Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Ел ертеңін әріден ойлағандықтан тереңнен толқып шыққан пікір осындай-ақ болар. Мемлекет басшысы: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Кейінгі жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр», деді. Өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдамай, шалғайдағы шағын ауылдарда қара ормандай қалың оқырманға мінсіз қызмет етіп келген кітапханалар жабылып, баға жетпес байлық жоғалған.
Бүгін осы олқылықтың орнын қалай толтырмақпыз? Көкшетаудағы ең ірі кітап дүкені жабылғалы жылдан асты. Жұмыс істеп тұрғанында талай барып, кітап алғанбыз. Оқырман да аз емес еді. Енді неліктен жабылғанын сұрап білу де мүмкін емес. Кітап дүкенінің ұжымы әлдеқашан тарап кеткен. Заманында жеті мыңнан астам кітап қоры болатын еді. Рухани байлықтың нұры шалқып тұратын кітапхананың іші көз жауын алатын сәнді еді. Кейінгі жылдары жарық көрген ұлт әдебиетінің шұрайлы шығармасымен қатар балаларға арналған әдебиет те мол-тұғын. Немерелерімізді кітап оқуға баулымақ болып әдемі суреттермен безендірілген кітапшалар алушы едік. Мәселенің мәнін білемін дейтіндердің айтуына қарағанда, кітап саудасы тиімсіз болған-мыс. Енді дәл осындай кітап дүкені жоқ облыс орталығында әдебиетке құмар ат төбеліндей қауымның сұранысын қалай қанағаттандыруға болады?
Өңірде қанша кітап дүкені бар екен деген сауал алдымыздан кесе-көлденеңдеп шыға берген. Бірақ кітап дүкендерінің тізгінін ұстап, бар жұмысты жүйелеп отырған мекеме жоқ екен. Себеп – дүкендер жекеменшік. Облыстық мәдениет басқармасының ақпаратына қарағанда, Атбасарда төрт, Есіл мен Сандықтау аудандарында бір-бірден және Степногор пен Көкшетау қалаларында төрт кітап дүкені бар екен. Жиынтық саны он. Өзге аудандардың тұрғындары кітап оқымайтын болып шыққаны ма?
«Ертеректе ауылда кітапқұмарлар бір-бірін жақсы білетін, – дейді Нұрлан Алпысбаев. – Бір адамда жақсы кітап болса, ат түйедей қалап, қолқалап, кезекке тұрып оқитынбыз. Алда-жалда бетіне сызат түссе, айып арқалайтынбыз. Оқып болған соң бір-бірімізбен пікір алмасатынбыз. Көкшетаулық жазушы Естай Мырзахметовтің «Он бес жыл өткен соң», «Медет», «Көгалдайдың көк шақпағы» кітаптарын осылай оқыдық. Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» айдың жарығымен. Мұқағалидың өлеңдерін жылап жүріп оқитынбыз.
Өткен шақтың ескі елесін тірілтсек, кітап былай тұрсын, әдеби журналдар әр үйде қаттап жиналатын, бір саны жоғалмайтын. Ондай журналдар малшының етегінің қонышында жүрді деп айтсақ, артықтығы жоқ. Ата-аналар кешке, ымырт үйіріле бала-шағасымен отырып бірге оқушы еді.
Тәлімді тәрбиенің басы, қайнар көзі осы кітап еді. Қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін әлеуметтік желінің ішінде. Ондағы әңгіменің ау-жайы баршаға белгілі. Осы тақырыпты індетіп іздегенде бірер дүкенге кезіктік. Ат айналғысыз тар екен. Көңілің ауған кітапты қолыңа ұстап, аңдатпасын оқи алмайсың. Есесіне орталық әмбебап дүкеннің ішінде Ресейдің әдебиеті сыңсып тұр. Зорлық-зомбылық, қиянат тақырыбын жырлайды. Тәрбиенің дертесі теріс бұрылғандығының бір себебі осында жатқан жоқ па? Айтпақшы, орталық базарға бара жатқанда қара жолдың қос қапталында кітап сатып отырған апайлар кезігеді. Алдарындағы жаймадағы кітаптың бәрі дерлік Ресей басылымдары. Уақыт табынан сарғайған, кейбір беттері жұлынған. Кітапқұмарлардың қайсыбірін осы жерден кезіктіруге болады. Қайтсін енді, әдеби дүниені аңсап, тоят тілеген көңілді алдарқату керек қой.
Жақсы кітапты жан азығына айналдырғысы келген көкшетаулық оқырман үлкен бір заманауи кітап дүкені ашылса екен деп тілейді. Жан жадыратар сол жақсылық қашан болар екен?
Көкшетау