Әлем • 31 Наурыз, 2024

Нидерланд тәжірибесі

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы 1200 жылдың мұғдарында Нидерланд отызға жуық су апатына тап болған. Жүз мыңнан астам тұрғын тілсіз жаудың құрбанына айналып кете барды. Толассыз толқын жер көлемінің мыңдаған шаршы шақырымын жұта беріп, мемлекеттің өзін шайып кетуге шақ қалған. Ақыр аяғында нидерландықтар теңізге қарсы жер үшін «соғыс» ашады. Бақсақ, олар бұл майданда сөзсіз жеңіске жеткен сияқты. Қазір Нидерланд инженерлері жасап шыққан «Дельта» жобасы отыз жыл бойы халықты су тасқынынан қорғап келеді.

Нидерланд тәжірибесі

1953 жыл 1 ақпанының түнінде үш күннен бері тулаған су тасқыны сағатына 150 км жылдамдықпен бір мезетте 50 бөгеттің тас-талқанын шы­ғарды. Ал таңға жуық 133 елді мекенді су алып үлгерді. Апаттан 72 мың тұрғын эвакуацияланғанымен, 1835 адам опат болды. Тасқынға – тосқын қоюға Нидерландқа дүниежүзі қолұшын созды.

1953 жылдың бұл трагедиясы халық­ты су тасқынынан қорғайтын жаңа инженерлік жобалардың жасалуына себеп болды. Солардың ең бас­тысы әрі ең ауқымдысы – «Дельта» бөгеті. Оның негізгі ұзындығы 2,5 мың шақырым болса, көмекші бөгеттер 13 мың шықырымды құрайды. Бө­геттердің көбі теңіз тыныш кезінде ашық тұрады. Ал дауыл тұрып, су деңгейі көтеріле бастағанда автоматты жүйе дабыл қағып, дамбалар жабылады. Осы арқылы елді тасқыннан қорғайды. Бір қызығы, бөгеттер жел энергиясы арқылы жұмыс жасайды.

«Дельта» жүйесінің басқа бөгет­терден бір айырмашылығы – инженерлер оны қажет кезінде теңіз кемелері де өте алатындай етіп сал­ған. Себебі теңізбен жалғасып жатқан Шелдт өзені біржола тұйық­талып қалса, онда ол уақыт өте келе тұщы суға айналады. Бұл жер­гілікті экожүйеге, соның ішінде ба­лық өнеркәсібіне теріс әсер ететін көрінеді.

Америкалық инженерлер қауым­дас­­тығы «Дельта» жүйесін қазіргі әлем­нің жеті кереметінің қатарына қосқан.