Қоғам • 02 Сәуір, 2024

Материалдық емес мұралардың мол қайнары

292 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ұлттық музей мен «Отан­дастар қоры» КеАҚ-тың бірлескен жобасы аясында Өзбекстан қазақтарының рухани мұра­сы кеңінен зерт­телді. 2022-2023 жыл­дары аралы­ғында жүр­­гізілген ізде­ніс­тер нә­ти­жесінде 250-ден аса құн­ды материал жинақ­тал­ды. Сондай-ақ ұлттық қор оннан астам 100-200 жылдық тарихы бар жәді­герлермен толықты.

Материалдық емес мұралардың мол қайнары

Жоба жұмыстары Өз­бек­станның Таш­кент пен Науаи об­лыстарында (Қызылқұм) тұ­ра­тын қазақтар арасында жүр­гізілді. Зерттеулер нәти­же­сін­де аймаққа қарасты Тамды, Үш­құдық, Кенимех ауданының елді мекендерінде әлі күнге дейін көшпелі мал шаруашылығын кәсіп етіп, Қызылқұмның арасында тіршілік етіп отырған қазақтардың музыкалық фольклоры, ауыз әдебиетінің үлгі­лері, қазақтың дәстүрлі емшілігі сынды құнды деректер алынды. Ұлттық музейде өткен дөңге­лек үстелде мекеменің Мәде­ни мұраны ғылыми зерттеу инс­титуты ғалымдары осы руха­ни мұраларды жинау, сақ­тау, зерттеу жұмыстарының қорытын­дысымен бөлісті.

– Тамды ауданы бойынша Тамды ауданының орталығы және Керізбұлақ, Жаңа шаруа, Жырықты, Өтемұрат қа­тар­лы ауылдар қамтылды. Ұш­­құ­дық ауданы бойынша Үшқұдық ауданының орталығы және Ұзынқұдық, Құлқұдық, Жүз­құдық, Мыңбұлақ, Шал­қар қатарлы елді мекендер, Кенимех ауданы бойынша Ке­нимех ауданының орталығы және Баймұрат, Үштөбе, Қал­мұрат қатарлы елді мекендер қамтылды. Нәтижесінде, қазақ­­тың ұлттық салт-дәстүрі, орындаушылық өнері, музыка­лық фольклор, этнографиясына қатысты өте мол мұралар жазылып сақталды. Өзбекстандағы қазақтардың рухани мұрасын ғылыми зерттеу жұмыстарында Науаи облысының Тамды және Үшқұдық аудандарынан қазақ халқының рухани мұра­сын ұстанушы 16 көзі тірі мұра­гермен тікелей жүздестік. Өз­бекстан қазақтарына жүргі­зілген зерттеулерде музыкалық-этнографиялық кешенді экс­педицияның бағыттары айқын­далып, жиналған материалдық емес мәдени мұра элементтері жанрлық ерекшеліктеріне қарай сұрыпталды. Сондай-ақ биыл жинақталған деректер негізінде ғылыми еңбек дайындау жоспарланып отыр, – деді өнертанушы, PhD Ардаби Мәулет.

Елде материалдық емес рухани мұралардың халі мәз емес. Бұл туралы депутат Жа­нарбек Әшімжан Мәжілісте мәселе көтеріп, биліктегілерге депутаттық сауал жолдаған-ды. Дөңгелек үстел барысында да депутат арнайы заң жобасы жедел әзірленуі керек екенін еске салды.

– Қазақ халқының материал­дық емес рухани мұрасы үлкен екі саладан тұрады. Біріншісі – материалдық емес мәдени мұра, екіншісі – материалдық мәдени құндылықтар. Материалдық құндылықтар бойынша Үкімет­тің арнайы қаулысымен тари­хи-мәдени ескерткіштердің жұ­мысы жүйелі жүргізіліп келеді. Мұндағы маңдымай тұр­ғаны – материалдық емес рухани мұралар. Материалдық емес мәдени мұра дегеніміз – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлт­тық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұста­лық, садақшылық, құдық шеген­деуші, құсбегілік, аңшы­лық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылт­паш, ұлттық мейрамдар. Қысқасы, ресми түрде қағаз­ға түскен 87 элемент. 2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасал­ған «Материалдық емес мәде­ни мұраны қорғау» туралы Кон­венцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда ратификациялаған. Әлемде 150 ел халықаралық кон­венцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Париж конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдаған. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақ­тап, мемлекеттің байлығы ретін­де қорғап отыр. Бізде заң түгіл сы­нық сүйем құжат жоқ. Мате­риал­дық емес рухани мұра­ны сақ­таушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемле­кеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл, өңірлерде жүргізілмеген, – деді Жанарбек Әшімжан.

Басқосуға мемлекет және қо­ғам қайраткерлері, әдебиет­танушылар мен өнертанушылар, фольклортанушылар, сондай-ақ музей саласының мамандары қатысты.

– Тарихын танып, дәстүрін жалғап келе жатқан көнекөз қариялардың жыл өткен сайын қатары сиреп барады. Ал олар­дың бойына жинаған қа­зы­­насын, халқымыздың рухани мол мұрасын бүгін жазып, жинақтамасақ, ертең кеш болары анық. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарды қол­ға алдық. Ғылыми экспеди­ция ұйымдастырдық. Жоба Ұлт­тық музейдің ұйытқы болуы­мен, Ардаби Мәулет сынды ға­лымдардың бастамасымен іске асты. Ол бұған дейін Сол­түс­тік Қазақстан, Ақмола, Көк­шетау өңірлерінде ғылыми экс­пе­диция ұйымдастырып, руха­ни мұраларымызды тү­ген­­деп жазып алып, зерттеген бо­латын. Мұндағы бас­ты мақ­­сат – шетелдегі қазақ­тар­дың ма­териалдық емес мұра­ларын зерттеу. Сол ыңғайда Өзбекстандағы ауыз әдебиеті, жыр, аңыз, күй, терме, жұмбақ, бата, салт-дәстүр сынды фоль­клор­­лық мұралар молынан жинақталды. Қазір урбанизация дәуірінде жоғалып бара жатқан материалдық емес құнды­лықтарымызды жинап, теріп алудың маңызы ерекше. Алдағы уақытта Ресей, Қытай, Моңғолиядағы қазақтардың рухани мұрасын түгендесек деген ойымыз бар, – деді «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы.

Айта кетейік, бұл жиналған мұралар әдебиеттану, өнертану, тарих, этнография, эстетика, педа­гогика тағы басқа ғы­лым салаларында қолдануға ұсы­нылады.