Оқиға • 29 Наурыз, 2024

Тілсіз-ақ табысып...

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аяқ астынан шетін бір шаруаның ыңғайымен такси шақыруға тура келген. Көзді ашып-жұмғанша жетіп келді. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз болып жатқан көксалпақ уақыт. Аяқ астындағы шыныдай жалтыраған көк мұздан қорғалап таяқтастам жердегі таксиге жете алсамшы. Жүргізуші – елулер шамасындағы қазақтың жігіті. Кешіктіргеніме ренжімесін деп көңілін аулап жатырмын. Тіл қатқан жоқ. Қолындағы телефонға жазылған мен тапсырыс берген мекенжайды көрсетті. «Жүрейік пе?» деп ымдады. Бас шұлғыдым. Көлігі тап-таза екен, ұқыпты қолдың табы анық байқалып тұр. Ісіне мығым, тындырымды жанның бірі болғаны да.

Тілсіз-ақ табысып...

Діттеген жеріме жеткен соң телефонға жазып жөн сұрастым. Целиноград ауданының тумасы. Аты-жөні – Жомарт Байқошқаров. Ұзақ жылдардан бері Көкшетау қаласының тұрғыны. Кәсібі – 2010 жылдан бері такси жүргізушісі. Оған дейін етікші, көше сыпырушы да болған. Пойызда жүріп газет-журнал да сатыпты. Күнкөріс қамы да. Отбасын асырау үшін. Қызы бой жетіп, тұрмысқа шыққан, ұлы – 16-да. Қара қазан, сары баланың қамы үшін жанын жалдап жұмыс істегенде көксегені – солардың қамы. Қатарынан кем қылмай өсірсем деген ізгі ниет, әкелік ақ пейіл. Қолынан келер жұмыстың ешқайсысынан тартынып көрген емес. Тағдырдың сынағына да көндіккен. Ым мен ишарадан ұққанымыз, басқа түскеннің бәріне еменнің иір бұтағындай шыдамды болуы керек. Одан басқа не істерсің?

Сәлден соң телефон арқылы сурдоаудармашысымен тілдестік. Ым мен ишарадан көп тәуір. Әдетте жолаушылар такси қызметіне өкпе-наз да айтып жатады екен. Көптің көңілін кім тапқан?! Ал Жомартқа шағым айтылмапты.

Әлеуметтік желідегі такси жүргізушісі мен жолаушының арасындағы кикілжің түсіріліпті. Орта жастан асқан, пішімді әйел жүргізушінің ит терісін басына қаптап жатыр. Өзі де адуын адам екен, тіпті үдетіп барады. Бір ғана көріністен бұл жұмыстың оңай емес екенін түсінуге болады. Неше қилы болмыс бар. Тойдан тойып шыққандар да, кімге соқтығарын білмей жүрген сотқарлар да такси шақыруы әбден мүмкін ғой.

– Әкем жұмысы қаншалықты қиын болса да, үйге келгенде қабағын бір шытып көрмепті, – дейді қызы Әсем. – Өтпелі кезең­нің өкпек желі тоңдырғанда сауда-саттықпен де айналысты. Тілсіз тірлік ету әрине, қиын. Бірақ сол тауқыметтің бәріне біз үшін төзгенін жан-дүниемізбен сеземіз. Сондықтан әкеге деген құрмет шексіз. Қай уақытта болсын арқасүйер асқар таудай әкеміздің бар екеніне іштей шүкіршілік айтып, перзенттік парызымызды өтеуге тырысып жүреміз.

Қызының айтуына қарағанда, әкесі мейлінше ұстамды, отбасына шуақ төгетін мейірім-шапағаты мол, ара-тұра әдемі әзілі­мен де көңілдерін баурап қоятыны бар. Ең бастысы, жарық күннің бір шөкім сәулесіне деген мөлдір махаббаты төңірекке арай шашып тұрады. Ертеңгі күнге деген сеніміне селкеу түскен емес. Ең бастысы да сол емес пе?!

 

Көкшетау қаласы