Өтепов­тің нұс­қауынша, ұсы­ныл­ған жүйе жылу карталары түріндегі геогра­фия­лық ақпараттық жүйе-де динами­калық визуализацияға және қала инфрақұрылымына – iKomek, eOtinish интеграция­лауға мүмкіндік береді. Келе­сі технологияның артықшы­лы­ғы – дірілсіз технология ар­қы­лы темір-бетон бұйым­да­­рын шығару. Мұны Қ.Сәт­паев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық зерттеу универси­те­­тінің магистрі Ильнура Ма­диярова ұсынды. Ол жаңа те­мір-­бетон бұйымдары – жылу магистралдық науалар, суару және суару арықтары ді­ріл­­сіз технология бойынша шыға­ры­латынын айтты. Мұндай бұйымдарды пайдаланған кез­­­­де арматуралық жақтау және кіріктірілген бөліктер қоз­­ғал­майды, бетон қоспасы бір­текті болады, осылайша ақау­ларды болдырмай, эколо­гиялық таза болады және діріл­дің зиянды әсерін жоя­ды. М.Х.Дулати атын­дағы Тараз өңірлік универ­ситетінің магистрі, жоба авторы, инженер Ерлан Әтенов, тұрғын-үй құрылысына арнал­ған темір-бетон қадаларды өнді­ру бойынша ұсынған әзірлеме­сінің артықшылығы ретінде олар­дың көтергіштігінің жоға­ры болуы, темір-бетонды тұты­нудың азаюы, қысқа қадалар­ды пайдаланудың қарапайым­дылығын, сәйкесінше, аз қада машиналарымен және габа­ритті көліктермен жұмыс істеу тиімді­лігін атап өтті.

Жиын соңында коммер­ция­ландыру реакторына қа­тысқан сарапшылар, ғалым­дар, Қазақстан құрылысшылар одағының «KZ Stroyexpert» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің, «QazGem» қа­зақстандық цемент және бетон өндірушілер қауымдас­тығының, Қазақстан құрылыс қауымдастығының, Қазақстан автоклавты газдал­ған бетон өндірушілер қауым­дас­ты­ғының өкілдері және басқа да мүдделі тараптар арасында ын­тымақ­тастық және жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы алдын ала келісім­дер жасалды.