Зерде • 03 Сәуір, 2024

Жошы ұлысы, Абай һәм қазіргі заман

278 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Данышпан Абай талаптыға кез болғанда ғана атаның сөзі ынталы жүрекке жететінін, дегенмен көп жағдайда «ойлағаны айт пен той» айтушы мен тыңдаушының «көбі надан», «ұйқылы-ояу бойкүйез» келетінін, сөйтіп, «қайран сөздің қор» болатынын айтып кеткен-ді. Абай атамыз «жақсысы мен жаманы бірдей» (Қадыр) қара бұқараның психологиясына (орысша «психология толпы»; өкілдері Карл Юнг, Гюстав Лебон, Зигмунд Фрейд), Аймауытұлынша айтсақ «жан жүйесіне» терең бойлағандықтан, Отыз алтыншы сөзінде «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейді.

Жошы ұлысы, Абай һәм қазіргі заман

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Осы орайда ақтөбелік ғалымдардың «Абай­­дың туындылары ел билеу мәсе­ле­сінде халық пен билік­тің арасын жалғайтын алтын көпір бола алады» деген көзі­мізге түс­кен тұжырымы то­лық­ты­рып, ширатуды әрі нақты ұсы­ныс­­тар қалыбына салуды қажет ете­тін­дей.

Абай – реалист, қазіргі тілмен айтсақ, реалполитик бағытын (немісше realpolitik) жақтаушы. Ұлы ойшылдың бірқатар шығар­маларында қылаң беретін бұл идея атақты неміс философы Фридрих Ницшенің ұлтшыл социа­­лизм жалауын көтерген «Also sprach Zarathustra» («Зара­тус­тр­а осылай деген еді») атты еңбегіне өзек болған. Бү­­гін­­де қоңсы қонған елдегі бұқара санасын әп-сәтте жау­лап алған қарымташылық идея­сын өткізу үшін қолға алынған «мыл­­тықсыз майданның» өзегі – ақпараттық-психологиялық арнайы операцияларға қыруар қар­жы бөлініп жатыр. Ғалам­тордың арқасында бұл қарекетті жақтайтындар тіпті мұхиттың арғы жағында да жетіп артылады екен.

Енді «аяңдап өзімізге келсек», билік тарапынан болсын, азаматтық бірлестіктер тара­­пынан болсын қоғамдық санаға көңіл аударып, ел ра­йын бағу сынды мемлекеттік бас­қару тетіктеріне көптен назар аударылмағандықтан, тот баса бастағанын байқаймыз. Қазіргі таңда шоу-бизнес жарнамасы бел алып тұр. Сондай-ақ ескі Қазақстанның ат құйрығын шорт кесіп, қош айтысатын сарқыншақтарының бірі – қа­зы­наға қолды молынан сұғу психологиясы әлі күнге жадыдан өшкен жоқ. Бұл ретте желкілдеп өскен құрақтай жас буын бағзы Қазақстанның «ел шауып, жұртты талаған» «батыр бағландарына» әлі күн­ге дейін еліктейтінін, «тендер тарландарын» өнеге тұтатынын ескерсек, ақпараттық-насихат­тық, идеологиялық-тәр­биелік жұ­­мыс­тың, қасаң тілмен айт­сақ қоғамдық-әлеумет­тік мар­кетинг­тің, идеялар марке­тин­гінің қан­шалық маңыз­ды екен­дігіне көз жеткіземіз.

Енді осы идеялар марке­тингіне келейік. Эконо­микада промоушен (ағылшынша promotion – өткізу, ілгерілету, жыл­­жыту) деген ұғым бар. Кез келген ой-пікірдің таралуы, бұйым мен тауардың қолдан-қолға өтуі үшін оны жақсылап жарнамалау керек. Бұл тілге тиек етіліп отырған жоғарыдағы мақалға тікелей қатысты. Айта­лық, «ата атымен өтетін сөз» қоғамдық-әлеуметтік маркетинг аясынан табылатындықтан әрі көпшілікке ұсынылатын идея болғандықтан қаймана жұрттың «жақсысысының да, жаманының да» көңілінен шыға білуі шарт. Биылғы жылдың осындай сөзіне, яғни идеясына Жошы ұлысының 800 жылдығын жатқызуға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «мем­­ле­кеттілігіміздің тамыры тым те­­­реңде жатқанын әйгілейтін осы­­нау айтулы датаға құрмет көрсету еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді» деп атап өтті.

Ал бұдан бес жылдай бұрын, 2019 жылы Ұлытауда болғанда  «Ұлытау топырағы – алып тұлға­лардың рухы тоғысқан жер. Халық бұл жерге Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелерін, Хан ордасы мен Әулиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді. «Азияның арыстаны» атанған атақты Ақсақ Темір де осы өңірге ат шалдырған. Ұлытау аңыздарында ұлттың ұйысуы, жұрттың жұмылуы айқын көрініс тапқан. Ал ұлы ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі және шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бер­мейді. Ата-бабалардың аманатына адал болу – бізге сын» деген еді.

Сөйтіп, Мемлекет басшы­сының бас­тамасымен «ата-баба­лардың аманаты» іспет­ті осынау аса маңызды та­рихи датаның «промоушені» классикалық маркетинг талаптарына сай бас­талып кетті. Бұл мысалды стратегиялық жоспарлаудың үлгісі ретінде оқулықтарға ен­гізуге де болады. Идея-ұсыныс сөйтіп, ел санасына ақпарат ар­налары ар­­қылы біртіндеп сіңіріле бас­тады. Мұнымен қа­тар мектеп бағ­­дарламасында Жошы ұлысы туралы айтылып, кесене­сінің көрінісі берілгені, осы мағлұ­мат­тың ұстаз алдын көрген қаймана қазақтың жадында сақталғаны ақпараттық-насихаттық жұмысты жеңілдете түскендей. Сөйтіп, «Атаны да аласартпаудың, матаны да тоз­дыр­­маудың» (Олжас ағамызша айтсақ) тәсілі табылған сияқты.

Мемлекет басшысы басы­лымға берген сұхбатында «жылдар бойы қордаланған әлеу­меттік-экономикалық проб­лемалардың, жалпы тоқы­рау­дың билік пен қоғамды азды­рып-тоздыруының» себеп­те­ріне тоқталып, алда тұрған мін­деттерді саралап өтті. Мә­селен, ескі Қазақстан тұ­сын­да жалпы жамиғатқа арналып, ортаға тасталған ұрандар мен үндеулерден кенде болған жоқ­­­пыз. «Жемқорлыққа жол жабық!», болмаса «Өндірісті өрге сүйрейік!» сынды жалынды жолдауларға жұртшылық әуелде елең еткенімен, сөз бен істің басы бірікпеген соң көңіл­дері пәс тартып, суи бастайтын. Ал ендігі бастамалардың жөні бөлек. Президент бұдан бір жыл бұрын Түркістанда болған Ұлттық құрылтайда «Жаңару жолындағы еліміздің құндылықтарын орнықтыру үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз» деп атап өтті. Бұл үшін жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс. «Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Хал­­қымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзге­ру­­ге тиіс. Әйтпесе, басқа ре­фор­маның бәрі бекер».

Бұл ретте Мемлекет басшысы «ақпарат саясатының тиімділігін арттыру» қажеттігіне тоқталған еді. Ғылыми және педагогикалық, прак­тикалық шығармашылық қыз­­­метім ақ­параттық менедж­мент пен мар­кетингке қатысты бол­ған­дық­­тан пікір білдіре кет­­­­кенді жөн санап отырмын. Меніңше, қоғамдық-әлеумет­тік көз­қарас­тардың және экономи­калық бағдарламалардың мән-маңызын жұртшылыққа жеткізу үшін ақпараттық саясат бойынша тендерлер өткізіп, тоқсандық бол­маса жылдық медиа жоспар жасап, сақалды сипап отыруға болмайды. Аудиторияны зерттеп, танымдық-насихаттық жұ­мысты, экономикалық рефор­маларға көрсетілетін ақпарат­тық қолдауды халықтың кәсіптік, ұлттық сипаты мен жас ерек­ше­лігіне, білім-білігіне орайластыра жүргізген жөн. Орталық және жергілікті бұқаралық ақ­парат құралдарына және ми­нистр­­ліктер мен әкімдіктердің, басқа да мекемелердің баспасөз қызметтеріне жөн көрсетіп, жоба сілтеу барысында Президенттің баспасөз қызметі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі осы үдеден шығып келе жатқанына күмән жоқ.

Шетелдердегі қандаста­ры­мызбен мәдени-гуманитарлық байланыстар бір жағынан сыртқы саяси қарым-қатынастар аясынан табылатындықтан, Алматы қаласындағы «Қазақстан дипломаттары бірлестігі» аймақтық қо­ғамдық қауымдастығының мүшесі ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұх­ба­­­­тына өзектес ойларымды да мүмкіндікті пайдаланып, ор­та­­ға салғым келеді. Жошы ұлы­­сы­ның құрылғанын мем­­­­­­ле­кеттік деңгейде атап өту ұста­ны­мы тари­хы­мыздың көк­жиегін кеңей­­тіп қана қоймай, қазіргі таң­да­ғы әлемдік геосаяси және өркениет­тік өрісте иеленер ор­ны­­­мызға жаңаша көзқарас қа­лып­тастыруды талап ететіні ақиқат. Ұлық ұлыстан бастау алатын төл мемлекеттігіміздің кере­гесі Шығыс Еуропа өңірінде де керілгенін ғалымдарымыздың соңғы зерттеулері дәлелдеп отыр. Бұл тұжырым қазіргі Польша Республикасы, бұ­рын­ғы Речь Посполитаяға да тіке­лей қатысты. Ұлыс әс­­кер­лерінің алдыңғы шеп­терінде майдандасқан қа­зір­гі қазақ ру-тайпаларының жа­уын­гер сарбаздарының ат тұя­ғы жетіп, орныққан жер­лерінде, атап айтқанда Поль­шада тұрақтап қалғандары, Жа­­­ғал­­тай деп аталатын хандық құр­­ғандары поляк-литван тарихынан мәлім. Бүгінде поляк үйсіндерінің, жалайырлары мен арғындарының, наймандары мен қоңыраттарының ұрпақтары әдебиет пен ғылымның, спорт­тың, саясат пен әскери істің әлем­ге әйгілі, танымал тұлғалары сана­лады. Сондай-ақ Польша архивтерінде Жошы ұлысының Еуропа мемлекеттерімен дипло­матиялық қарым-қатына­сына қатысты түрен түспеген, өз зерт­теушісін тосып отырған құ­жат­тары жеткілікті. Ал Мажар­стан­­дағы қыпшақтардың өткен ға­сыр­дың басына дейін тілді ұмыт­пағанын саяхатшы Әліби Жангелдиннің жазғаны бар (кей­бір жерлерде, мәселен Румы­ния­да, әлі де сақталған). Торғай өңіріндегі мадиярлар мен мажар қыпшақтары арасында бүгінде берік байланыс орнаған.

Президентіміздің алға қойып отырған міндеті өткенге және бүгінгі болмысқа өзгеше, тың көзқараспен қарауды талап етеді, Еуропадағы және басқа өңірлердегі түбі бір туыста­ры­мыздың қоныс аудару және орны­ғу тарихын ой елегінен өткізу­ге үндейді, түбегейлі этно­саяси, этногенетикалық тұр­ғыдағы ізде­ністерге мұрын­дық болу қа­жет­тігін атап көр­сетеді. Осы орай­да аталған мәсе­ле жыл са­йын өткізіліп келе жатқан Еуропа қа­­зақ­тарының биылғы құрыл­тайының күн тәртібіне енгізіліп, отырыстары тілге тиек етілген тақырыпқа арналып жатса, құба-құп болар еді.

 

Жетпісбай Бекболатұлы,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор