Оқиға • 03 Сәуір, 2024

Бишімбаев Салтанат Нүкенованың қаза тапқан күні туралы айтты

2401 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевтың ісі қаралып жатыр. Кезекті сот отырысында Бишімбаев қайғылы оқиға бойынша өз нұсқасын айтып берді, деп жазады Egemen.kz.

Бишімбаев Салтанат Нүкенованың қаза тапқан күні туралы айтты

Қ. Бишімбаев 9 қараша күні «Bau» мейрамханасында болған оқиғаны баяндап, Салтанат ес-түссіз жатқанда қандай шара қолданғанын айтты.

Оның айтуынша, ол Салтанаттың қасынан шыға алмай, Б.Байжановқа «Бепантен» әкелуді тапсырған. Бишімбаев сол күні аракідік жиналысқа қатысып, әйелінің жағдайын бақылап отырған.

«Бөлмеге кіріп жүргенімде ол ұйықтап жатты, тіпті қорылдады. Мен Бақытжаннан оны қалай оятуға болатынын сұрадым. Байжанов өзі білетін дәрігер Салтанатқа аммиак беруге кеңес бергенін айтты. Мен залға кіріп, аммиакты дәкеге тамшылап, Салтанатқа иіскеттім. Сол кезде ол мұрнымен емес, аузымен тыныс алып жатқанын байқадым. Сыртқа шығып, Бақытжанға ештеңе сезбей тұрғанын айттым. Ол «жедел жәрдем шақырайық па?» деп сұрады. Көріпкелдің бұған дейін айтқаны есіме түсіп кетті, ол Салтанат кешке қарай есін жияды деген еді. Сонда тағы күтуді ұйғарып, жиналысқа кеттім, сол жерде жарты сағат көлемінде болдым. Кейін Салтанатты оятқым келді, бірақ оны оята алмадым. Сол кезде ол қорылдағынын да доғарған. Кейін Бақытжаннан тамақ сұрап, бөлмеден шығып кеттім. Ішке қайта кіргенде оның бет-жүзі, денесі салқын болғанын байқадым. Тамыр соғуын іздей бастадым, бірақ таба алмадым», деді Бишімбаев.

Осы арада оқиғаға қатысушылар Нүкенованы құтқару мақсатында оған жасанды дем бергісі келгендерін де айтты.

«Мен шошып кеттім де, Бақытжанға телефон соғып, тез келуін сұрадым. Ол да тамыр соғуын іздей бастады, алайда таба алмады. Сонда Байжанов жедел жәрдем шақыруға кетті. Барлық жағдай осылай болды. Дәрігерлер жасанды дем беріңдер деді. Салтанатқа жақындап, аузымды ашқым келгенде, оның иегі қарысып қалғанын көрдім. Оның қайтыс болғанын сол кезде түсіндім. Жедел жәрдем келіп, реанимация шараларын жүргізе бастады, мен есеңгіреп қалдым, ас үйге барып, пышақ алып, өз-өзіме қол жұмсағаным дұрыс болар деп те ойладым. Сосын полиция келді», деді айыпталушы.