Аймақтар • 28 Наурыз, 2024

Қарғын су құрсауында қалды

160 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

26 наурыз күні Батыс Қазақстан облысында тоқтаусыз жаңбыр жауып, бір тәулік ішінде бір айлық мөлшер – 25,6 мм жауын-шашын түсті. Өңірде құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп, зардап шеккендерге көмек көрсе­тіп жатыр. Су тас­қы­нының алдын алу жұ­мысын өңір басшысы Нариман Төреғалиев өзі қадағалап отыр.

Қарғын су құрсауында қалды

26 наурыз күні Орал қаласында және облыстың 9 ауданында тоқтаусыз жаңбыр жауып, қарды ерітіп жіберді. Нәти­жесінде, Ақжайық, Бөрлі, Бәйте­рек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандарында тасқын су басу қаупі туды. Қар мен жаңбыр суы арықтар мен кәріздерге толып, 3 әлеуметтік нысанның және көпқабатты 5 үйдің жертөлесіне құйылып, 298 жекеменшік үйдің ауласын басты. Қауіп төнген аймақтарға құм салынған қапшық жеткізіліп, суды сору жұмысы ұйымдастырылған.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласы­ның Зашаған кентіндегі су басу қаупі бар шағын аудандарға, Саратов тасжолын­дағы су арнасы жүйесіне, сондай-ақ Орал қаласының ескі орталық көше­леріне барып, жағдайды көзімен көрді. Төтенше жағдайлар департа­ментіне, қала әкім­дігіне және ком­муналдық қыз­мет сала­сы­ның мамандарына қар, жаң­быр суларын уақтылы шығару, жол­дар­ды бөгеу, қапшықтармен құм төсеу, су арналары мен құбырларды таза­лау­ды тапсырды. Өңір басшысы Орал қаласының әкіміне жұмысындағы олқылықтар үшін қатаң сөгіс беретінін айтты.

«Сіздер су тасқынына дайын болма­дыңыздар. Тіпті қала әкімдігінің ғима­раты да суға батты. Мұның бәрі жауап­сыздықты көрсетеді. Кеше-бүгін қаланы арала­дым, кейбір шағын аудан­да мен келгенде жұмыс енді ғана басталып жатыр. Орал әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Қала мен аудандар күшейтілген режім­де жұмыс істеуі керек. Жағдай­ды тәулік бойы бақылауда ұстаңыз­дар», деп ескертті облыс әкімі.

Қарғын су автокөлік жолдарына да қауіп төндіріп жатыр. Күре жолдардың 19 жерінде осындай жағдай тіркелген. Республикалық және облыстық дәреже­дегі 2 жолдың, аудандық дәрежедегі 17 жолдың үстінен су өтіп кеткен. Ақжайық, Жәнібек, Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы су басқан жол­дарға кезекшілік, арнайы белгілер орнатылған.

Наурыздың 27-сіне ауған түнгі сағат 12.00-де облыстық же­дел штаб бас­тығы, облыс әкімі­нің орынбаса­ры Қалияр Айт­мұ­хамбетовтің төрағалы­ғымен жиын өтіп, аудан басшыларының су тасқынының алдын алу бойынша есебі тыңдалды. Жоғарыда айтылған әлеуметтік мекемелер мен тұрғын үйлер­дің жертөлесіне кірген су тоқтатылып, төнген қауіптің беті қайтқан.

Қаратөбе мен Сырым ауданда­рын­да қалыптасқан күрделі жағдайға байланыс­ты қосымша күш жұмыл­дырылып жатыр.

«Қазгидромет» мекемесінің мәліме­тіне қарағанда, Тасқала ауданында Екінші Шежін және Деркөл өзеніндегі су деңгейі көтерілгені байқалған. Жол-жөнекей қосылған сулардан өзен кемерінен асып кетуі мүм­кін. Екінші Шежіннің қауіпті деңгейі 780 см болса, қазір бұл 739 см-ге жетіп қалған. Жергілікті әкімдік 5 мың дана қапшық, 100 тонна инертті материал дайындап, сақадай сай отыр. Ауылда қауіпті жағдай туса, тұрғындарды көшіріп орналастыру үшін 2 эвакуациялық бекет әзірленген.

Кейінгі мәліметтерге қара­ған­да, облыс аумағында 131 616 тек­­ше метр су сорылып, құм са­лынған қапшық­тың 5 730 данасы қауіпті жерлерге төселген. Бір мезгілде түрлі қызметтен 990 адам, 222 техника, 153 мотосорғы тасқынның бетін қайтаруға жұмылдырылды. Айта ке­тейік, құтқару жұмыстарының алғы ше­бінде әскери бөлім сарбаздары да жүр.

Кей жерде автожолдардан су өтке­нін айтқан едік. Бұлар – Ақ­жайық ауданының Қурайлысай ауылдық округіндегі Әтібек қыстағы маңынан өтетін «Жұбан – Сайқұдық» авто­жо­лының 7-ші шақырымы, Жәні­бек ауданының Жақсыбай ауылдық окру­гін­дегі «Жәнібек – Таловка – Кішіөзен» авто­жолының 3 ойпатты учаскесі, Терек­­ті ауданының Шалқар ауылдық окру­гін­­дегі Сарыөмір аулынан 9 шақы­­рым жерде, «Сарыөмір – Дуана» авто­жо­­лының 2 ойпатты учаскесі, осы аудан­­ның Аңқаты ауылдық округіндегі Қан­дық аулы маңындағы «Сарыөмір – Аңқаты» автожолы және «Теректі-Ақсай» автожо­лының 19 шақыры­мы. Қазір Дуана аулымен көлік байланысы жоқ. Қалған елді мекендерге айналма жолдар бар, тұрғындарға қауіп төнбеген. Жол­дың қауіпті тұстарына арнайы белгі орнатылып, кезекші қойылған.

27 наурыз күні Теректі ауданына қарасты Аңқаты аулында 16 тұрғын үйге су кіріп, сондай-ақ 8 аула аумағын су басқаны хабарланды. 27 тұрғын мектеп-интернат ғимаратына көшірілген. Үй жануарлары мен құстар қауіпсіз жерлерге шығарылған.

«Су деңгейін түсіру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жолдың жабыны алынды. Оқиға орнында ТЖД жеке құрамынан 21 адам, 4 бірлік техника, 2 мотопомпа және 1 қайық, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардан 12 адам, 3 бірлік техника, полиция департаментінен 2 адам, 1 бір­лік техника жұмылдырылды. Облыс­тық төтенше жағдайлар департаменті бастығының мін­детін уақытша атқарушы полковник Руслан Қасыбаев сол жерде жүр», деп хабарлады баспасөз қызметі.

 

Батыс Қазақстан облысы