Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы

197 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Этнограф ғалым, мемлекет және қоғам қай­рат­кері, қазақтың ұлттық қолөнері мен мә­де­ниетінің шырақшысы болған ұлт сардары Өзбекәлі Жәні­беков есімін иеленген Оңтүстік Қазақстан педа­гогика­лық уни­верситетінде қайраткердің құрме­ті­не орай ме­мо­­риалдық тақта ашылып, «Өзбекәлі Жәні­бе­ков құ­­былысы: тұлға тағылымы және педа­го­ги­ка­лық құн­­ды­лықтар» тақырыбында «Жәнібеков оқу­ла­ры-1»­ тұңғыш рет халықаралық, ғылы­ми-теория­лық­ конференция ұйымдастырылды.

Өзбекәлі Жәнібеков мұрасы

Ғылыми конференцияда ғалым­ның мұралары, этнографиялық салада жүргізген зерттеулері, ұлттық тәр­бие, педагогика хақындағы қай­­­рат­кердің құнды еңбектері таныстырылды. Сол тұстағы саяси жүйенің қаталдығына қарамастан, ұлт­тық қол­өнерді жаңғырту мен дәріп­теу бағытындағы ғалымның батыл­дығы мен жанкештілігі де көпке үлгі етілді. Конференция со­ңында барлық зерттеу жұмысы қа­зақ, орыс, ағылшын тіл­дерінде басы­лып, электронды нұсқасы да шы­ғарылды. Ғылыми іс-шараға зерт­теуші, ғалым, зиялы қауым өкіл­дері, музейтанушылармен бірге Өзбекәлі Жәнібековтің туыстары да шақырылды. Конференцияны уни­верситеттің басқарма төрағасы-рек­торының уақытша міндетін атқа­рушы Гүлжан Сүгірбаева ашып жүргізді.

Көрнекті ұлт перзентінің тұс­тас­та­ры, көзкөрген замандастары да іс-шара барысында сөз алып, әсерлі ес­те­­ліктерімен бөлісті. Солардың бірі қоғам қайраткері Орынбай Рах­ман­­­бердиев ғалымның ұлтын сүйер ерек­ше қасиеттері туралы әңгімелеп берді.

«Өзбекәлі Жәнібеков өте дарын­ды кісі еді. Өкінішке қарай, тірі кезінде қоғам тарапынан­ орын­ды бағасын ала алған жоқ. Ол өзінің қайраткерлігімен, жанқиярлық ісі­мен қазақтың дәстүрі мен руха­ниятын қайта тірілтіп, биік дәрежеге көтеру жолында көп еңбек сіңірген адам. Өткен ғасырдың сек­сенінші жылдары мен Түркістанда бірін­ші хатшы болып партия орга­нында қызмет істедім. Ал Өзағаң Қазақстанның Мәдениет ми­нист­рі­нің орынбасары-тұғын. Сол уақытта ол кісінің елі үшін ынта-шынтасымен қызмет еткенін мына мен өз көзіммен көрдім. Мен министр орынбасарымын деп шікіреймей, зембілмен топырақ тасып, кесенені жаң­ғыр­тушы рестовра­торлармен бірге кір­пі­шін қаласып жүрді. Мұ­ның бәрін ол қазақ үшін жаны ашы­ған­дықтан, ұлт­тың келешек тағдырын ой­лағандықтан істе­ді. Бұл асыл аза­мат­тың күреспен өт­кіз­­ген тұтас бір өмі­рі­нің кескін эпизо­ды ғана. Бізден сол тұста құры­лыс жұмыс­та­рына керекті тех­­­ни­ка­дан басқа артық еш­нәр­се сұраған емес. Ақи­қатын айту керек, Қожа Ахмет Ясауи ке­­се­­несін кесене еткен­ осы Өзбекәлі Жәні­бе­ков. Қайраткер ке­се­­нені қолға алмай тұ­рып, ол жерге егінге түскен мал қа­малатын, белден топырақ болатын. Сонымен бірге Торғай облысы құрылғанда да ол кісінің мәдени саладағы атқарған еңбегі ұшан-теңіз дер едім. Колбиннің заманында да ғалым ешқашан артқа шегінген емес. Сол үшін де ғалым атын иеленуге күш салған педагогикалық университеттің басшылығына алғыс айтамын. Өз басым тарихы тереңде жатқан білікті педагогтерді дайындайтын жоғары оқу орнына Өзбекәлі Жәнібековтің есімін бергеніне өте қуаныштымын», деді ол.

Ұлағатты ұстаз, Түркістанның тумасы Өзбекәлі Жәнібековтің жақын туысы, немере қарындасы болып келетін Айғаным Серім апамыз Наурыз мерекесін елімен қайта қауыштыруға еңбек еткен ұлт майталмандарының ішінде Өзағаңның орны ерекше екенін атап өтті. Кеңес өкіметінің нағыз кемеріне толып тұрған кезінде Наурыз мейрамы дінмен байланыс­ты делініп, мемлекеттік деңгейде тойланбады. Айғаным апамыз әрі Өзағаңның мұрасын зерттеуші маман ретінде тарихта Наурызды өз тұ­ғырына қайта қондыруға қай­ра­тын жұмсаған азаматтар арасында Өзбекәлі Жәнібековтің есімі әрдайым тізімнің алдыңғы қатарында тұратынын айтты. Өз сөзінде ар­дагер педагог ұлт жанашырымен үзеңгілес жолдас болған белгілі жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың еңбегінде Өзағаңның Нау­рызды қайта ті­ріл­ту жолындағы ымы­расыз күресі керемет бейнеленгенін баян­дап өтті. Өткен ғасыр­дың алпысыншы жылдары оңтүстік өңірінде қызметін бастаған алғаш­қы кездің өзін­де көк­тем­нің егін сала­тын мез­гілін той­лауға қатысты ке­ңестік Әзербайжан Рес­пуб­ликасында ар­найы шыққан қау­лы­ны негізге алып, со­нымен байланыс­ты­рып Наурыз мере­ке­сі хақында да жер­гілікті бас­пасөзге дүркін-дүркін мақала жазатын. Кейін қызметі өсіп Алматыға келгенде де ұлттық мереке туралы «Лениншіл жас» газетіне жиі-жиі мақала жариялап, биліктің назарын аударып, халықтың ой-санасын оятуға ықпал жасады. Осылайша, көрнекті қоғам қайраткері саяси жүйенің қатыгездігінен қаймықпай Наурызды сонау алпысыншы жылдардан бастап насихаттай бастаған.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің стратегиялық даму және әлеуметтік даму істері жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек те ғалымның феномені, құбылысы жөнінде де керемет пікір білдірді. Ректордың орынбасары сұхбатында оқу орны біраз жылдан бері атаусыз келгенін, ешқандай тұлға атында есімі болмағанын айтты. Сөйтіп, 2023-2024-тің жаңа оқу жылының басында қайта-қайта жоғары жаққа жазған хаттарға ақырында жауап келіп, министрлік Өзбекәлі Жәнібековтің есімі берілетіні туралы қуанышты жаңалықпен сүйіншілеген. Сонымен өткен жылдың 12 қазанынан бас­тап барлық құжатта оқу орны Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып атала бастады. Осы қуанышты сәтке орай университет бірінші рет «Жәнібеков оқулары-1» атты халықаралық конференцияның тұсауын кесті. Ендігі ретте ғылыми басқосуды оқу орны жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Мұғалімдер ұстаханасының білікті маманы мәлімдегендей конференцияның көз­деген басты мақсаты – қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт жана­шыры Өзбекәлі Жәнібековтің этно­­гра­фиялық зерттеу, музей ісі саласына сіңірген еңбектері мен артында қалдырған бай мұраларын жинақтап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ету.

«Қазақта мәдениет үшін тер төк­кен, осы саланың минис­тр­лік дәрежесіндегі биік бас­пал­дақ­та­рын­да қызмет атқарған белгілі аза­маттар жетерлік. Солар­дың ішінде Өзбекәлі Жәнібековтің есімі ерекше аталады. Ал Өзағаңның ең бас­ты жақсы қасиеті қазақтың дарқан даласында өз қолымен жәдігерлерді жинап, талай музейлер ашты. Каби­нет­тің креслосында шалқайып отырмай ел, жер кезіп ұлттық өнер мен мәдениеттің жаңғырып, насихатта­луына аянбай тер төкті. Бұл ғалымның фено­мені болса керек. Қайраткердің құбылысы оның тайсалмастан кеңес­тік идео­логияның кедергісінен аттап өтіп қазақ халқы­ның руханиятына жан бітіруде өз жанын аямаған құр­бандығы деп түсінуіміз қажет. Мәсе­лен, Өзағаңның бастамасымен құрылған «Шертер», «Адырна», «Ал­тынай» ұлт-аспаптар музы­калық ансамблінің өзін үлкен ерлік­ке балау­ға болады», деді Б.Исабек.

Айтқандай, конференция бары­сын­да ұлт перзенті тұтынған бұйым­дар мен өмірінің әр кезеңінен хабар бер­ген ескі фотосуреттері қойылған арнайы көрме ұйымдас­тырылды.

 

ШЫМКЕНТ