Қоғам • 22 Наурыз, 2024

Ізгілікті жас жүрек

142 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз – ас ішіп, аяқ босататын көп мейрамның бірі емес, ізгілік пен мейірімге үндейтін, тәрбиелік мәні зор мереке. Осы күндері қарияларға қолғанат болып жүрген қаршадай балаларды көргенде ел ертеңіне деген сенімің беки түседі.

Ізгілікті жас жүрек

Қар көп жауған жылдары көгілдір көктем өзімен бірге біршама қиындықты ерте келетіні бар. Облыс орталығының іргесіндегі Застанционный кенті қасат қарға мелтектеп, тұр­ғындардың ауласы толып, жаяу жүргін­шінің жолы тарылып қалады. Мұндай жай әсі­ресе жалғызілікті адамдар үшін қиын. Кент­­тегі мектеп оқушылары қолы қысқа адам­­дар­ға көмектесіп жатыр. Ізгілікке толы жас жүректердің шарапатын көріп жатқандар да аз емес.

–Үш жылдан бері мүгедекпін. Балаларым Ресейге көшіп кеткен, –  дейді кент тұрғыны Светлана Горст, –  кейде көршілерім де көмек қолын созып жатады. Азық-түлік әкеліп береді, дәрі-дәрмекке де мұқтажбын. Ал ауладағы қарды тазалауға шамам келмейді. Тазаламай тағы болмайды. Көлкіген көп су ішке еніп кетуі де мүмкін. Ауладағы қар бір еріп, бір қатып, көк мұзға айналып қалды. Не істерімді білмей отыр едім, мына айналайын балалардың келіп, тазалап жатқанын көргенде жүрегім елжіреп кетті. Алты ай қыс аяздан тоңған жүректі қаршадай балалардың ізгілікке толы жүрек лүпілі жылытып жатыр.

Кейуана айтса айтқандай, өткен жылғы көктемде еріген қар суы үйдің ішіне де еніп кетсе керек. Сәл еңісте тұрғандықтан жол жиегіндегі жылғалардан сыздықтап аққан қызыл судың алдын алып тазаламаса, құлдилай құлап, лап бергелі тұр.

– Біз әжейдің ауласын тазалап бердік, – дейді №14 мектептің оқушысы Азамат Стал, – жалғыз осы үйдің ғана емес, әлі де бірнеше үйге көмек көрсетуіміз қажет болып тұр.

Қала әкімшілігінің ақпаратына қарағанда, кенттегі қар тазалау қыс бойы жүргізіліп келеді. Күні бүгінге дейін 5 мың текше метр қар шығарылыпты. Көктем сайын бей­­нетті белшесінен кешетін кенттің жер­асты суы көлкіп тұр. Қар суының бірден сіңіп кет­пейтіні де сондықтан. Мұндай кез­де тия­нақты жұмыс істемей тағы болмай­ды. Үл­кендердің үлгермей жатқан ісін бала­лардың жалғастырғаны жарасымды көрінеді екен.

 

Көкшетау