Білім • 01 Сәуір, 2024

Мемлекеттік басқару академиясы жаңа оқу жылына қабылдауды бастады

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Академия ректоры Ерлан Әбіл 2024-2025 оқу жылына қабылдау науқанының басталуы туралы өткен брифингте хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік басқару академиясы жаңа оқу жылына қабылдауды бастады

Фото: Мемлекеттік басқару академиясы

Оқуға құжаттарды қабылдау онлайн форматта Академияның арнайы ақпараттық жүйесі арқылы 1 сәуірден 26 маусымға дейін жалғасады. Спикердің айтуынша, биыл оқуға қабылдау ережелерінде бірқатар өзгеріс бар.

«Халықаралық қатынастар», «Мемлекеттік саясат» және «Экономика» екі жылдық бағдарламалары бойынша оқу мерзімі екі жылдан бір жарым жылға дейін қысқартылды. Биыл «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына құқық қорғау органдарынан және арнайы мемлекеттік органдардан да үміткерлерді қабылдаймыз. Қабылдау науқанының жалпы мерзімі 20 күнге қысқартылды. Қорытынды ақпаратты биыл 5 тамызда жариялауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар магистратура бағдарламалары үшін сұхбат кезеңін бағалаудың үлес салмағы 70%-ға дейін және докторантура үшін 50%-ға дейін көтерілді», деді Академия ректоры.

Магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл, ал докторлық бағдарламалар үшін 5 жыл еңбек өтілі болуы қажет.

«Академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау 8 магистратура бағдарламасы және 3 докторантура бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметші емес тұлғаларға негізгі жұмысымен қатар оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама қарастырылған. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген. Грантқа тапсырушылар мемлекеттік органның жолдамасын ұсынуы қажет. Оған мемлекеттік орган басшысы немесе аппарат басшысы қол қоюы керек. Шетелдік азаматтарды есептемегенде, барлық білім беру бағдарламаларына түсушілердің мемлекеттік тілді меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс», деп атап өтті Ерлан Қуанышұлы.

Спикердің мәліметінше, іріктеудің алғашқы кезеңі – Аналитикалық эссе жазу 29 маусымда нақты уақыт режимінде өтеді. Докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын (Research proposal) 26 маусымға дейін жүктеуі керек, жоспарлар 7 шілдеге дейін бағаланады. Қорытынды кезең – Сұхбат – 1-20 шілде аралығында Академия қабырғасында офлайн форматта өтеді. 22 шілде күні аралық қорытынды шығарылады.