Қоғам • 02 Сәуір, 2024

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

218 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының 4 ауданы мен Орал қаласында жағдай күрделі болса, сәуірдің 1-і күні бүкіл облыс аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды

Төтенше жағдай өңірдегі су тасқыны қатеріне байланысты жарияланып отыр. Тасқынның алдын алу жұмыстарына облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов басшылық етеді.

Қазір өңірдің төрт ауданында бірнеше елді мекенге су кіріп, тұрғын үйлер бүлінді. Адамдар мен хайуанаттар қауіпсіз жерге көшірілген.

Енді бастауын Ресей Федерациясы аумағынан алатын трансшекаралық өзендердің деңгейі күрт көтеріліп келеді. Өңірде мұндай өзендер саны бесеу: Жайық, Шаған, Деркөл, Қараөзен мен Сарыөзен. Дәл қазір соңғы екі өзеннің суы арнасына толып ақты, бұл Қазталов пен Жаңақала аудандары аумағындағы 22 елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін. Жергілікті билік орындары, халық бір кісідей жұмылып, қауіпсіздік шараларын жасап жатыр.

Сондай-ақ Шаған, Деркөл және Жайық деңгейі де сәт санап көтеріліп барады. Кей жерде су деңгейі қауіпті көрсеткіштен де асып кетті.

Өңірде бүгінде 4 мыңнан аса адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұлардың тең жарымы – балалар. Облыста жалпы саны 219 эвокопункт бар.

Қазір облыста барлық деңгейде тасқыннан зардап шеккендер үшін гуманитарлық көмек ұйымдастырылып жатыр. Жолдардың, көпірлердің бүлінуінен «үлкен жермен» қарым-қатынассыз қалған ауылдарға азық-түлік, керек-жарақ жеткізу жүйелі ұйымдастырылып отыр. Мысалы, Қаратөбе ауданында – Сулыкөл, Үшана, Төлен, Темірбек, Қосбаз, Аққозы, Қоржын және Ақтайсай ауылдары қазір аралда қалған.

Соңғы күндері Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылын су алып, жүзге жуық үйге қауіп төнген еді.

Кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыс халқына үндеу жариялап, қиын кезеңде сабырлық сақтап, бір-біріне қолдау көрсетуге шақырды.

«Қадірлі жерлестер, бүгін Мемлекет басшысына облыстағы жағдайды баяндадым. Президент өз тарапынан халыққа барынша көмек көрсетілетінін айтты. Зардап шеккендердің әрқайсысы Мемлекет тарапынан берілетін көмектен қалыс қалмайды. Құтқарушылар, төтенше жағдай мамандары, коммуналдық қызметтер, күштік құрылымдар, волентерлер және тұрғындарымыз күн демей, түн демей су тасқынымен күресіп жатыр. Мен үшін жерлестерімнің амандығы бірінші орында. Сондықтан, тасқынның алдын алуға бағытталған барлық қажетті шаралар міндетті түрде атқарылады», деді өңір басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы