Қаржы • 02 Сәуір, 2024

Валюталық интервенция жүргізілмеді

132 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің (ҰБ) хабарлауынша, наурыз айының қорытындысында теңге бағамы 0,9%-ға нығайып, 1 доллар 446,77 теңгеге дейін қалыптасты. Қазақстан қор биржасында сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 187 млн доллардан 225 млн долларға дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 3,8 млрд доллар болды.

Валюталық интервенция жүргізілмеді

Фото: Inbusiness.kz

Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамта­ма­сыз ету үшін наурызда 748 млн долларға валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 19%-ын және күніне 44 млн доллардан аспайтын мөлшерді құрады.

Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтың бейтарап қағида­тын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қордағы операциялардың валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық банк наурызда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру мақсатында биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 500 млн долларды немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 13%-ын құрады», делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Сондай-ақ ҰБ наурызда валю­талық интервенциялар жүр­гізген жоқ деп мәлімдейді. Республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2024 жылғы сәуірде ҰБ Ұлттық қордан 1 млрд доллардан 1,1 млрд долларға дейінгі мөл­шер­де валюта сатылуын күтеді. 2024 жылғы сәуірде БЖЗҚ зей­нетақы активтерінің валю­та­лық үлесін ұстап тұру үшін 450 млн доллардан 500 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтіледі.

«Ұлттық банк ашықтық қағи­даты аясында валюта нарығын­да жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарық­тар­дағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қам­тамасыз ететін икемді бағам бел­гілеу режімін ұстана береді», делінген мәлімдемеде.