Сұхбат • 28 Наурыз, 2024

Хұсейн ӘМІР-ТЕМІР: Алдымен шахтер, кейін актер болдық

129 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Өнерден өзге ойы жоқ». Белгілі театр сыншысы, марқұм Әшірбек Сығай кезінде режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірдің азаматтық болмысы мен театрдағы тегеурінді еңбегіне дәл осылай баға берген екен. Дөп сөз! Өйткені қашан жолықтыра қалсаң да, әңгімесін әріден, сахна сырынан терең суыртпақтайтын сырбаз жанның өнер десе көңілі де өзгеше өрекпіп тұрады. Сексеннен асса да, сергек қалпын жоғалтпаған сахна саңлағы әлі де театрын туған баласындай өбектейді. Кездесудің сәтін көптен бері орайластыра алмай жүрген кейіпкерімізді Қызылордадан Астанаға келген сапарында арнайы іздеп барып, әсерлі әңгімесін тыңдап қайттық.

Хұсейн ӘМІР-ТЕМІР: Алдымен шахтер, кейін актер болдық

– Сахнадағы қолтаңбаңыз ғана емес, есіміңіз де ерекше. Әмір-Темір тегінің өзі сізге тегін берілмеген се­кілді...

– Оның рас, қызым. Есім деген адам тағдырында үлкен рөл ойнайды ғой. Мен оған сенемін. Әмір Темір осал жан емес. Тарихты өзгерткен сон­дай көшбасшы тұлғаның есімін иеле­нудің де жауапкершілігі зор бол­са керек. Мен оны жастайымнан се­зін­дім және барынша өз саламның Ақсақ Темірдей тұлғасына айналуға ұмтылдым. Мақсатыма жете алдым ба, жоқ па, білмедім. Бірақ тағдырымды мәңгілікке тоғыстырған театрыма хал-қадірімнің жеткенінше адал болуға ты­рыстым. Жалпы, менің аты-жөнім көп. 10-сыныпқа дейін тегім – Жүсіпов, атым Үсейін болды. Жүсіп – әкем­нің есімі, ал ауылдастарым атымды Хұсейн демей, Үсейін дейтін. Әкелеріміз­дің тегі Теміров болған соң, 10-сыныпта куәлікке мен де солай жаздырып, алаң­сыз жүре беріппін. Содан 1992 жылы сандықтағы ескі құжаттарды ақ­тарып отырып, кездейсоқ әкем мен анамның неке куәлігін тауып алма­сым бар ма? Құжатта Әмір-Теміров Жүсіп, зайыбы Шәрбан Әмір-Темірова деп көрсетілген екен. Атам Әмір-Темір ке­зінде мешіт ұстаған, діни сауатты кісі болған. «Дін жоқ, Құдай жоқ» деген ұстаныммен билік молда, ишандарды қудалаған кезде ағайындарымыз Әмірді алып тас­тап, Теміров болып шыға келген. Бар сиқыры сонда мұның. Менің тағы бір атым – Сартай. Түрім сары болғасын, шешем Сартай деп еркелетуші еді жарықтық.

– Анаңызды айтқанда үніңіз ерекше жарықшақтанып шықты. Бұл сағыныш па?

– Адамның анаға деген сағынышы сірә да таусылмас. Мейлі оның өмірден өтіп кеткеніне қанша жылдар өтсе де. Ананың жүрегі баласы жер басып жүргенде мәңгі соғып тұрады, меніңше. Шешені еске алу балалық балдәурен шақпен де қайта қауыштыратындай. Иә, анам менің – аппақ сағынышым. Біздің бала күндер Сырдария ауданындағы қазіргі Асқар Тоқмағанбетов ауылында өтті. Ауылымызда бар-жоғы 5-6-ақ үй болатын. Анам Шәрбан Темірова колхозға еңбегі сіңген, ол кездегі құр­меттің белгісі – облыстық «стаха­нов­шылар» тақтасына есімі екі рет жа­зылған жан. Ал әкем – білімді, діни сауаты бар, ауылдық кеңестің хатшы­сы, «ликбезде» оқытушы болған кісі. Үйдің жалғыз баласы болған соң, бе­тім­нен қақпай еркелетіп өсірді. Ер­кін­дікті сүйдім. Бала күнімізде Сыр­дарияның бойында өзен кешіп жүріп, асау толқынға ілесіп, кеудеміздегі жұ­ды­рықтай жүрегіміз атқақтап, асқақ ар­мандарға қол созатынбыз. Ол кезде дария қазіргідей емес, арнасынан асып-тасып жататын. Арғы беті мен бергі бетінің арасы 2-3 шақырымға созылушы еді. Асау толқынға төтеп бере жүріп, оны тек мықтылардың мық­ты­сы ғана бағындыра алатын. Сол ұмтылыс бізді қажырлылыққа, алған бетіңнен қайтпай, мақсатқа жете білуге үйреткен шығар бәлкім... Сырдария қасиетті өзен ғой. Оның маңайын кім­дер жайлама­ған, кімдердің табаны тимеген бұл киелі топыраққа? Балық аулап отырып, түр­лі ой толғандыра­тын. Алқара көк аспанға көз тігіп, ұшқыш болуды армандадым. Тіпті мектеп бітірген жылы ұшқыш боламын деген оймен Оралға барып, оқуға да тапсырып көрдім. Бірақ медициналық комиссия мені жаратпай тастады. Сөйтіп, арманым алыстай берді...

– Ал актерлік өнермен тағды­ры­ңыз қалай тоғысты? Оған қалай тап келдіңіз?

– Қызылорданың түкпіріндегі бар-жоғы 4-5 шаңырақ жайлаған алақан­дай ғана ауылдың баласы ол кезде актер дегеннің кім екенін білді дейсіз бе? Оқуға түсе алмай, Оралдан салым суға кетіп оралған соң, әкем 1958 жылы Ленинградқа жіберді. Политехника­лық университетке түсу үшін дайындалып, екі жарым ай пәтер жалдап тұрдым. Орысша сөйлеуден аздап қиналсам да, сол кезде санамда үлкен сілкініс бол­ды. Ленинградтың атақ­ты айлы түнін көріп, мұражайла­рын түгелге жуық араладым. Әрине, дәл сол сәтте өнердің мәнін толық түсінбеген де шығармын, бірақ ерекше дүние екенін сезіп, білдім. Алайда бұл жолы да талпынысым сәтсіз болды. Бір орынға жиыр­ма бала таласып, оқуға түсу бұйыр­май, ақыры елге кері қайттым. Кейіннен Ленинградқа жол түсіп, тағы бардым. Алғашқы келгендегі керемет сәттер қайта еске түсті. Бірақ бұл сапарым­да өнер туындыларына, музейдегі мұра­ларға басқа көзбен қарайтыным­ды, басқаша ұғынатынымды түсіндім. Толс­той, Тургенев, Пушкин, Бальзак, Стендаль шығармаларымен жақын ­таныса бастағаным да осы уақыт болатын. Тағдырдың жазуымен өнер­­ге емес, келесі жылы Алматыдағы қа­зір­­гі Қ.Сәтбаев атындағы политехника­­­лық инс­титут­қа, тау-кен инженері ма­ман­дығына оқуға түстім. Дәл сол кезде КПСС-тің бас хатшысы Н.Хрущев «студенттер сала бойынша теория мен практиканы ұштастырып білім алсын» деп нұсқау берген екен. Оқуға жаңа түскен жастар Қарағандыдағы Дубовка деген жерде 101-шахтадан бір-ақ шықтық. Жер астында жұмыс істеп көргеннен кейін-ақ, бұл менің салам емес екенін түсіндім. Сөйтіп, 1963 жылы театр фа­культетіне тапсырып, жолым болып кетті. Осылайша, алдымен шахтер, кейін актер болдық қой(күлді).

– Не құдірет екен, шахтерлігіңіз де, актерлігіңіз де Қарағандыдан бас­талыпты... Соған қарағанда кен­ді шаһардың өміріңіздегі орны айрық­ша болып тұр ғой?

– (Жарқырап бір кү­ліп алып) Иә, Қарағанды – мен үшін ыстық мекен. Алғашқы қадамым ә дегеннен табысты басталды. Қарағандыда жаман актер болған жоқпын. Қарғамбай Сатаев, Жұма­бай Медетбаев, Аман­гелді Тәжібаев бас­таған бір топ жас оқуы­мызды тәмамдай сала, бірден Қараған­ды театры­на қызметке қа­был­дандық. Жұмабай мен Қарағамбай әуел бас­тан қазақ батырларын сомдады да, біз шетелдік, бүгінгі заман образдарына сай болдық. Лопе Де Веганың, «Қызғаныш­тан махаббат» комедиясында Теодоро, Назым Хикметтің «Елеусіз қал­ған есіл ер» драмасында Доктор рө­лін ойнадым. Енді-енді көрініп, атақ алуға аз қалғанда үйдің жалғыз баласы болғандықтан, әке-шешемнің қолқалауымен елге, Қызылордаға ора­луға тура келді. Жаңа ортаны жатыр­қап жүргенімде, Қарағандыда қалған әріптестерім шетінен Халық әртісі ата­ғын алып жатты.

– Орта жолдан елге қайтамын деп, «өз аяғымен» келіп тұрған атақтан қағылғаныңыз үшін іштей өкініш бола ма?

– Тағдырдың жазуы солай болған шығар... Әрине, пендеміз ғой, өкінбедім деп айта алмаймын. Бірақ еңбегі дер шағында еленген жан достарым үшін шын қуандым. Ал театрдың басты рөл­дерінде ойнап, қаһарман болып үйре­ніп қалған мен 1967 жылы Қызылорда­дағы драма театрына ауысып, актерлік өнердегі қадамдарымды қайта басынан бастауға тура келді. Менімен бірге Алматыдан театр студиясын бітіріп Шайтұрсын Әбдібаев, Тынымбек Пі­рім­жанов, Тұрғанбек Әшімов те келді. Сол уақытта бас режиссер Маман Бай­серкеновпен келіспедік пе, әлде бас­қа жағдай болды ма, рөлсіз біраз уақыт жүріп қалған көңілсіз кездер болды. Қарағандыда кілең басты рөл сомдап дәндеп қалғанмын, жақсы образға сусап, көңілім қоңылтақсып қалды. Құлазып көп жүрдім. Бірақ іштегі буырқанған жанартау сезімдер жарылмай қоймайды екен, сөйтіп, бір күні «спектакльді өзім қойсам қайтеді?» деген ой келді.

– Осылайша, режиссерлікке кел­дім дейсіз ғой?

– Иә, бірақ ә дегеннен бәрі оңай болып, жұлдызым жарқырап кетті дей алмаймын. Өзімді режиссер ретінде дәлелдеу үшін де уақыт пен көп қа­жыр қажет болды. Басшылықпен келі­сіп, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спек­таклін қоятын болдым. Жұмыс сағат 11-де бас­талса, біз 9-да ертерек ке­ліп, репетицияға кірі­сетінбіз. Осы­лай­ша, 1968 жылдың сәуір айында ал­­ғашқы қойылымды көрер­мен наза­рына ұсындық. Кейін Мәскеу­дегі Мем­лекеттік театр өнері институ­ты­ның Жоғары режиссерлік курсында оқу үшін Ресейге аттандым. 1973 жылы дипломдық спектакльді қойғанға дейін, 4-5 қойылымның режиссері болып үлгердім. Ал 1974 жылы Маман Бай­серкенов басқа жұмысқа ауысып, директор «Сенің режиссер болатын уақытың келді», деп маған зор сенім артып, сол кездегі Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбековке айтып жүріп, режиссурадағы жолымды айқындап берді.

– Актерлік жолды аяқтап, режис­сер­лікке қадам басқан алғашқы жыл­­­дарға шегініс жасасақ, ойыңызға ең әуелі не оралады?

– Шекспирдің «Корль Лирі». Себебі осы спектакльден кейін театр әлемінде кәсіби режиссер ретінде мойындала бастадым. «Құласаң, нардан құла» дегендей, тәуекелге бел буып, «Король Лирді» қоямын деп бекінгенде, барлы­ғы өре түрегелді. «Қайдағы «Король Лир»? Мықты режиссерлердің де қолынан келмеген дүние ғой бұл. Не айтып тұрсың?» деп шулаған дауыстар кері шегіндіріп, райымнан қайтарғысы келді. Бірақ мен: «Жоқ, не болса да қоямын» деп айтқанымнан қайтпадым. Осы спек­такльді дайындау үшін тіпті белгілі сце­нограф марқұм Серік Пірмаханов досым екеуміз Украинаның Львов қаласына да аттандық. Шекспирдің барлық қойылымын сахналаған сурет­шілердің эскиздері көрсетілген «Совет­ские художники в творчестве Шекс­пира» деген альбом-кітап бар. Соның ішінде М.Заньковецкая атындағы дра­ма театрының суретшісі Мирон Кип­риянның «Король Лирге» жасаған эскизі басылған екен. «Сол Киприянға Серік екеуміз барып қайтайық, еш­қандай шешім шықпай жатыр», деп дирек­торымыз Сақтаған Тұрлымұратов аға­мызға қолқа салдық. Көркемдік шешім болмаса, қанша мықты деген актер ойнаса да, ол – спектакль емес. Ойды бағындырған соңғы түйіні болуы керек. Соны таба алмай шарқ ұрып жүріп, ақыры Киприянмен жүздес­тік. Суретшінің қасында бір күн бол­дық. Әрине, барғанымыздың пайдалы бол­ғаны рас, бірақ әлі де нақты шешім шығара алмадық. Сөйтіп, шарасыз күйде жат елде сандалып жүргенде, бір күні көшеден алтын түстес, жалт-жұлт еткен ұзын етек көйлек киген келіншекті көріп қалмасымыз бар ма? Бет-жүзін байқаған жоқпыз, бірақ сыртынан сұқтанып қарап қалғанымыз өтірік емес. Бір кезде Серікке қарап, «Киімі алтын ба, не бұл? Ал осы жалт-жұлт еткен көйлектің ішінде шоқпыт бар болса ше? Қалай болар еді?», дедім. «А-а» деп аңтарыла қараған Серік содан кейін қайырылмады. 4-5 күнге дейін жоқ болып кетті. Содан бірнеше күн өткен соң шеберханаға бас сұғып, дайындаған бүкіл эскиздерін жайып салды. «Король Лирде» сахнаға екі шымылдық құр­дық. Екі шымылдықтың да бір жағы алтындалған, көз тартатын патша­ның шымылдығы, екінші беті – кәдімгі шұрық-тесік шоқпыт. Шымылдықтар қойылым бойына жылжып, кері айналып тұрады. Ал алтынмен апталған король тағы бірте-бірте табытқа айнала бастайды. Өйткені үлкен орындықтың жақтауы табыт болуға ыңғайлы етіп жасалған. Осылайша, біз көп іздеген «Король Лирдің» көркемдік шешімін ақыры таптық. Ол сыншылар тарапынан да, көрермендер көңілінен де өз орнын алды. Театр фес­тивальдерінде де талай мәрте топ жарып, жеңіс биігінен көрінді.

– Өнердегі әріптес­теріңіз туралы толған­ғанда ойыңызға не ора­лады?

– Өткенге ой жү­гірт­сем, Тал­ды­қорған театрын­да қызмет еткен жыл­дарым табыс­ты бол­ды дер едім. Өзім үшін де, жан жарым, Қа­зақстанның ең­бек сі­ңірген әртісі бол­ған Әлия Арысбаева үшін де. Бұл жақ­та жү­ріп мен қиялымдағы қо­йы­лым­да­рым­ды қой­дым, жұбайым небір кесек бейнелерге жан бітірді. Туған жерім Қы­зылорда қаласында қызмет еткен жылдарым да өз жетістігімен жадымда сайрап тұр. Сахна саласы маған Мен Дон Ук, Рубен Андриасян, Маман Байсеркенов, Ерғали Оразымбетов сынды небір талантты режиссер­лермен иық тірестіре жұмыс істеуге, әріп­тес болуға мүмкіндік берді. Ол кісі­лерден үйренгенім көп. Жалпы, театр­ды қалыптастыратын режиссерлер ғой. Оның біліктілігі, шеберлігі, білі­мі, ұстанымы өнер ордасын биікке же­телейді. Мысалы, 1990-2000 жылдары Ерғали Оразымбетов деген режиссер жұмыс істеді. Уақытында керемет спектакльдер қойды. 1992-1995 жылдар ел есінде қиын кезең ретінде қалды. Сол аралықта ол кісі театрды тұралатпай ұстап тұрды әрі жақсы дүниелерді өмірге әкелді. Ерғалидай ер мінезді режиссерлер қазақта санаулы.

– Өмірде өкінішіңіз бар ма?

– Алланың жазуына көнеміз ғой. Бірақ та Талдықорғанда еңбек етіп жүр­генімізде жалғыз ұлымды жоғалттым. Жиырма жасқа толып, жарқырап жүр­ген жарығым қатыгездіктің құрбаны болып, бір-ақ түнде қараңғы түнге сіңіп жоқ болды. Құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Соны ойласам, көңілім құ­ла­зып, жан жүрегім қарс айырылады. Топырақ ата жұртынан емес, Талдықорғаннан бұйырыпты. Осы жағдайдан кейін біз де бұл қалада көп тұрақтай алмадық. Жұбайым Әлия екеуміз 2003 жылы туған жерге оралып, театрдағы жұмысымызды қайта жалғастырдық. Бұл жақта да шүкір жылдарымыз жемісті өтті. Ал он жыл бұрын жұбайыма уақыт болды. Жарды жоғалту оңай емес екен. Қос қызым жанымнан табылып, бар жылуын берсе де, көңілімде ойсырап бір бос орын тұрады. Әңгімеміздің басында айтқанымдай, осылайша өмірім сағынышпен өтіп жатыр (күрсінді).

– Өзіңіз ұзақ уақыт көркемдік жетекші, бас режиссер болған Н.Беке­­жанов атындағы Қызыл­орда театрының бүгінгі аяқ алысын қалай бағалайсыз?

– Енді қазір мен қызметте емеспін. Бірнеше жыл бұрын көркемдік жетек­шілігімді де, бас режиссерлікті де жас­­­­тарға тапсырдым. Бүгінде соларға ақы­лымызды айтып, кеңесімізді беріп келе жатқан жайымыз бар. Олар да жан-жақтан қаумалап, көркемдік кеңес­тің құрамынан жібергісі келмейді. Жал­пы, театрымыздың шығармашылық қа­рымына көңілім толады. Ұжым қазір серпінді ізденіс үстінде. Репертуар­ды әлемдік, ұлттық классикалармен байыта отырып, бүгінгі күннің өзекті мәсе­лелері де жан-жақты қамтылып келеді. Өзіміздің режиссерлерден бөлек, қазір біз сырттан да режиссерлер шақы­рып, түрлі тәжірибеге барып жүрміз. Өйткені кейінгі уақытта мен спектакль қоюды да тоқтаттым. Оған себеп – ден­­саулығымның нашарлауы. Кейінгі бірнеше жылда 13 адамнан тұратын көр­кемдік кеңестің шешімімен жыл са­йын сырттан бір режиссерді арнайы таң­дап, театрымызға шақырамыз. 2021 жылдан бері Данияр Базарқұлов, Дина Жұмабаева, өзге де режиссерлермен жұ­мыс істедік. Олар таңдауға 2-3 пьесаны жібереді. Құп көргеніңді қойып береді. Мысалы, Қуандық Қасымов деген елі­мізге белгілі режиссер театрымызға келіп 4-5 спектакль қойды. Одан бө­лек өзіміздің қоятын спектакльдеріміз тағы бар. Ең жақсы жаңалығымыз – театр ішінен шығармашылық лабо­ратория ашқанымыз. Қазір оған да бірнеше жыл болып қалды. Бұл да актерлерді, әсіресе жастар жағының өзін көрсетуіне, ширығуына керемет мүмкіндік береді. Онда эксперимент жасап, жас актерлеріміз спектакль қо­йып жатыр. Мәселен, Қанат Арқабаев «Кім?», Ұлболсын Қылышбаева «ҰБТ кілті», ал Санат Жүзбай «Шыны керек» деген спектакль қойды. Осылайша, жас режиссерлер мен актерлерді өзіміздің ортамыздан өсіріп шығаруға күш салып келеміз. Тіпті Санат Жүзбай деген талантты актеріміз Мәскеуге барып оқып қайтты. Ара-тұра жастарды да 2-3 айға шетелге жіберіп, тәжірибе жинатамыз. Қазір баяғыдай жылдап емес, бірнеше айда оқып келетін, қысқа­мерзімді тәжірибе алмасатын курстар көп қой. Осының барлығы театрдың шығармашылық өсіп-өркендеуіне тамаша мүмкіндік деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша бүгінгі театр­дың басты мұраты не болуы керек?

– Меніңше, театрдың қай кезде де өзгермейтін жалғыз-ақ мұраты бар, ол – көрерменіне рухани әсер ету. Адам жанын өнер қуатымен тазалау. Әшірбек Сығай айтпақшы, спектакльден кейін ауру адам жазылып, сау адам ауырыңқырап шығуы керек. Егер театр осы миссиясын орындай алса, ол театр – ең жақсы театр. Спектакльден соң адамның жаман әдеттерін бірден қойып кетуі мүмкін емес, әрине. Дегенмен театрдың міндеті – сана-сезіміңді ояту, рухани әсер ету. Санаңа сілкініс жасау. Қойылым бойы залдағы 700 адам бірдей күліп, бірдей жылап отырса, бір үнде, бір сезімде толғанса, міне – мұратына жеткен театр, діттегенін бағындырған спектакль осы болмақ.

– Режиссерліктен бөлек қаламмен де дос екеніңізді білеміз. Қазір не жазып жүрсіз?

– Осы кезге дейін зайыбым, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Әлия Арысбаева екеуміздің шығар­машы­лы­ғымызға арналған «Бір сахна – егіз ғұмыр», театр өнеріне арнал­ған «Өнер-баян» атты кітаптарым жа­рық көрді. Қазір спектакльдерді талдау, әртістермен жұмыс істеу барысы толық қамтылған екі кітапты аяқтадым. Онда 2003 жылдан бастап осы кезге дейінгі жұмыс барысы жан-жақты талда­нып, зерделенді. Алдағы уақытта жазсам деген дүние көп, әрине. Олардың қа­тарында өнердегі әріптестерім туралы ес­теліктер де бар. Алла ғұмыр берсе, олар да жарыққа
шығар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»