Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Қостанай облысы су тасқынының екінші толқынына дайындалып жатыр

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының оңтүстік аудандарында тасқын су тағы қайталануы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысы су тасқынының екінші толқынына дайындалып жатыр

Арқалықта өткен жедел штаб отырысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ұлытау жақтан тағы су келуі мүмкін екенін, сондықтан қазірден бастап су тасқынының екінші толқынына дайындық шаралары басталғанын айтты.

«Ұлытау жақта қар көбесі әлі сөгіле қойған жоқ. Оған тікұшақпен қауіпті аймақтардағы адамдарды құтқару шаралары барысында әуеден барлау арқылы көз жеткіздік. Демек, бұл – тасқынның екінші толқыны болады деген сөз. Осыған байланысты, сақтық шараларын әбден күшейте түсуіміз қажет. Қауіпті жерде орналасқан елді мекендердегі тұрғындар ертерек қауіпсіз жерлерге жеткізілсін. Барлық департамент басшылары Арқалық қаласына шоғырланып, төтенше жағдай жойылғанша әрқайсы өз салалары бойынша су тасқынынан зардап шеккен халыққа тиісті көмектерін берулері керек», деді жедел штаб төрағасы Құмар Ақсақалов. 

Қауіпті аймақтарда су қарқыны бәсеңдеген. Алайда Ұлытау жақтан келетін судың қарқыны, ауқымы қандай болатыны беймәлім. Синоптиктер алдағы күндері күн жылып, сынап бағанасы жоғарылай түседі деген божам айтып отыр.

Облыс әкімдігінің басқарма, департамент басшыларының бәрі тасқын судың қаупі сейілгенше Арқалықта жұмыс істеп жатқан жедел штабтың басы-қасында болады.

 

Қостанай облысы