Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қытай қандай өнімдерге қызығады?
Форумда Қытай елімен сауданы дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Басым тауарлардың экспортына, логистикаға, сертификаттауға, сондай-ақ бірлескен өзара тиімді жобаларды жоспарлауға ерекше назар аударылды. Жиынға қатарында 200-ге жуық кәсіпкер бар Сычуань және Хубэй провинциясындағы іскер топ өкілдері, салалық қауымдастық басшылары келді. Біздің тараптан 300-ге тарта түрлі сала өкілдері қатысты.
Экспорт мәселелері бойынша панельдік сессияның ашылу кезінде «QazTrade» АҚ Бас директоры Жеңіс Өсербай отандық тауар өндірушілердің жоғары әлеуеті туралы айтты.
«Қытай нарығының тауарларға деген қажеттілігі орасан зор және Қазақстан бұл сұраныстың бір бөлігін, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерімен жабуы мүмкін. Жыл сайын Қытай провинциялары біздің нарыққа көбірек қызығушылық танытып жатыр, мұны сауда көлемі дәлелдеп отыр», деді ол.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстың бәрі Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық қатынастарын дамытудың жаңа тәсілдерін іске асыруға бағытталғанын баса айтты.
«Екі елдің Мемлекет басшылары өзара тауар айналымын 40 млрд долларға дейін ұлғайту жөнінде қысқамерзімді міндет қойған болатын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі тараптың бірлескен күш-жігерінің арқасында Қазақстанның сауда серіктестерінің арасында ҚХР бірінші орынға шықты», деді министр.
Қазір елімізде өңделген өнімді экспорттаушы 740 белсенді ұйым бар. Оның 80%-ға жуығы шағын және орта бизнес өкілдері. Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 31,5 млрд долларды құраған рекордтық көрсеткішке жетті. Отандық өнімнің Қытайға экспорты 12,6%-ға өсіп, 14,7 млрд доллар болды. Импорт 50,5%-ға артып, 16,8 млрд доллар болды. Қытаймен өзара байланыс Қазақстан үшін әлемдегі тұрақты прогресс пен сауда-инвестициялық әлеуетті іске асырудың ұзақмерзімді факторына айналды. Былтыр еліміздің Қытай нарығына еркін экспорттай алатын агроөнімдер тізбесі кеңейді. Бүгінде отандық кәсіпорындар 135 тауар позициясы бойынша 1 млрд доллар қаржы көлемінде Қытайға өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өнімдерінің кең ассортиментін жеткізуге қауқарлы.
Байланыс бекемделе түседі
«ҚХР-мен жұмыс істеудің негізгі бағыты – әр провинцияны аймақтандыру қағидаты мен бірлескен жоспарды әзірлеу және өзара жұмыс органдарын құру. Біз белсенді жұмысты Қытайдың ең ірі үш провинциясының құрамына кіретін Сычуаннан бастадық. Қазір Қазақстан мен провинция арасындағы сауда шамамен 230 млн долларды құрайды. Онда біздің ел 45 млн долларға өнім экспорттайды. Провинция май, астық, сусын, кондитерлік өнімдердің және тағы басқа бірқатар тауардың үлкен көлемін сатып алуға дайын», деді А.Шаққалиев.
Ол сондай-ақ 40-тан аса отандық компанияның қатысуымен Чэндудағы соңғы сауда миссиясы Қытай нарығына сұраныс пен отандық тауарлар үшін экспорттық мүмкіндіктердің ауқымын көрсеткенін жеткізді. Сычуань провинциясы май, астық өнімдері, сусын, кондитерлік өнімдер мен басқа да тауарлардың ауқымды көлемін сатып алуға дайын. Жақын арада «QazТrade» сауда өкілдігі Сычуань провинциясындағы қытайлық серіктестермен бірлесіп жұмыс істей бастайды. Онда экспорттық оператор отандық кәсіпорындар мен Қытайдың ірі компаниялары арасындағы байланыстырушы буын рөлін атқаратын болады.
«Өткен жылы Шэньси провинциясында Мемлекет басшысы Бас консулдықты ашты. Оның алаңында қазақстандық өнімдер орны жұмыс істейді. Сиянь құрғақ портының аумағында «Қазақстан темір жолы» терминалының құрылысы басталды. Оған қоса, Хубэй провинциясының компанияларымен сауда және академиялық ынтымақтастық орнатылып жатыр», деді министр.
Транскаспий дәлізінің табысы
Іс-шараға қатысқан Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров елдер арасындағы көлік бойынша ынтымақтастық серпінді дамуды жалғастырып жатқаны туралы әңгімеледі.
«Қытайдан басталып, Қазақстан аумағы арқылы өтетін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытудың оң нәтижелерін көріп отырмыз. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол жүк тасымалының көлемі 28,3 млн тоннадан асты. Бұл – оң фактор. Енді логистикалық қызметтерге сұраныс артты. Осыған байланысты теміржол қатынасын одан әрі дамытуға күш салып жатырмыз», деді вице-министр.
Сөйтіп, Достық-Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың және Алматы вокзалын айналып өтетін желі құрылысының басталғанын айтты. Ол жүк ағынын Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген-Қазыбек би жаңа теміржолына қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл Алматы хабындағы жүктемені 40 пайызға азайтып, тауарды жеткізу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Ал былтырғы қазан айында Көлік министрлігі мен ҚХР Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында Аягөз-Бақты кеңістігінің құрылысы жобасы бойынша ынтымақтастықты бірлесіп дамыту туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар «Бақты» бақылау-өткізу бекетіне дейін теміржол төсеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
«Ұзындығы 1 782,7 шақырым болатын Қазақстан-Қытай шекарасында 2 теміржол және 5 автомобиль өткізу бекеті бар. Тасымалдау үдерісін тиімді қамтамасыз ету мақсатында Ақтау мен Құрық порттары акваторияларында тереңдету жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ал Қытайдың Сиань құрғақ портында қазақстандық логистикалық терминалды салдық. Ол Еуропа бағытында контейнерлік тасымал арқылы жүктерді шоғырландыруды қамтамасыз етеді. Қабылданған тиімді шаралардың арқасында көлік қозғалысы артқанын байқап отырмыз. Мәселен, былтыр тасымалдау көлемі 65%-ға өсіп, 2,8 млн тонна жүкті құрады», деді вице-министр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан еліне сапары аясында Қытайдың Сиань қаласынан Tранскаспий көлік дәлізі бойынша Баку порты арқылы Апшеронға қатынайтын контейнерлік блок пойызын қарсы алу телекөпірі ұйымдастырылған еді. Пойыз арадағы жолды небәрі 11 күнде басып өтті. Ал Қазақстан аумағы арқылы бар-жоғы 3 күн жүрді. Мұны жүктерді жеткізу уақыты 53 күнге созылған 2022 жылғы тасымалдау мерзімімен салыстыратын болсақ, үйлесімді жұмыстың арқасында Транскаспий мүмкіндігі өте жақсы нәтиже бергенін көреміз.
«KTZ Express» АҚ Бас директорының логистика жөніндегі орынбасары Айбек Қапардың айтуынша, қазірдің өзінде белгіленген бағыттар бойынша жүк тасымалдауды одан әрі ұлғайту мен жаңа перспективалы жобаларды әзірлеу үшін қажетті шараларды қабылданып жатыр. Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы оннан аса көлік дәлізі өтеді. Олар – Қытай-Еуропа, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Қытай-Орталық Азия-Иран дәлізі.
Транзитті тиімді пайдалансақ
Соңғы жылдардағы жаһандық логистикадағы өзгерістерге қарамастан, Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша континенттік контейнерлік транзит біздің ел үшін транзиттік тасымалдауды дамытудың стратегиялық бағыты болып қала береді. Бұл бағыттағы көлік қозғалысының динамикасы да біртіндеп қалпына келіп жатыр. Еуроодақ және Таяу Шығыс елдерінің экономикалық дамуы мен тауарларды тұтыну деңгейі аса жоғары. Бұл әртүрлі тауарға сұраныс бар екенін және тұтынушылар ол үшін жоғары баға төлеуге дайын екенін білдіреді.
«Таяу Шығыстың Еуропа, Азия және Африка арасындағы негізгі бағыттардың қиылысында орналасуы қазақстандық компанияларға өз тауарын әртараптандыруға және оны экспорттаудың жаңа бағытына көшуге мүмкіндік береді. Сондықтан «KTZ Express» отандық экспортты ілгерілетумен айналысатын «QazTrade»-пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ынталы. Екі мекеменің ынтымақтастығы экспорттаушылардың жүгін сапалы логистикалық қызметпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың қолжетімділігін оңайлатуға, көлік шығындарын азайтуға жағдай жасайды. Осы мақсаттағы негізгі бағыттар бойынша жұмыс істеуге әр кез дайынбыз. Бұл көліктің барлық түрімен экспорттық логистикалық қызметтерді құруға және дамытуға, цифрлық платформаларды біріктіру мен жетілдіруге мүмкіндік тудырмақ», деді А.Қапар.
Форум аясында «QazTrade» АҚ мен Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу жөніндегі кеңесі, сондай-ақ Hubei Enterprise International Cooperation of China қауымдастығы арасында, оған қоса Orbis Kazakstan компаниялар тобы Sichuan Kaiyi International Co, Ltd компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан басқа, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ мен Jinmaisui Group Gangwei отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мақсатында өзара іс-қимыл туралы келісті.