Президент • 01 Сәуір, 2024

Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар - Президент

1427 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар - Президент

Фото: Ақорда

«Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс.
 
Айтпақшы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Қ.Тоқаев әкімдіктерге еріген қар суын елді мекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.