Қоғам • 02 Сәуір, 2024

Баспана қуанышы

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодар қаласындағы жаңа шағын ауданда тұрғындардың игілігіне 198 пәтер тапсырылды. Жаңа пәтерлер баспана кезегінде 15 жылдан аса тұрған азаматтарға бұйырды. Олар – жетім балалар, көпбалалы, мүм­кіндігі шектеулі балаларды тәр­бие­леп отырған отбасылар.

Баспана қуанышы

Облыс орталығында жаңадан пайда болған «Достық» шағын ауданында тағы бір тұрғын үй іске қосылды. Жалпы саны 198 отбасы қоныс тойын тойлады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пәтер иелеріне кілттерін салтанатты түрде табыстап тұрып:

«Бұл пәтерлер сонау 2000-жылдардан бері тұрғын үй кезегінде тұрғандарға беріліп отыр. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, жетім балалар бас­па­налармен қамтылып жатыр. Сабырлық танытып, осы уақыт ішінде түсіністікпен қарағандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Облыс орталығында құрылыс қарқынының айтарлықтай өсуі байқалады, тек өткен жылы біз кезекте тұрғандардың санын 1 мыңнан аса адамға азайта алдық. Биыл «Достық» шағын ауданында 1 280 пәтерлі тағы төрт үй салу жоспарланған. Шаңырақтарыңыз шаттыққа, бақ-береке мен қуанышқа толы болсын!» деді.

Аталған пәтерлер жалға беріліп отыр. Тұрғындар оларды шектеусіз мерзімге жалдап тұра береді. Өңірде жалға берілетін тұрғын үй салу тәжірибесі жалғасын табатыны да атап өтілді.

Баспана қуанышына ие болған көп­балалы ана Оксана Марсаликова отбасының бұл ұзақ уақыттан бері күткен қуаныш екенін жеткізді. Ол мемлекеттің қамқорлығын әлеуметтік жағынан аз қамтылған шаңырақтар көбірек сезіп отырғанын атап өтті.

«Достық» шағын ауданы алдағы уақытта кеңейе түседі. Мұнда қазіргі уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп салынып жатыр. 2 мың оқушыға лайықталатын білім ұясы қанатын кеңге жайып келе жатқан аумақтағы көрікті ғимараттардың бірі болмақ.

 

ПАВЛОДАР