Қоғам • 31 Наурыз, 2024

Үш әкімге сөгіс жарияланды

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінде су тасқынына қарсы іс-шараларды бақылаусыз қалдырған үш әкімге сөгіс жарияланды. Тереңкөл, Павлодар аудандары мен Ақсу қаласының басшылары қарды уақтылы шығару, тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу жөніндегі міндеттерді тиісті деңгейде жүргізбеген. Қазір аймақтағы қауіпті учаскелер бақылауға алынды.

Үш әкімге сөгіс жарияланды

«Бүгінгі таңда облыс бойынша 14 қауіпті учаске бақылауға алынып, онда 133 адам, 51 бірлік арнайы техника, 35 мотопомпа жұмылдырылды. Павлодар мен Тереңкөл аудандарының, сондай-ақ Ақсу қаласы әкімдерінің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санаймын. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізудегі бақылаудың әлсіздігі үшін оларға қатаң сөгіс жарияланды. Менің тапсырмам бойынша барлық су тасқынына қарсы іс-шара ағымдағы жағдай туралы сағат сайын берілетін есеппен тәуліктік режімге ауыстырылды және менің жеке бақылауымда», деді облыс әкімі Асайын Байханов.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Павлодар, Май, Успен, Павлодар, Шарбақты, Ақтоғай, Ертіс аудандары мен Ақсу қаласының жекелеген елді мекендері бойынша 21 учаске айрықша бақылауға алынған. Бірқатар елді мекенде үй аулаларын, шаруашылық ғимараттарын су басқаны туралы ақпараттар түскен еді. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметкерлері су жыру, сору жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Бұған қоса автомобиль жолдарының 6 учаскесі бақылауда тұр. Өткен тәулікте елді мекендерден 420 тонна қар шығарылса, қауіпті учаскелерден 30 мың текше метр су сорылып алынған. ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге тәулік бойы мониторинг жүргізіп отыр. Оған дрондар да қосылған.

Апта басында Павлодар қаласы мен Атамекен кентін, Ақсу қаласы мен Павлодар ауданындағы көшелерді су басу жайттары тіркелген.

 

Павлодар облысы