Экономика • 01 Сәуір, 2024

Төртінші деңгейлі бюджет бәріне тиімді ме?

190 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент депутаттары мен Үкімет алдағы уақытта Өңірлердің бюджеттік дербестігін күшейтуге мән беріп отыр. Жаңа Бюджет кодексінің жобасында бұл бағыт ерекше қамтылады. Дейтұрғанмен қазіргі төртінші деңгейлі бюджетке қатысты бірқатар мәселе бар. Жергілікті мәслихаттар мен қауымдастықтар бұл тарапта бірқатар түйткілді алға тартып отыр.

Төртінші деңгейлі бюджет бәріне тиімді ме?

Фото: aikyn.kz

Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті Павлодар облысында көшпелі отырыс өткізді. Жиынға жергілік­ті мәслихаттар, облыс, қалалар мен аудандар әкімдіктері, мемлекеттік кірістер департаменті, өңірлік тексеру комиссиясының өкілдері қатысып, аймақтардың бюджеттік дербестігі, тексеру комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың ішкі аудит қызметтерінің мәселелерін талқылады.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмриннің дерегінше, жергілікті жерлердегі салықтарды жинаудың қарқыны шамамен 128 пайызға өскен. Өңірлерде 2021 жылы 631 млрд теңге салық жиналса, былтыр бұл көрсеткіш 985 млрд теңгеге жетті.

– Бұдан біз жергілікті әкімдер­дің салық көрсеткіштерін еселеуге мүдделі екенін байқап отырмыз. Яғни жергілікті қазынаға түсетін кіріс көп болған сайын, төртінші деңгей­дегі бюджеттің қалтасы қампаяды. Сәйкесінше, жергілікті жерлерді дамытуға ақша көбейе түседі. Жаңа Бюджет кодексін талқылау кезінде Мәжіліс депутаттарының ұсы­ны­сымен корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы 100 па­йыз аудандық деңгейдегі бюджетке түсу мәселесі жұмысқа алынды. Бірақ Ұлттық статис­тика бюросының дерегінше, еліміздегі еңбекақы төлеу қоры (ЕТҚ) 2022 жылы 31 трлн 556 млрд теңгені құраған. Оның 10 трлн 677 млрд теңгесі – бақыланбайтын экономика. Соның ішінде Павлодар облысында еңбекақы төлеу қоры аталған уақыт ішінде 1 трлн 249 млрд теңге болса, 482 млрд теңгесі бақыланбайтын экономикаға тиесілі. Шартты есептеулерге сүйенсек, бақыланбайтын экономикаға ЕТҚ-дан қосымша 70 млрд теңгеден астам қаражат түседі, оның 40 млрд теңгесі – жеке табыс, 30 млрд-ы – әлеуметтік салықтар. Бақыланбайтын экономика көрсеткіштерінің төмендеуі бюджетті көбейтудің шешуші факторы екенін ескерсек, өңірлер экономиканың барлық саласында қадағалауды күшей­те түсуі керек, – дейді вице-министр.

Дейтұрғанмен қазіргі уақытта төртінші деңгейлі бюджет халқы аз өңірлер үшін аса тиімді болмай тұрғаны байқалады. Мысал үшін Ертіс-Баян өңірінде бұл бюджеттің пайдасын небәрі 2 ауыл ғана көріп отыр.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбектің дерегінше, облыстағы ауылдық аумақтардың жергілікті кірісі негізгі бюджеттің 1-6 пайызын ғана құрап отыр. Мұндай кіріс олар үшін жеткіліксіз әрі оны пайдалану тұрғысынан тіпті тиімсіз.

– Өңірде 126 ауылдық округ бар. Соның ішінде Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кенті мен Төртқұдық ауылдық округінде ғана жергілікті алым-салықтан бюджеттің 67-80 пайызы жабылады. Себебі бұл жерлерде ірі кен орындары орналасқан. Өзге аумақтарда бұл үлес 1-ден 6 пайызға дейін, әрі кетсе 9 пайыздан аспайды. Біздің ұсынысымыз, ауылдық округтегі халық саны 2 мыңнан асқан жағдайда ғана төртінші деңгейлі бюджет қолданылуы керек. Ал одан аз болса, бұл бюджеттің ешбір тиімділігі жоқ, барлық бюджеттік түсімдер аудан арқылы жүргізілуі керек. Бұл ұсынысты біз Парламент пен Үкіметке жолдап отырмыз, – дейді ол.

Тағы бір мысал, 2024 жылы облыста төртінші деңгейлі бюджеттің жалпы жиыны 19,4 млрд теңгені құраса, соның небәрі 9 пайызы ғана жергілікті алым-салықтардан құрал­ған. Ал бюджеттің 27 пайызы жергі­лік­ті әкімдіктердің аппаратын ұстап тұру­ға, 30 пайызы жолдардың күтімі мен жөн­деуге, 13 пайызы «Ауыл – ел бе­сігі» бағдарламасын жүзеге асыру­ға, 22 па­­йызы абаттандыру мен санита­рлық іс-шараларға, көшелерді жарықтан­дыруға жұмсалады деп жоспарланған.

Егер жоғарыдағы ұсыныс жүзеге асатын болса, төртінші деңгейлі бюджет Павлодар облысында халқы 2 мыңнан асатын 32 ауылдық округте ғана қолданылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Сенат өңірлердің бюджеттік дербестігін күшейту мақ­сатында аймақтарды аралап, пікір-ұсыныстарды жинап жүр. Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Мәжілісте талқыланып жатқан жаңа Бюджет кодексінің жобасы тұрғысынан бұл ұсыныстар аса маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттері мен үкіметтік сағаттар, тыңдаулар, дөңгелек үстелдер, көшпелі отырыстар нәтижесіндегі Парламент депутаттарының ұсынымдары мен қоғамның тілектері осы мақсатқа жетуге бағытталған.

Жиында сондай-ақ төртінші деңгейлі бюджетке қатысты шешім­дердің барлығын Әділет органдарында міндетті тіркеу, бюджетті нақтылау мерзімдерін көбейту, тексеру комиссиялары мен ішкі аудит қызметінің жұмыстарын қайта қарау сияқты ұсыныстар айтылды.

 

Павлодар облысы