Өндіріс • 03 Сәуір, 2024

Алтын кеніші жабыла ма?

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Майқайыңның алтын кенішіндегі апаттық жағдайдан кейін тоқтап қалған шахтаның жұмысы әлі күнге қаңтарылып тұр. Ал кәсіпорын бойынша 260-қа жуық қызметкер мәжбүрлі демалыста. Қазіргі уақытта жұрт арасында «Майқайыңалтын» кәсіпорны банкрот болып, таратылады екен деген әңгіме желдей есіп тұр.

Алтын кеніші жабыла ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұған дейін Д.Қонаев атында­ғы тау-кен ісі институтының мамандары «Майқайыңалтын» АҚ-ның кеніш шахталарына түсіп, олардың кеншілер үшін қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріп жатқаны туралы ха­барлаған едік. Мамандар оң шешім шығарса, сәуір айында кеніш қайтадан жұмысын жал­ғастыруы керек еді. Алайда инс­титут ғалымдары әзірше кеніш­тің жағдайын бағалау бойын­ша қорытындыларын тағы бір созатынға ұқсайды.

Бұл екі арада алтын кәсіпор­нын­да еңбек ететін мыңға жуық қызметкерлердің арасында «шахта толығымен тоқтайды екен», «Майқайыңалтын» банкрот болады екен» деген алып-қашпа әңгіме желдей есіп тұр.

Майқайыңдық тұрғындардың бұл айтып жүргендерінің шын­дыққа қаншалықты жанасатынына көз жеткізбек оймен, кәсіп­орынның бас директоры Қуаныш Ботиннен қалыптасқан ахуалды сұрап білдік.

– «Майқайыңалтын» АҚ-ның басшысы ретінде бұл ақпараттың шындыққа жанас­пайтын қауесет екеніне сендіре аламын. Акционерлеріміз шахта жұмысының жалғасуына, адамдарымыздың өз жұмыс орындарына оралып, комбинат­тың толыққанды циклге көшуіне мүдделі. Бұл мәселеде олардың тарапынан дұрыс әрі әділетті көзқарас бар. Кәсіпорын тоқта­майды, оны әрі қарай дамыту үшін акционерлеріміз қосым­ша қаржы құюға бейіл танытып отыр. Қазіргі уақытта «Май­қайыңалтын» АҚ-ның кені­шіндегі апатты тергеп-тексеру шаралары әлі де жалғасып жатыр. Бұл іс-шаралар шамамен 31 наурызда аяқталып қалады деген үміт болған еді. Бірақ құзырлы және құқық қорғау органдары әлі де біраз уақыт жұмыс істейтінге ұқсайды. Қонаев атындағы тау-кен ісі институтының мамандары шахталарымызға түсіп, олардың қызметкерлеріміз үшін қаншалықты қауіпсіз екенін бағалау үстінде. Негізі бұл зерттеудің түйіні де 31 наурызда қойылып, оң шешім шықса шахтадағы өндіріс жұмыстары іске қосылады деп үміттенгенбіз. Бірақ институт өкілдері бізге асықпауды ескертті. Барлығын жіті зерттеп шықпақшы. Әрине, біз үшін қызметкерлеріміздің қауіпсіздігінен маңызды мәселе жоқ. Сондықтан зерттеуді жеріне жеткізуге келістік. Мамандар барлық жайтты назарға алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін есептеулерін жүргізіп жатыр, – деп жауап берді өндіріс орнының басшысы.

Белгілі болғандай, қазір кен байыту комбинаты мен өзге құрылымдық бөлімшелерде жалпы саны 580 адам жұмыс істеп жатыр. Ал жұмысы шахтамен байланысты 260 қызметкер мәжбүрлі еңбек демалысында. Оларға айлық еңбекақысының 50 пайызы мөлшерінде жалақы төленіп отыр.

Кәсіпорын басшылығы жер­астына түсіп кеткен автобус ішіндегі арыстай қос азаматты іздеуді жалғастыруы мүмкін бе? Ол мәселе әлі күнге басы ашық күйінде тұр. Қазір апат орын алған жердің айналасы қоршалып, барлық жұмыс тоқтатылған.

 

Павлодар облысы