Тұлға • 22 Наурыз, 2024

Атақ пен абырой

640 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Айтулы қазақ балуаны, Қа­зақ­­станның Еңбек Ері, Олим­пиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіров 33 жасында спорттағы карьерасын аяқтады. Ол Крас­ноярскіде өткен КСРО чемпионатында жанарынан от ұшқындап үлкен спортпен қоштасып тұрып:

Атақ пен абырой

– Жастардың көбі «бай болсам» деп армандайды. Бірақ Алла Тағала бәрін бостан-бос бере бермейді. Жас кезден көптің сенімін ақтай отырып, биік шыңдарға шығуға талпыну керек, тер төге, еңбек ете жүріп алдыңа қойған мақ­сатқа жету керек. Әрі қарай бәрін халық көтереді. Байлық та келеді, атақ та келеді. Халық өзі құрметтейді, өзі мәпе­лейді. Өзі көтереді, өзі бағалайды, – деген болатын. Орда бұзар жастағы Жақсылықтың басқаларға өнеге болатын сөзі, парасатты ой. Қазіргі өскелең жас­тар замандастарына осындай ой тастай ала ма екен?

«Соңғы жылдары «Қазақстанның құрметі азаматы» деген атақ пайда болды. Ол атақты кім беріп жатқанын білесіз бе? Әрине, Мемлекет басшысы немесе Үкімет басшысы емес, Парламент те емес. Қазақтың атаққұмарлығын біліп ал­ған, пайданың көзін тапқан ресейлік жеке кәсіпкерлер тобы әлгі атақты ойлап тауып, жылтыр металдан орден шыға­рып, баспаханадан көз тартар қатырма куәлік бастырып, әрқайсысын 1,5–1,75 миллион теңгеге «сыйлап» жатыр. Ол «жоғары да құрметті атақ» жылына 20-30 қазаққа беріліп, орден әлгілердің жүректерін «жылытып жүр». Қазақтар арасында құдды атақ алудан жарыс болып жатқандай. Жуырда естідім, бір азамат 8 ауданның «құрметті азаматы» атаныпты. Таңғалмасқа амалың жоқ! Бүйте берсек бір-екі жылдан кейін «Әлемнің Құрметті азаматы» деген атақ­қа да жете­тін түріміз бар. Пысықай­лар аман болса, ол күнге де жетерміз... Құндылық неге құлдырап барады, а?» – деп күйінеді жаңатастық досым Дулат Өтешұлы.

Осы орайда, артына өшпес шығар­машылық мұра қалдырған дарабоз суреткер Тәкен Әлімқұловтың қара­­пайымдылығы есіме түседі. Қара­таудың теріскейіндегі Созақ өңіріндегі Бабаата­да дүниеге келген ол еңбек демалысын туған ауылында өткізгенді жөн санайды екен. «Тәкен аға елге келген сайын үйге соғып, әкейге сәлем берiп, бiр-екi күн жатып, әңгiмелесiп, әкейдiң күрең қасқа жорғасын мiнiп, Көсегенiң көк жонын аралап кететiн. Жонда мал ба­ғып отырған таныс ағайын-қариялардың үйiне қона жатып, туған жерiнiң сай-саласын, тау-қиясын аралап, мауқын басып, мұздай бұлақтарынан су iшiп, мейлiнше көңiлдi оралатын», деп еске алады Тәкеңнiң елдегi iнiсi Сапарбек Сопбекұлы.

Қарапайымдылық дегеннен шығады, Тәкен Әлiмқұлов кезiнде ұлы Абай туралы «Жұмбақ жан» деген құнды зерттеу кiтабын жазғаны белгiлi. Соны оқып шыққан бiр жазушы iнiсi:

– Тәке-ау! Мына еңбегiңiз дап-дайын тұрған диссертация ғой. Кейбiреулер шамалы бiрдеңе жазса болды, диссертация қорғап, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы болып кеудесiн керiп, қаздай қоқиланып, маңғазданып шыға келедi. Сiздiң олардан неңiз кем? – дейдi. Сонда Тәкен еш тежелместен:

– Маған ғұмыры қысқа, дыз етпе, даңғаза атақтың түкке де қажетi жоқ. Менi болашақ ұрпақ өздерi iздеп табады. Мына «жаман» ағаңа бағаны да, атақты да беру – болашақ еншiсiнде. Менiң тағдырым – халықтың тағдыры. Мен өз шығармаларыма мәңгiлiк өмiр сүретiн ақиқатты арқау еткен жанмын, – деп жауап берiптi. Тәкен өмірінде бірде-бір атаққа, орден мен медальға ие болмай өткен жазушы екен. Тәкен мансап, атақ, жасанды бедел, байлық, дүние қумады. Ешкімнің алдына басын иіп бармады. Саяқ жүріп, жұмбақ тіршілік етіп, ой тереңіне беріліп тұшымды шығармалар жазды.

Абырой – адам бойындағы ең асыл құндылықтың бірі, кісілік, адамгер­шілік­тің тірегі. Атақ пен абырой синоним болғанымен, екеуі екі бөлек нәрсе. Атақты адамның (пенденің) қолынан алған­мен, абыройды өзің жинайсың. Абырой мен атақ – Бақ пен Қыдыр сияқ­ты. Бақ қонғанмен Қыдыр дарымаса, ол атақтың нұры тез сөнеді.

Абырой қаншалықты ұзақ уақыт бойы тірнектеп жиналғанымен, бір сәтте ғана, сын сағатта шалыс басқан қадам­нан оған кесір келуі мүмкін. Сон­дықтан да ел арасында берілетін батада «Абыройлы бол!» деген қағидат орын алған. Ал сын сәтте абыржыған кезде «А, Құдай, абыройымнан айырма!» деп жалбарынады, оның азаймауын тілейді. Яғни қазақ баласына абыройдан айырылудан асқан жаза жоқ. Халық «абыройыңды жасыңнан сақ­та» деп ұдайы ескертеді, елдің абыройын қорғаған күрескерлерді құрметпен ар­дақ­тайды, олардың өнегелерін жыр-аңыз етіп, мұрат тұтады.

Еңбекпен келген атақ қана адамды абыройлы етіп, баянды бақытқа бөлеп, мерейін өсіретіні дәлелдеуді қажет етпейтін шындық екенін есте ұстағанымыз абзал.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина профессоры      

 

Тараз