Аймақтар • 18 Наурыз, 2024

Мектеп оқушысы зардап шекті

127 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Керекуде әлдебір аудан әкімінің ұлы 7-сыныпта оқитын қызды ұрып, мұрнын сындырған. Бұл туралы зардап шеккен қыздың анасы Instagram-дағы парақшасында жариялады. Ол прокуратура мен облыс әкімінен бұл іске араласып, кінәлі тарапты қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап отыр.

Мектеп оқушысы зардап шекті

Фото: ru.freepik.com

Оқиға қаңтар айында болған. Пав­лодар қаласындағы №8 лицей­дің 6-сыныбында оқитын ер бала 7-сыныптағы қызды соққының астына алып, мұр­нын сындырған. Өзін Татьяна деп таныс­тырған қыздың анасы бұл жағдайға прокуратура мен өзге органдар құқық­тық тұрғыдан дұрыс баға беруді, ұл­дың ата-анасына қатысты қабылданған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулының күшін жоюды сұрап отыр.

«7-сыныпта оқитын қызыма 6-сыныпта оқитын ер бала дене жарақа­тын салып, мұрнын сындырған. Сондай-ақ ол қызыма жеті рет ауыр соққы жа­са­ған. 16 наурыз күні қызымның мұ­рын сү­йе­гі екінші мәрте түзетілді. Прокуратура ­органдарынан әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы қаулының күшін жойып, ер баланың ата-анасын Қылмыстық кодекстің 140-бабымен жауапқа тар­туды сұраймын. Мәселеге облыс әкімі Аса­йын Байхановтың да назар ауда­руын өтінемін», деді өзінің Instagram-дағы бейнежазбасында Татьяна.

Оның сөзінше, 6-сынып оқушы­сының анасы өңірлік кәсіпкерлер палатасында жұмыс істейді, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал әкесі облыстағы аудандардың бірінде аудан әкімі болып қызмет ететін көрінеді. Ер балаға ата-анасы дұрыс тәрбие бере алмай отыр деп есептейді.

Павлодар облысы полиция депар­таментінен хабарлағандай, оқиға салдарынан қыз ауруханада жатып шыққан, сараптама келтірілген дене жа­рақатының жеңіл дәрежеде еке­нін анықтаған. Жас­өспірім заң ал­дында жауап беретін жас­қа жетпе­ген­діктен ата-анасын әкімшілік жауап­кершілікке тарту туралы іс мате­риалы сотқа жолданған. Заңнамаға сәй­кес ата-анасының біріне 20 айлық есеп­тік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу ­немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу туралы қаулы шығарылуы керек.

Полициядағылар зардап шегуші тарап материалдық шығын өндіріп алу үшін азаматтық сотқа шағымдана ала­тынын ескертті. Ал өңірлік білім беру басқармасы бұл оқиғаны назарда ұстап отырмыз деп сендірді. Мектеп басшылығы екі тараптың да ата-аналарымен кездескен. Ендігі ретте ата-аналар бұл жайтты құқықтық тұрғыдан шешпекші. Білім беру бас­қармасы өз тарапынан қызметтік тексеріс жүргі­зіп, қорытындысына сәйкес іс-шаралар қабылдайды.

 

Павлодар облысы