Аймақтар • 27 Наурыз, 2024

Ұлттық киім киген ұжым

141 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек» деген еді. Осы бір оймақтай ойдың астарында халықтың мыңжылдық тарихы мен дәстүрі жатқандай. Мұны ертеден түсінген облыстық «Jetisy» газетінің ұжымы көктем келе қазақы киім киіп, баба тәлімін дәріптеп жүр.

Ұлттық киім киген ұжым

Суретті түсірген – Руслан Кадыров

Әр ұлттың дәстүрлі құнды­лықтары – сол ұлттың қолтаң­басы секілді, бұған әдет-ғұрпын, салт-санасын, киімін қосуға болады. Жыл санап жұрт ішінде сұраныс артқанымен, бел­гілі бір мейрамдарда ғана тұтынатыны бізді қынжылтады. Ел Президентінің «Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді», деуі де бұл істің мәселеге айналғанын аңғартады. Дегенмен өңір-өңір­лерде рухы биік, баба болмысынан ажырамаған ағайын бар. Біз мысалға алған «Jetisy» басылымы көпке үлгі.

«Ата басылым ұлттық киім кию осыдан бес-алты жыл бұрын басталып, Наурыз айы­ның басынан сәуірге дейін жалғасып, жарасым тауып, дәс­түрге айналып кеткен. Кү­ле қарағандар да, сынай қа­рағандар да, ұната қарағандар да болды. Мұндай пікірлер – шолақ ойлап, асығыс саралау­дан туған ойдың нәтижесі. Себебі ұлттық киімге деген құр­метіңіз ішкі мазмұныңыздың қандай екенін білдіреді. Жан дүниемізді қазақты сүю сезімі ерекше билесе, онда кез келген ұлттық құндылыққа бейжай қарамайтын едік. Жаратушы бізді «қазақ» қылып жа­­ратқан екен, ендеше басқа ұлттан тіліміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, ұлттық тағам­дарымыз бен киімдеріміз ар­қылы ерекшеленіп тұрмаймыз ба?», дейді басылым басшысы Жұматай Оспанұлы.

Жалпы, газет ұжымының ауызбіршілігі, кішінің үлкенге ізеті, үлкеннің кішіге құрметі көңіл сүйіндіреді. Апталық жұмыстың соңғы күні «Жұма шай» ұйымдастырып, рухани әңгіме айтылады. Құран оқылып, есті естеліктердің тиегі ағытылады. Бұл да ұлттың ұс­ты­нына айналған үнпарақтың келбетін ажарландыра түсетін әдет.

«Қазақша киінсек қана ұлт­тық болмысымыз бен рухымыз асқақтап тұрады деген біржақты ойдан аулақпын. Сырт көз сұғын көп қадайтын айтулы орындарда, әлемдік додалар мен алыс-жақын шетелдерге баратын ресми сапарларда, мемлекеттік құрылымдарда заманауи үлгіде ұлттық киім киіп жүру мәртебемізді көтермесе, көлеңкесін түсіре қоймас. Әйт­песе, аламанға түсетін бәйге атының үстіне жапқан жабудай, әз Наурыз мерекесінде ғана киіп, қалған уақытта кәдеге жаратпау ұлттығымызға сын болмай ма?! Ендеше, мүмкіндігімізше қазақы нақыштағы киімді киіп жүруді дәстүрге айналдырғанымыз жөн», дейді Ж.Оспанұлы.

Берекесі жарасқан «Jetisy» газетінің ұжымы өңірдегі өзге де салаларға бастама болып, қазақы киім киюге жол көрсет­кендей. Қазір Б.Құранбек атын­­дағы Журналистер үйінде ұлттық киім кию трендке айналып келеді.

 

Жетісу облысы