Байқау • 19 Наурыз, 2024

Қыздың көркі – тақия

102 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұжымы Ұлттық киім күніне орай өткізген байқауда жергілікті мектептерде оқитын 9 ісмер қыз өз туындыларын таныстырды.

Қыздың көркі – тақия

Сайыстың «Тақиялы қыз – трендте» деген атауының өзі ұлт­тық бас киімді жас ұр­пақ ара­­сында насихаттауды мең­зейді.

«Біздің музейіміз әрдайым мектеп оқушыларының ұлттық киімге қызығушылығын арт­тыруға ден қойып келеді. Би­ыл­ғы Наурыз мейрамына орай қыз балалар арасында тақия тігуден ауқымды сайыс өткізіліп жатыр. Тақия тігу өнерін насихаттау арқылы қыз балаларды ұлттық қолөнерді күнделікті өмірде қолдана білуге үйрету, шығармашылыққа жетелеу, ізденісін дамыту, қазақтың ұлттық киіміне деген жастар­дың зейін қоюшылығын арттыру көзделді», – дейді Бұқар жырау музейі бұқаралық ұйым­дастыру бөлімінің басшысы Жанар Оспанова.

Сайысқа қатысқан тоғыз үміткер өздерінің тігіп әкелген тақияларын қазылар алқасының назарына ұсынып, жұмыстарын қорғап шықты. Жасалу жолдары мен тігіс әдістерін, тақия­ның қазіргі замандағы маңыз­дылығын баяндады.

Жас дарын мектебінің 6-сынып оқушысы Нұрай Өмір­әлі байқауға тігіп әкел­ген үкілі тақиясын күміс әше­кей­­лермен, түрлі-түсті мон­шақ­тармен безендіргенін жет­кізді. «Әртүрлі таспалармен өрнектеп, үкінің қауырсынын тақтым. Бас киімнің дизайнын ұстазыммен ақылдасып, ал қа­жет материалдар мен әшекей заттарды анам алып берді. Үйде бірнеше тақиям бар, мерекелік іс-шараларда үнемі киіп шы­ғамын. Маған ұлттық бас киім ұнайды. Анамның айтуынша, ертеде қыз балалар басынан тақиясын тастамаған», деп өз ойымен бөлісті жасөспірім қыз.

Қазылар алқасының құра­мында оқушылардың өнерін ба­ғалаған Ғалия Сұңға­това жас ісмерлердің талабы көңілден шығатынын жеткізді. Ғалия Балтабайқызының өзі жастарды қолөнерге баулып, қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап жүр. Ісмер жанның қолынан шыққан ерекше бұйымдары Гиннестің рекордтар кітабына енген. Бүгінде ол – «Кәусар бұлақ» ата-әжелер мектебінің төрағасы.

«Тақия – қыз баланың тал­ғамын оятып, сенімін қалып­тастырып, бойының сұңғақ болып өсуіне әсер етеді. Ертеде хал­қымыз қыздарына 3 жасынан бастап тақия кигізген, бас жасқа толғанда шашын өріп, шолпы таққан. Бойжете бастағанда кәмшат бөрік кигізген. Тақия қызыл, алқызыл, күлгін, жасыл түсті барқыт матадан тігі­ліп, моншақ-маржандармен әше­кейленген. Соған орай оның зерлі, үкілі, оқалы, сырма, шошақ төбе және т.б. түрлері бар», – дейді әжей.

Байқаудың екінші кезеңіне іріктелген 5 қатысушы тақия­ны дайын сұлбаларымен әше­кейледі.

Қазылар алқасының шеші­мімен үшінші орынды Қ.Бек­қожин мектебінің 9-сынып оқушысы Даяна Қайрула иеленсе, екінші орынды Айару Бәкен (Қ.Бекқожин мектебінің 7-сынып оқушысы), бірінші орынды Жас дарын мектебінің өкілі Жәния Әуезова жеңіп алды. Ал бас жүлдеге Нұрай Өмірәлі ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

ПАВЛОДАР