Таным • 27 Наурыз, 2024

Мінез

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби «мінез – жан айнасы» деді. Қазақы ұғымда мінезі жақсы адам­ды «ішіне кеме жүзетіндей кең», «мінезі төр жайлаудай», «кө­ңілі көлдей шалқыған жан» деп әс­пет­теп жатады. Шынында, мінез адам тағ­дырына тікелей әсер етуші күшке ие.

Мінез

Этнограф жазушы Болат Бопай­ұлы жер бетіндегі адамдардың мінезі екі үлкен күретамырдан қалып­тасатынын баян етеді. Бірі – «тума мінез», екіншісі – «жұқпа мінез». Тума мінезге жеті атадан жал­ғас­қан қанды, генді, текті, туыс­тық­ты қуып тұтасқан, сүтпен келіп сүйекке біткен мінез деп жатқызады. Ал жұқпа мінез деп бала күннен көрген-білген, көңілге түйіп, айнала­дан сезген, жұғысып-жұқтырған, еліктеген мінезді айтады. Адам баласы ерте күнде өз ерекшелігі мен ай­рық­ша болмысын жұртқа көрсетуге бейім болады. Солайша еректігімен, өзіне тән адамдық қолтаңбасымен сүй­кімді көрінеді. Уақыт өте келе әр­түрлі әлеуметтік топтар, орталар, тұл­ғалармен танысу арқылы еліктеу соқпағына түсіп, өзінен алыстай бас­тайды. Міне, осы тұста тума мінезі, тәрбие-тәлімі берік жандар болмысынан аса алыстай қоймайды екен. Ал алыстаған жандар араға жылдар салып өзіне оралып жатады немесе кейбірі өзін таппаған күйде ала-құла мінезбен өмірден өтеді. «Мінез – адамның ішкі жан құпиясын айпарадай ашып көрсетеді. Әр пенденің мінезі – өмірінің негізі. Бағы мен соры тіке мінезге қатысты болады. Оның қоғамдағы дұрыс адамдармен болған қарым-қатынасын көрсетеді. Адамның кім екендігін мінезі дә­лел­дейді» дейді Болат Бопайұлы «Қа­зақ мінезі» кітабында.

Данышпандар айтқандай, бақыт­тың мәні кемелдікке ұмтылу екенін ес­­керсек, күнделікті мінез түзеу, жан игі­­­лігі үшін күресу адамдықтың ісі-дүр.

«Ойға түстім толғандым,

Өз мінімді қолға алдым,

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым»,–

деген хәкім Абай даналығы мінездің асыл құндылығынан хабар береді. Халқымыз «Жақсы мінез – жан көркі», «Адам мінезінен танылады» деп бекер айтпаса керек.