Аймақтар • 02 Сәуір, 2024

Қарғын суға қарсы қарекет

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлеріндегі су тасқыны салдарынан зардап шеккен халықтың қарасы қалың. Өткен жылы Жамбыл өңірінде де қар қалың түскені белгілі. Асқақ Алатаудың басындағы қалың қар әлі толыққанды еріген жоқ. Қысқасы, сақтанғанның қапы қалмайтыны анық.

Қарғын суға қарсы қарекет

Қалай алып қарасақ та, қарғын судан кез келген уақытта қауіп төнуі бек мүмкін. Мұны жергілікті атқарушы билік те толықтай сезініп отыр. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Арман Тоқановтың айтуынша, су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында барлық жерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып жатыр. Мамандар жағдайды толыққанды зерделеп жүр. Жауапты тұлғалар су қоймаларының қаншалықты толғанын жан-жақты қарап, күнделікті мониторинг жасап отыр.

Департамент басшысы келтірген дерекке жүгінсек, өңірде халықты қабылдауға арналған 396 пункт әзірленген екен. Жағдайды толыққанды бақылауда ұстау мақсатында 1 459 адам, 364 техника, 135 су айдау құралы және 19 жүзу құралы бар арнайы топтар жасақталған.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев те өңірдегі жағдайға жіті назар аударып отыр.

– Президент су тасқынына қарсы жұмысты күшейту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты міндет жүктеп отыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері қарап қалмайтыны анық. Біз нақты іс-қимыл жоспарын құрып, кез келген жағдайға, қауіп төнсе жедел әрекет етуге тас-түйін дайын болуымыз керек. Басты мақсат – адам қауіпсіздігі. Өңірдегі барлық аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшылары су қоймалары мен өзге де нысандардың жай-күйін ұдайы назарда ұстауы керек. Сондай-ақ су тасқынына дайындықты әкімдер ұдайы тексеріп отырғаны абзал деп есептеймін. Мұндай кезеңде елді дүрліктіруге болмайды. Жалған ақпарат берген адамдардың мәселесі майшаммен қаралатынын өңір тұрғындары қаперден шығармағаны дұрыс. Әр маман өз ісіне мұқият болып, шынайы ақпаратпен бөлісуі керек», дейді әкім.

Өңірде су тасқынына қарсы дайындық жұмысы жауапты орган өкілдерінің басқосуы кезінде жан-жақты пы­сықталды. Облыс орталығы Тараз қаласындағы тұр­ғын алаптарындағы барлық канал мен арық-атыздың тазалығы да күнделікті бақылауға алынған. Қала әкімдігі бұл мәселеге айрықша ден қойып отыр. Су тасқыны қаупі бар учаскелерде қажетті резервтер мен мобильді топтарды қалыптастыру бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр.

Облыс әкімі Е.Қарашөкеев Таразды қиып өтетін, бастауын көрші Қырғыз Республикасынан алатын Талас өзенінің жағалауын нығайту жұмыстарын тікелей өз бақылауына алып отыр. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл аудандарындағы бірқатар елді мекеннің қауіпсіздігі назардан тыс қалған жоқ. Аудан мен қала басшыларына тиісті тапсырмалар берілген.

Қалай десек те, жамбылдық мамандар қарғын судан төнетін қауіппен күресуге дайын. Жауапты тұлғалар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті міндеттемелерді мойнына алып отыр.

 

Жамбыл облысы