Төтенше жағдай • 02 Сәуір, 2024

Ағынның қарқыны қатты

145 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоян жылының көктемі Абай облысына да оңай тиіп тұрған жоқ. Халықтың малы суға кетпесе де, салы суға кетіп, алдағы күндеріне алаңдаумен таң атырып, күн батырып жүр. Бұлай айтуға негіз де бар. Облыстың бірқатар ауданы тасқын судан зардап шегіп жатыр. Еріген қар суы Аягөз, Ақсуат, Жарма, Бесқарағай мен Бородулиха аудандарындағы ағайынды әбігерге салды.

Ағынның қарқыны қатты

Суға кеткен адамдар әлі табылмады

Баспанасына, ауласы мен қора-қоп­сысына су кірген жұрт жер­гілікті биліктен, жауапты мекемелерден көмек сұрап, жанайқайын әлеуметтік желілер арқылы да жет­кізіп жатыр. Арыны қатты су күре жолдарды да шайып, көпірлерге зақым келтірді. Әлбетте, осындай сәтте бұқара биліктен батыл шешім, ширақ қимыл, жедел әрекет күтеді ғой. Жергілікті билік те қарғын судың әлегімен шама-шарқынша күресіп-ақ жатыр.

Абай облысындағы қарбалас апта бұрын басталған. Алдымен Ақсуаттағы аудандық жолды қар­ғын су шайды. Сосын Семейден Қа­рауылға шығатын жолдың ер­неуіне жеткен қар суы асып кетті. Қала іргесіндегі Қаракөлге қарай жөңкілген су 4 аулаға кіріп үлгерген. Абай облысы ТЖД техникасын, мотопомпасын әкеліп, қауіптің бетін қайтарды. Қаракөлмен қабаттаса дала суы Жарма ауданы Подхоз кентінің 3 ауласына кіріп, аудандық төтенше жағдайлар басқармасы жедел әрі жинақы жұмыс істеді. Ал 27 наурызға қараған түні аягөздік ағайыннан ұйқы қашты. Аягөз өзені арнасынан асыпты. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деуші ме еді? Көп кешікпей өзеннің жағасын көтеру, нығайту жұмыстары басталды.

Аягөзде үш адам суға кетіп қал­ды. Олар әлі де табылған жоқ. Абай облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 23 наурыз күні 1977 жы­лы туған азамат Аягөз өзенінен атпен өткенде суға кеткен деп бол­жанып отыр. Азамат өзі жұ­мыс істейтін шаруа қожалығына бармақ­шы болыпты. Сонымен қатар құтқарушылар 26 нау­рыздан бастап 1957 және 1985 жылы туған тағы екі азаматты да іздестіріп жатыр. Олар Борлы өзенінен трактормен өтпек болған екен.

Әлеуметтік желіде тараған видеода өзен ортасындағы трактор төбесінде тұрған екі адамды бай­қауға болады. Құтқарушылар келгенше жақындары қарап отырмай, өздері өзеннен алып шығуға тал­пынған. Атқа мініп камера сүйре­ген ер-азамат трактор маңына жақын­дағанымен, өзі әупірімдеп жағаға әзер шығады. Міне, содан бері үш адамды іздеу жұмыстары нәтижесіз. Тіпті іздеу жұмыстарына Қорғаныс министрлігінің тікұшағы да жұмыл­дырылған.

Бозай аулына апаратын көпір де Аягөз өзенінің тасуына шыдас бермеді. Қарғын су көпірдің бір жағын опырып әкетті. Ауылмен жол қатынасы жоқ. Қазір Бозай­дағы жұрт­қа азық-түлікті, керек-жарақты қайықпен жеткізіп жатыр. Бородулиха, Бесқарағай, Жарма аудандарының біраз аулында тыныш ұйқы жоқ. Жанталасқан жұрт. Барлық жерде қарбалас. Қапы қалмаудың қамы.

Бейсенбі күні қар суы Жарма ауданындағы Үшбиік аулында 12 аула мен 9 үйге кірген. Құтқару­шылар ондағы тұрғындарды қауіп­сіз жерге көшіріп, суды тазартты. Облыстағы екі жолды тасқын су бұзып өтті. Ақсуат ауданындағы Кін­­дікті аулымен байланыс үзілді. «ҚазАвтоЖол» мамандары да рес­публикалық маңызы бар жол­дар­дағы қауіпті учаскелерде бекіту, су ар­наларын кеңейту жұмыстарын тәу­­лік бойы үздіксіз жүргізіп жатыр.

Төтенше жағдай қызметінің мамандары өңірдегі 6 ауданда жағдай қауіпті екенін айтып отыр. Қазір облыстағы Аягөз, Ақсуат аудандарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланған.

«Басты назарда бірнеше аудан бар. Бұлар – Ақсуат, Көкпекті, Жарма, Аягөз, Бородулиха және Бесқарағай. Осы аудандар бақылауда. Барлық өзеннің маңайында тәулік бойына ке­зекшілік құрылған. Бүкіл күш-құ­рал жұмылдырылуға да­йын», дейді Абай облысы ТЖД басшысының орынбасары Азамат Орымбаев.

Ақсуат ауданындағы Боғас өзе­нінде де су деңгейі көтерілгендіктен, екі елді мекен тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. Кіндікті аулынан Ақсуат аулына – 25 адам, оның ішінде 5 бала жеткізілді. Жо­лын су шайып, қатынас үзілген Кіндікті тұрғындарына МИ-8 тік­ұша­ғымен азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалданған.

«Табиғи апат қой енді. Бәрінен бұрын халқымыз аман болсын. Аналық атымнан алғыс айтамын бәріңе. Көмектесіп жатыр. Тік­ұшақ жіберіп, бізді қауіпсіз жерге кө­шірді», дейді Кіндікті аулының тумасы Дария Қожахметова.

Қарғын су Уаң аулы маңында бөгетті де бұзған. 25 тұрғын Жәнті­кей аулындағы орта мектептің ғимаратына орналастырылды. 400 бас мал ауылдың шетіне шыға­рыл­ды. Ал Аягөз ауданында өзен суының деңгейі 365 см-ге дейін көтерілген. Сондықтан Аягөз қа­ласының шет жағындағы 43 жеке тұрғын үйден 172 адам түнде­летіп мектеп-интернат пен жас­өспірімдер спорт мектебіне эвакуацияланды. Тасқынның бетін қайтару мен халықты көшіруге 140-қа тарта адам мен 40-қа жуық техника жұмылдырылған.

 

Көмекті тікұшақпен жеткізіп жатыр

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Жарма, Аягөз, Бесқа­рағай аудандарына барып, жағ­дайды көрді. Көшпелі жиын өткізіп, тиісті тапсырмаларын жауапты мекемелерге жүктепті.

Көктемгі су тасқыны Көкпекті­дегі көптің де көңілін күпті қылып отыр. Ақсуат жақтан жылжи ақ­қан қар суы мұнда да жетті. Биғаш ау­лы­на апаратын жолдан асып кет­кен қар­ғын су ауыл көше­лері­не жайыл­ған. Әйтеуір үйлерге су кірмеген. Көкпекті ауданы әкім­­­дігі, Абай облысы ТЖД және «Қаз­селденқорғау» мекемесі күш бірік­тіріп, алдын алу іс-шараларын жүргізген.

Көкпекті ауданы әкімдігінің мәліметіне көз жүгіртсек, Биғашта аудандағы №15 өрт сөндіру бөлі­мінен 10 адам және 3 техника, аудандық әкімдіктен 40 адам және 4 техника, «Қазселденқорғау» мекемесінен 2 адам және 1 техника, № 68303 әскери бөлімінен 23 әскери қызметкер жұмыс істеген.

Биғаштың 140-қа тарта тұрғыны бар. Ауылдағы негізгі мектепке 100 адамға эвакуациялық пункт те дайындалған. Мамандардың айтуынша, су деңгейі төмендеген. Тәулік бойына кезекшілік те ұйым­дастырылған.

«Ауылдың жанынан өтетін Кіндікті өзенінің тасымағанына 7-8 жыл болды. Жағасына тал-терек, қамыс өсті. Өзіміз әкеп күл-қоқыс та төктік. Міне, осының бәрі қарғын су келгенде өзеннің арнасынан асуы­на әкелді. Төмен жақтағы бір үйге су кірді, 4-5 қора-жайға көшенің еріген қар суы жайылды. Қатты қауіп жоқ. Ауыл азаматтары бір жағдан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлік көрсетіп жатыр. Аудан әкімі де келді. Жанымызда жүрді. Ауылға әкелетін жолдан ғана қорқып отырмыз. Су шайып кетсе қиын болады. Жолдың су басқан жерінен жеңіл көлік өте алмайды. Әзір ауыр жүк көлігі ғана өтеді», дейді биғаштық Жанат Көпесов ақсақалмен телефон арқылы тілдескенде.

Көкпекті өзенінде де су дең­гейі көтерілген. Өзеннің кейбір тұсында су көлемі 1,5 метрге дейін жоға­рылаған. Осыны ескерген құт­­қа­рушылар өзен жағасына жақын тұратын тұрғындарға шұғыл әрекетке дайын болу керек екенін ескерткен. Аудан орталығы Көк­пек­тідегі Береговая, Жұмабаев, К.Ба­кин және Раев сынды бірнеше көшені су басу қаупі жоғары. Үлкен­бөкен және Преображенка ау­лын­да да жағдай мәз емес. Олар да шұғыл шешімге дайын отыр.

Ақсуатта да алаңдаған ағайын, жабырқаған жұрт. Бұл жақта кө­мекті тікұшақпен жеткізуден бас­қа амал жоқ. Кіндікті, Үштөбе, Қызылкесік ауылдарына азық-түлік, дәрі-дәрмекті тікұшақпен жеткізді. Абай облысының құтқарушылары қыстақтан Кіндікті аулына атпен шығып, адасып кеткен атасы мен немересін МИ-17 МО тікұшағының көмегімен бір тәуліктен соң дін аман тапты.

Негізі, Абай облысында да ахуал айтарлықтай жақсы емес. Аягөз, Ақсуат, Бесқарағай, Бородулиха, Жаңасемей, Жарма мен Көкпекті аудандарында қарғын судан қауіп әлі сейілген жоқ. Сондықтан жергілікті атқарушы билік, құтқарушылар күшейтілген режімде жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Бородулиха ауда­нындағы Уба өзені суының дең­гейіне квадрокоптер арқылы мони­торинг жасалды. Әзірге су дең­гейі қалыпты. Ал аудандағы Пере­меновка орта мектебінің оқушы­лары төртінші тоқсанды қашықтан оқып бастады. Өйткені мектепке баратын бірнеше көшені су басқан. Білім бөлімі оқушыларды әзірге қашықтан оқыту туралы шешім қабылдаған екен.

Көкпекті ауданында да екі шопанды тікұшақпен құтқаруға тура келді. Олар да Көкпекті өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, қыстақтарына жете алмай қалған. Құтқарушылар шопандардың біреуін Тассай – Көкпекті автожолының көпірінен, екіншісін Көкпекті өзенінің маңы­нан тапты.

Абай облысы әкімдігінің мә­лі­ме­ті­не сүйенсек, бүгінде облыста құтқару жұмыстарына 706 адам жұмылдырылып, 171 бірлік техника жұмыс істеп жатыр.

 

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,

журналист

 

Абай облысы