Аймақтар • 31 Наурыз, 2024

Жангелдин ауданының 7 елді мекенімен жол қатынасы үзілді

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жангелдин ауданының Көлқамыс, Көкалат, Аралбай, Ахмет, Ақкөл, Шеген, Ақшығанақ ауылдарымен жол қатынасы үзілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жангелдин ауданының 7 елді мекенімен жол қатынасы үзілді

Бүгін Торғайдан Ақкөлге қарай шығып едік, 40 шақырымнан әрі жүре алмай орта жолдан кері қайттық. Одан   Көлқамыс, Аралбай, Көкалатқа қарай бұрылып едік, Аралбайдың тұсында іркілдік. Бүгін сағат онға дейін ашық тұрған жолды екі жерден су жырып кеткен. Судың екпіні қатты. Көтерме жолдың үстінен асып ағып жатыр. Ені 200 метрдей болады.

А

Көлқамыс ауылында 28 үйге су кіріп кеткен. Аудан әкімі су тасқыны төніп тұрған елді мекендерден 250 адам эвакуацияланғанын айтты. Олар Торғай, Арқалықтағы туыс-туғандарының үйіне орналасқан. Аудан орталығы Торғайда екі эвакуациялық орталық,  еріктілер штабы жұмыс істеп жатыр. Кеше түнде Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бастаған Аманат партиясының өкілдері Торғайға үлкен жүк көлігімен гуманитарлық көмек әкелді.

Аудан 5 күннен бері жарықсыз отыр.  Ұялы телефон байланысы бірде бар, бірде жоқ. Амангелді мен Торғайдың арасындағы жолда белуардан суға малшынып, құлаған бағандарды тұрғызып, үзілген сымдарды жалғап, жанталасып жүрген энергетик мамандарды көрдік.

«Қазір жағдай күрделі. Осыдан 4-5 күн бұрынғы жағдай аймағымызда жатқан қардың еруінен  болса, қазір сырттан келіп жатқан тасқын су аудан аумағын басып өтіп жатыр. Көп болып жұмылып, су тасқынына қарсы күресіп жатырмыз. Жағдай сағат сайын құбылып тұр. Ең бастысы - елдің амандығы. Жан-жақтан ағылып көмекке келіп жатқандар көп», деді Жангелдин ауданының әкімі Шота Оспанов.

Торғайда жаңа ғана жарық жанды. Жаркөл ауылына су кірді деген суыт хабар жетті.