Қаржы • 01 Сәуір, 2024

Ұлттық қор қызметі сапалануы керек

62 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы кезде Ұлттық қор жұмысының тиімділігіне күмән­мен қарайтындар қатары басым. Қор қаражатының жинақталу динамикасында жинақтау функ­циясын орындаудың тиімсіздігі байқалатыны жиі айты­лып жүр.

Ұлттық қор қызметі сапалануы керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Tengenomika» телеграм-арнасы өткен жылдың соңғы күндері «Ұлттық қор жинақтау қызметінен гөрі тұрақтандыру қызметін көбірек атқарады» деп жазды. Олардың мұндай пікір айтуына Ұлттық банк зерттеуінің қортындысы себеп болыпты.

«Үкіметтің Ұлттық қордан қаражат тарту саясаты ауқымды және жүйелі сипатқа ие болып, соның нәтижесінде жинақтау функциясы мүлдем жойылып кеткен» дейді арна сарапшылары. 2014 жылдан 2023 жылдың қазан айына дейін Ұлттық қор қаражатының орташа жылдық өсімі теріс -2,7%-ды құраған. Салыстыратын болсақ, он жыл бұрын (2004-2014 жылдар аралығында) орташа жылдық өсім 33,4% болған.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт 2024, 2025 және 2026 жылдарға 2 триллион теңгеден белгіленді. Сондай-ақ 2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге респуб­ликалық ауқымдағы маңызды инфра­құрылымдық жобаларды қаржы­лан­дыруға бағытталады. 2024 жылға мұнай­дың шекті бағасы – барреліне 43,4 доллар, 2025 жылға – 40,2 доллар және 2026 жылға 41,8 доллар болып белгіленді. Ұлттық қор қаражатын пайдаланудың қазіргі үрдісі тәуелсіз сарапшылардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Олар елдің Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану ережелеріндегі «тесіктер» қордың бағытын жинақтаушы емес, тұрақтандырушы бағытқа айналдырып жібергенін айтады.

«Ракурс» экономикалық талдау-сараптама орталығының директоры Ораз Жандосовтың есімі Ұлттық қорды құруға қатысқан тұлғалардың бірі ретінде аталады. Алматыда өткен CFO Summit-тің пленарлы сессиялары арасындағы үзілісте ол Ұлттық қордың жұмысы бастапқы мақсатынан алыстап кеткенін айтты.

«Ұлттық қор – Ұлттық банктің алтын-валюта қорының бір бөлігі емес, ол – Қаржы министрлігінің қазыналық қоры. Бастапқы кезде қор қаражаты бюджет тапшылығын шешу үшін алынды. Кейін дағдарыс кезінде қауіпсіздік жастықшасына айналды. Бірақ Ұлттық қор трансфері экономикамыздың түтіні түзу ұшқан кезде де жалғасты. 2001 жылы құрылған Ұлттық қор тұжырымдамасы Үкімет тарапынан өзгеріске ұшырап отырады. Қордың барлық құрылымын ретке келтірмей, төмен инфляция мен инфля­циялық күтулерге қол жеткізу қиын. Инвесторлар үшін ең маңыздысы – ашықтық. Олар Ұлттық қорыңыздың қан­шалықты тұрақты екенін және оның құрамында қанша нақты өтімді ақша немесе қажетсіз бағалы қағаздар бар екенін оның жұмысындағы ашықтық деңгейімен түсінеді», дейді ол.

Былтыр республикалық бюджетке трансферт түрінде 4,1 триллион теңге түскен. Таза түсім – 2,3 трлн теңге. 2024 жылы Ұлттық қордан түсетін трансферт 3,6 трлн теңге болады деген үміт бар. 2023 жылы Ұлттық қорға түсімдер 6,4 трлн теңгені құрады: мұнай секторынан – 4,6 трлн теңге, инвестициялық кіріс – 1,8 трлн теңге.

Бірер ай бұрын Ұлттық банк актив­тер­ді орналастырудың жаңа схемасы арқылы Ұлттық қордың ұзақмер­зімді табыстылығын арттыруды көздей­тінін мәлімдеген. Егер бұрын олар консервативті әдіспен (80%-ы – дамыған елдердің облигациясы, 20%-ы – акциялар) бөлінсе, енді мұны келесідей құрылымдау жос­парланып отыр: 60%-ы – облигациялар, 30%-ы – акциялар, 5%-ға жуығы – балама құралдар және 5%-ға дейін – алтын. Ұлттық банк өткен жылдың қазан айында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) акциялары сатып алынғанын хабарлады. Ақпараттық хабарламада республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд доллар сатылғаны жазылған. Алайда соның ішінде қанша қаржы ҚМГ акцияларын сатып алуға жұмсалғаны нақтыланбаған. Кейінірек Қаржы министрлігі Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуына рұқсат етуге байланысты «Самұрық-Қазына» облигацияларын Ұлттық қор ақшасы есебінен сатып алу 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік беретінін айтқан. Ал сарапшылар мұның себебін ірі кәсіпорындардан түсетін салық аза­йып, бюджет кірісі қысқарғанғандықтан қабылданған шешім деп отыр.

Наурыз айының ортасында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлт­тық қордың активтері жыл басынан бері 0,3 пайызға өсіп, 60,2 млрд долларға жет­кенін, ақпан айының соңында инвес­­ти­циялық кіріс 1,44 пайызды немесе 0,87 млрд долларды құрағанын хабарлады. Жыл басынан бері қорға түскен түсім көлемі 912 млрд теңгені құрады, оның ішінде ұлттық валютада – 184 млрд теңге. Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылған трансферт көлемі 1 трлн теңгені құрады.

Ұлттық қордағы қаражатқа тәуелділік­тен арылу туралы бастама бірнеше рет көтерілгенін осыған дейін жаздық. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты бірнеше рет тап­сырма берді. Тапсырма қалай орындалып жатыр?» деген сұрағымызды Ұлттық экономика министрлігіне жолдап, төмендегідей жауап алдық.

«Елдің салық-бюджет саясатының және Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану саясатының бағдарлары Мем­лекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасымен бекі­тіл­ді» дейді министрліктің баспа­сөз қызметі бізге берген жауабында. ҰЭМ өкілдері айтып өткендей, ірі инфра­құ­ры­лым­дық жобаларды жоспарлау кезінде қаржыландырудың қолданыста болған тетіктерін қолдану мүмкін болмаған жағдайда ғана Ұлттық қордан қаражат бөлу мүмкіндігі қаралады.

«2023 жылдан бастап Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мұнайдың ке­сімді бағасы кезінде болжанатын мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемінен аспайтын мөлшерде ай­қындалады. Осылайша, белгіленген кесімді бағаны ескере отырып, Ұлттық қордан республикалық бюджетке кепіл­ден­дірілген трансферттің мөлшері 2022 жылғы 4,0 трлн теңгеден 2023 жылы 2,2 трлн теңгеге дейін және 2024-2026 жылдары жыл сайын 2,0 трлн теңгеге дейін төмен­деді», делінеді жауапта.

Министрліктің хабарлауынша, 2024 жылдан бастап республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын шектейтін бюджеттік қағида ортамерзімді кезеңде фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлт­тық қордың жинақ функциясын күшейтуге мүмкіндік бермек. Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферттер инфрақұрылымды дамытуға және жалпыұлттық маңызы бар жобаларды іске асыруға ғана бөлінетін болады. Бұл норма Ұлттық қордан нысаналы транс­ферт­терді бөлу критерийлерін қатаң­датуға бағытталған.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин осыған дейін журналис­термен кездескен кезде Ұлттық қордан мақсатты трансферт алу үшін «өте маңызды» жоба қандай критерийлерге сай болуы керектігін айтып берген. Маңызды нысандардың қатарына жұмыс орындары мен қосымша салық беретін зауыт құрылысы немесе тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылым (жылу электр стансалары, кәріз тазарту қондырғылары) енгізілген. Сондай-ақ вице-министр 2020 жылдан бері Ұлттық қордан алынған қаражат көлемі 4 трлн теңгеден төмен түспегенін, 2020-2023 жылдарға арналған трансферттер көлемі шамамен 17,8 трлн теңге болғанын айтып берді. 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға сәйкес, Ұлттық қордан бөлі­нетін трансферттердің респуб­ли­ка­лық бюджеттегі үлесі 2024 жылы 15%-дан 2025-2026 жылдары орташа есеппен 8,2%-ға дейін төмендеумен жоспарланды.

ҰЭМ өкілдері айтып өткендей, Ұлт­тық қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген және нысаналы трансферт сомасы жиынтығында жыл сайын біртіндеп азаяды.

«Ұлттық қор қаражатын тиімді басқару мемлекеттік қаржының фискалдық тұрақ­ты­лығын қолдау жөніндегі басқа да ілеспе шаралармен қамтамасыз етілетін болады», дейді ҰЭМ өкілдері.

 

АЛМАТЫ