Жаңа медициналық нысандар ЭКГ, УДЗ, дефибриллятор, биохимиялық талдау аппараттарымен және өзге де заманауи құрылғылармен жабдықталады. Мұның сыртында аталған емдеу мекемелеріне науқасты аудандық ауруханаға апармай-ақ жергілікті жерде талдау жүргізуге мүмкіндік беретін зертханалық құрылғылар орнатылады.
«Медициналық нысандардың ашылуы – шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін қолжетімді және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Жаңа амбулаториялар мен ФАП-тар білікті кадрлармен ғана емес, сонымен қатар заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір арттыруға және азаматтарымыздың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді», деді Ершов аулындағы емдеу мекемесінің ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жаңа медициналық нысандар алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсетуге қажеттінің бәрімен жабдықталған. Ауылдық жерде денсаулық сақтау инфрақұрылымының айтарлықтай жақсаруы шалғай елді мекендердегі тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсету мүмкіндігіне жол ашып отыр. Емханалық көмек көрсету жүйесін жетілдіру аясында биыл сәуір айынан бастап салалық мамандардың қабылдауына тіркелу жолдары да оңтайландырылады. Науқастар қажет болған жағдайда салалық маманның қабылдауына жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз-ақ жазыла береді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, биыл өңірде дәрігер-мамандар мен орта медициналық қызметкерлердің саны артқан. Сондай-ақ ауылдық емдеу мекемелеріндегі кадр мәселесі де біртіндеп өз шешімін таба бастаған. Мамандар өңірде өлім-жітімнің де жалпы көрсеткіші төмендегенін айтып отыр. Мысалы, қан айналымы жүйесі ауруларынан, қатерлі ісіктерден, туберкулезден, жазатайым оқиғалардан, уланудан және жарақаттанудан болатын өлім-жітім азайды.
Биыл «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде 25 медициналық мекеме салу жоспарланып отыр.
Қостанай облысы