Дін • 02 Сәуір, 2024

Әдептен озбаңыз!

169 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елдес ағайынның кенже ұлы өмірден озыпты. Тепсе темір үзетін шағы. Отызға да толмаған. Дауасыз дерт көрінеді. Кейінгі кезде жаман ауру жиілеп кетті. Жаманат хабар жетсе, жұрт атын айтуға жасқанып, «сол емес пе екен?» деп сұрайды. Күдік шынға айналып жатады.

Әдептен озбаңыз!

Жаназаға жиналғандардың қарасы қалың. Кейінгі кезде адам көп жиналатын болып жүр. Бір үйден қаншама адам, бала-шаға, келін-кепшек. Қазалы үйге көңіл айтып, орны толмас қазаның салмағын жеңілдету үшін қайғының бұлтын серпуге тырысу адамгершілік екені даусыз. Әйтсе де қара жамылып отырған отбасына мұншама адамды күтіп алып, қонақасы беру – ауыр салмақ. Бардың малын шашқанымен, жоқ не істемек?

«Ең бастысы, жаназаға қатысып, топырақ салу, – дейді ел ағасы Қадыржан Кереев, – бата жасағаннан кейін қала тұрғындары үйлеріне кете берсе де айыбы жоқ. Әйтпесе өзіңіз ойлап қараңыз, бес-он мың теңгемен бата жасаймыз. Сосын үші, жетісі, қырқы, жылдық асы. Осыншама халықты жинап дәм беруі керек. Оның арасында қырқы өткенше жұмалығы бар дегендей. Сонда біздің бата жасаған көмегіміз демеу бола ма?»

Көкшетаулықтар кейінгі жылдары етті турап беруге көшті. Өте ыңғайлы. Семіз жылқыдан 24 табақ шығады десек, турап берген кезде алпыс-жетпіс табақ шығаруға болады. Ол дегеніңіз 600–700 адамға жетеді. Осы дәстүр дұрыс болды. Әйтпесе бұрын халық көп жиналған кезде қара жамылған отбасы екі-үш жылқы іздеп, әуре-сарсаңға түсіп жататын.

«Тек кейбіреулер сойылған малдың мүшесі дұрыс көрінбей қалады әрі жиналған жұрт біздің ет жақын ағайынға көрсеткен құрметімізді лайықты бағаласын деп, турамай беруге тырысып жатады, – дейді қала тұрғыны Алпысбай Тұрсынбаев, – оның ар жағында қазақтың кәдімгі дарақылығы жатқан жоқ па екен? Қазір бата дастарқаны мен той дастарқанының арасында айырмашылық жоқ қой. Құстың сүтінен басқаның бәрін тауып қояды. Әрине, жүдеу, жұтаң болмағаны жөн. Дегенмен артық нәрсенің бәрі ысырап.

Жасы келген немесе ұзақ уақыт ауырып-сырқап жатқан жан емес, төтеннен келген тақсірет. Ауылдас ағайынның баласы дімкәстігін айта да қоймапты. Ағайын-туысын абыржытпайын деді ме екен, тағдырдың салған сынағын кәтепті нардай көтеріп жүрсе керек. Дәмі таусылған күні қайтпастың кемесіне мініп аттанып жүре берген.

Облыс орталығындағы ең үлкен мейрамхананың бірінде асы берілді. Қарақұрым жұрт. Қазір осындайда көсіліп сөз сөйлейтін шешендер пайда болған. Асты басқарып жүрген адам қайта-қайта «енді кім тілек айтады?» деп сұрайды. Тілек тіріге айтылмай ма? Өмірден өткен адамға керегі Құран бағыштау шығар.

Сәл төмендеу отырған, шамасы марқұмның замандастары болуы керек, бір топ жас әлдебір қызық әңгіменің қызуына берілген. Қарқ-қарқ күлкі. Амалсыздан орнымыздан тұрып барып, «бүйткенше келмей-ақ қойғандарың жөн еді» деп әдеп сақтаулары керектігі туралы ескерту жасауға тура келді. Қара жамылып, отыз омыртқасы опырылып, қырық қабырғасы қаусаған ағайыннан ұят тіпті.

Қай кезде де әдептен озбаған жөн-ау.