Оқиға • 02 Сәуір, 2024

Түркістан облысында жасөспірімді ауылдастары аяусыз соққыға жыққан

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында жасөспірімді құрдастары қатыгездікпен соққыға жыққан бейнежазба желіде тарап жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан облысында жасөспірімді ауылдастары аяусыз соққыға жыққан

Фото: видеодан алынған кадр

Tengrinews.kz оқиға үш күн бұрын болғанын жазды. Төбелескендер 7-9 сынып оқушылары болып шықты. Бейнежазбада бір жасөспірімнің келесі баланы аяусыз ұрып, тепкілегені түсірілген. Ал үшінші бала жағдайды баяндаған. 

Бейнежазба құзырлы органның назарына іліккен.

Түркістан облыстық полиция департаменті бейнежазбадағы жасөспірімдердің жеке басы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілгенін хабарлады. Сондай-ақ қажетті сараптамалар тағайындалып, жанжалдың себептері анықталып жатыр. «Бұзақылық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

«Жәбірленуші бала анасымен бірге тұрады. Ата-анасы ажырасқан. Күдіктілер сол ауылдың тұрғындары, 7-9-сынып оқиды. Жанжалға қатысушылардың ата-аналары бала тәрбиелеудегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылады. Аудан әкімдігі жанындағы арнайы комиссия отырысында білім беру мекемелерінің басшылары мен мұғалімдердің жауапкершілігі қаралады. Іс облыстық ішкі істер департаменті бастығының бақылауында», делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.