Аймақтар • 01 Сәуір, 2024

Павлодар облысындағы Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланды

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалаулы ауылында 14 үйді су басқан. Мамандардың айтуынша, облыс бойынша қарғын су біртіндеп солтүстік бөлікке қарай жылжып барады, деп жазады Egemen.kz.

Павлодар облысындағы Жалаулы ауылында төтенше жағдай жарияланды

Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ермек Машрықов Жалаулы елді мекенінде жалпы саны 14 үй су астында қалып қойғанын жеткізді. Жағдайдың күрделенуіне байланысты аталған ауылда жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

«Жалаулы ауылы ойпаң жерде орналасқандықтан, жағдай күрделі болып тұр. Ауылға еріген қар суы әлі де кіріп жатыр. Су сору жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. 14 үйдің тұрғындарына көмектесіп, оларды уақытша туыстарының үйлеріне орналастырдық. Малдар құрғақ жерге айдап шығарылды. Арнайы комиссия азаматтардың баспаналарын тексеруге шықты, келтірілген залалды бағалайтын болады», дейді ол.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазіргі сәтте Ақсу қаласында, Ақтоғай, Успен, Ертіс, Шарбақты және Тереңкөл аудандарында қарғын су бойынша 10 учаске бақылауда тұр. Қызыл су жүре бастағалы және өткен апта соңында жауған нөсер жаңбырдың салдарынан 18 тұрғын үйді су басқан. Қазіргі уақытта 8 үйден су шығарылды, ал Ақтоғай және Успен аудандарында 10 үй бойынша суды жыру, сору жұмыстары жалғасып жатыр.

«Бүгін арнайы комиссия барлық су басқан үйлерге келтірілген залалды бағалау жұмыстарына кірісті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша барлық зардап шеккендерге облыс бюджетінің резервінен және бюджеттен тыс қаражат есебінен көмек көрсетілетін болады», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Олег Трещевтің айтуынша, қарғын су қазіргі уақытта облыстың оңтүстік аймақтарына қарай ойыса түскен. Соңғы күндері топырақтағы тоңның беті жіпсіп, су жақсы сіңе бастаған. Әйтсе де, солтүстіктегі, Ресей Федерациясымен шекаралас ауылдарға қауіп төнуі мүмкін. Бұл өңірлерде қар әлі толық ери қоймаған. Елді мекендерден қар шығарылып, арықтар қазылып жатыр.

«Ақмола облысындағы су қоймаларынан су босатылып жатыр. Жіберіліп жатқан су нормадағыдан артық, соған орай облыста тағы қосымша учаскелерді су басуы ықтимал. Дейтұрғанмен біздің күштеріміз қауіптің бетін қайтаруға қауқарлы», дейді департамент өкілі.

Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға 399 адам, 130 бірлік техника, 44 мотопомпа, 2 жүзу құралы жұмылдырылған. Соңғы үш тәулік ішінде 1,7 млн текше метрден астам су сорылды, 7,5 мың тонна инертті материал төгіліп, 8 мыңнан астам қапшық төселген.