Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Краудфандинг құрығы
Алайда қайырымдылықты қаржы көзіне айналдырып, ауруға шалдыққан адамдардың есебінен халықтан ақша тауып жүрген алаяқтар көп. Мәселен, аңғал халықтың арқасында астына су жаңа көлік, қаланың қақ ортасынан пәтер сатып алған астаналық келіншектің қулығына құрық бойламаған көрінеді. Ол өзінің ресми түрде ешбір жерде тіркелмеген «ауру» баласының еміне ақша жинаған. 360 мың пайдаланушы 4 жылда алаяқтың есепшотына 1,7 миллиард теңге қаржы аударған. Ең қызығы, алаяқ келіншектің өзі де, күйеуі де еш жерде жұмыс істемеген және кәсіпкер ретінде тіркелмеген.
«Краунфандингтің екі түрлі моделін қарастыруға болады. Қазір түрлі жобаларды қолдау мақсатында құрылған Астана қаласындағы Халықаралық қаржы орталығы бар. Сол жерде арнайы құрылған платформалар арқылы ақша жиналады. Олардың жұмысы заң аясында реттеледі. Ал коммерциялық емес, садақа, емге жинаудың арты алаяқтыққа ұласып кетті. Мысалы, жаңа айтып кеткен астаналық келіншек 4 жылда 1,7 млрд теңге қаражат жинаған. Баланың еміне қажет ақша 50 миллион теңге болған. Бірақ емге бар болғаны 6,4 млн теңгесін жұмсаған. Есесіне әлгі әйел Instagram парақшасын дамытып, күнделікті жарнамаға 150 мың теңге жұмсаса, желі жұмысын дамытуға 303 млн қаражат шығындаған. Жиналған қаражаттың 127 млн теңгесі қолма-қол банктен алынса, тауарлар мен қызметтер үшін 101, 5 млн теңге жаратады. Бұдан басқа Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер, өзіне жаңа «Тойота», күйеуіне «Лексус» көлігін сатып алған. Өзі 2014 жылдан бастап, күйеуі 2021 жылдан бері ресми еш жерде жұмыс істемеген. Аттарында кәсіпкерлік жоқ», дейді агенттіктің ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Шындығы сол, қазір әлеуметтік желіде әншісі мен әртісі, жазылушысы көп блогерлер де қайырымдылық үшін халықтан қаражат жинауды әдетке айналдырды. Кейбір алаяқтар жағдайы жоқ отбасылар мен сырқат адамдарды жағалап, жағдайын жасап алған соң, қарасын көрсетпей кетеді.
Қайырымдылық қорына алданғандардың бірі – Қуаныш Оспанов. Осыдан біраз жыл бұрын Қуаныштың туабітті сырқаты бар баласын сылтауратып «Шетелдік дәрігерге қаралу үшін ақша жинап берейік» деп іздеп келген адам өзін жаңадан құрылған қайырымдылық қорының мүшесі ретінде таныстырады. Баласының амандығы үшін «қайырымды» жанға ұлының фотосы мен есепшот нөмірін берген әке артынан жер сипап қалады. Әкесінің берген мәліметін желіде көрсетіп, жұрттан жылу жинап алған соң, алаяқтар ізім-ғайым жоғалған. Ал алматылық жалғызбасты әже Зияда Қалниязова шарасыздығын өз мақсаттарына пайдаланған талай «жомарт» жандар көлеңкесін көрсетпей кеткенін айтады. Олардың ойлағаны әжейдің жағдайы емес, қара бастарының қамы ғана.
Осыдан екі жыл бұрын жиырма екі жастағы Ақмола облысының тұрғыны ауру баласы барын айтып, әлеуметтік желіде көмек сұрайды. Абырой болғанда Щучинск тұрғыны өзі туралы жалған мәліметтер бергені дер кезінде анықталған. Көпке көз жасын көлдеткен әйелдің қулығы әшкереленіп, ешқандай баласы жоқтығы белгілі болады.
Мұндай мысалдарды тізбелей берсек, қайырымдылықтың айналасында түрлі қитұрқылықтың барын байқаймыз. Себебі қолданыстағы заңда қайырымдылық жасаушыларға есеп беру міндеттелмейді. Пайыз алып, пайда көріп жатқандар да, айласын асырып, табыстың кілтін тапқандарға да жауапкершілік көзделмеген. Сондықтан кез келген адамның қайырымдылық жасауына кедергі жоқ. Ал сауапты іске деп қор ашқандар мен аударым үшін жеке есепшотын пайдаланғандардан есеп алудың бірыңғай үлгісі көрсетілмегендіктен, аңқау елдің арамза молдалары мұқтаж жандардың материалдық және қаржылық жағдайын қажетіне пайдаланып, сауапты істен үлесін алып, енді біреулері жиналған ақшамен жағдайын жасап жатыр.
Десе де, «қайырымдылық істесең, қайырымын өзің аласың» дейтін жаны жомарт адамдар да көбейіп келеді. Бүгінде ел басына күн туа қалса да, Үкіметтен бұрын үйдегі затын тасып, көмекке мұқтаж адамдардың қамына қабырғасы қайысатын адамдар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жатады. Жетім мен жесірдің жағдайына қарайласып, қайырымдылыққа деп қалтасындағы соңғы тиынын беруге асығатын адал жүректі адамдардың барын айтпай кетуге болмас. Бірақ осындай жомарт жандардың жинап берген жылуының барлығы бірдей мұқтаждарға жетпейді.
Жақында ғана Қаржылық мониторинг агенттігінің кеңейтілген отырысында осындай 660 мыңнан аса адам жалған көмек сұраушы краудфандингке 6 млрд теңге көлемінде ақша аударғаны белгілі болды. Агенттік басшысы Дмитрий Малаховтың айтуынша, күмәнді мақсаттарға ақша жинауға 138 банктік карта тартылған. Ал 660 мыңнан аса адамнан жиналған қаржы сомасы 6 млрд теңгені құраған. Соның 33%-ында (2 млрд теңге) алаяқтық белгісі бар. Анықталғандай, олар көптен жинағанды өздерінің бас пайдасына жаратқан. Мәселен, ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсапты. Агенттік өкілдерінің сөзіне сүйенсек, әлеуметтік желілерде ұжымдық қаражат жинау және оларды одан әрі мақсатсыз пайдаланудың қаупі жоғары. Сондықтан желіде жұрттың жүрегін елжірететін фотосуреттерді салып, «ем» және «жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету» үшін қайырымдылық қызметі мен көмек көрсету түріндегі қаражат жинауды кедергісіз және бақылаусыз жүзеге асырып жатыр.
Табысын жасырып әлек
Кейінгі бес жылда краунфандинг ұғымы біздің қоғамға да таныс бола бастады. Бұл термин – өркениетті елдерде әлдеқашан енгізіліп, «еншісін» алған жүйелі жұмыс. Мәселен, Еуропа мемлекеттерінде, қайырлы істі дәстүрге айналдырған Түркия секілді елдерде жылу немесе қайырымдылық қоры ретінде дамып, тиімділігін көрсетіп жатыр. Жағдайы төмен адамдарға деп беретін қаражатын халық ресми тіркелген қайырымдылық қорлардың ортақ платформасындағы көрсетілетін есепшотқа аударады. Платформада халықтың әр тиыны есептеліп, қандай мақсатта жұмсалатыны ашық көрсетіледі.
Біздегі жағдайға келсек, краунфандингтің өзінен көлеңкелі бизнес жасайтын кәсіпкерлер де кездеседі. Заңның әлсіз тұсын тиімді пайдаланатын алаяқтар көптің көмек ретінде ұсынғанын табыстың көзіне айналдырып жатса, бірі әлгі айтқандай, сауаптан түскен ақшадан сыбағасын алып жатыр. Үшіншілері тіпті кәсіптен түскен қаржыны салықтан құтқару үшін қайырымдылық қорын құрып, бұл болмаса, қордың басшыларымен ауыз жаласып, табысын қорғап әлек.
«Алаяқ.нет» жобасының жетекшісі, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков: «Қор жұмысын жетілдіріп, жауапкершілікті арттырмаса, жарлының арқасында жанын бағатын «жомарт» адамдардың санын азайту қиын», дейді. Заңгердің айтуынша, елде желідегі жекеленген «жомарт» жандардың өзі түгілі, қордың өзіне мемлекеттік аудит жүргізілмейді. Қорға түскен қаражат салықпен алынбайды, ешқандай аудит жүргізілмейді. Жауапкершілік болмаған соң, қайырымдылықты кәсіптің көзіне айналдырып жатқандар көбейді. Бұл ғана емес, әлеуметтік желіде «қиналғанның қарызын жабамыз» деп ұрандатып, ақша жинайтындар бар. Айтылғанда әдемі естілгенімен, бұл – экономикалық жағынан мүмкін емес дүние.
«Бізге де адамдардан әртүрлі шағым келіп түседі. «Мың теңге жіберіп, үй ұтып ал» деген секілді дүниенің барлығы – жұртты алдап, ақша табудың бір түрі. «Сәтті жұлдыз» деген лоторея билеті бар. Соның өзі күмән тудырады. Тиісті органдар «қайырымдылыққа жұмсаған қаражаттың есебін беру керек» деп жатыр. Бірақ жеке блогердің жеке шотына жиналған қаржы аударымының өзі мыңдап саналады. Оның барлығының есебін беру, дәлел келтіру қиын. Оның үстіне жеке шот болғандықтан, ондағы қаражатты жеке бағытта қолдануға тосқауыл жоқ. Сондықтан қайырымдылықпен айналысамын дейтіннің барлығы ресми түрде қор ашқаны дұрыс. Бұл ешқандай қиындық тудырмайды. Әділет министрлігіне тіркеліп, екінші деңгейлі банктен есепшот ашуы керек. Сосын жиналған қаражаттан пайыздық үлесін алатын блогерлерге құзырлы органдар ештеңе дей алмайды. Мәселен, бізде қайырымдылық жасап жүрген қорлар да жиналған қаражаттың 30 пайызын өздері алады. Ресми түрде тіркелген қорлар бұл ақшаны әкімшілік шығындарға, қызметкерлердің айлығына төлейді. Ал жеке адамдар пайыздық үлестің есебін беруге міндетті емес», дейді заңгер.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, елімізде ресми түрде тіркелген мыңнан астам қайырымдылық ұйымы бар. Жағдайы төмен отбасылар мен жәрдемге мұқтаж жандарға қолұшын созатын қорларға мемлекет те барынша қолдау білдіріп келеді. Айталық, жиналған қаражат туралы толық есеп бергендерге аудит жүргізілмейді. Сондай-ақ қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар және меценаттарға салық жеңілдіктері жүреді. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бұрыннан бар. Өкінішке қарай, қайырымдылық үшін берілетін жеңілдіктің өзінен пайда көретін қалталы адамдар да жоқ емес. Мысалы, қайырымдылыққа бөлінген қаражатынан салық ұсталмайтынын білетін кейбір компания 3 млрд теңге тапса, оның бір миллиардын сауапты іске аударады делік. Демек бұл қаражаттан салық ұсталынбайды. Сол үшін кәсіпкерлердің арасында қайырымдылықты сылтауратып жеке қорларын ашып немесе басқалармен келісіп қаражатты аударады да, аудит жоқ екенін пайдаланып, артынша жинаған қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып алады.
Тиісті мемлекеттік мекемелер ақша жинайтын адамдарды тіркеуден өткізудің жаңа механизмін дайындап жатыр. Құжат қолданысқа еніп, тиімділігін көрсеткенше әлі талай уақыт бар. Сұрауы бар ақшаны сауапты іске жұмсамайтын, пайыздан пайда көруді ғана ойлайтындарды опық жегізу үшін қайтпек керек? Бұл үшін қайырымды жандардың сауатын ашу маңызды. Сондықтан желіде кездескен кез келген жарнамаға сеніп, блогерлердің қалтасын қампайтып, алаяқтарға алданбау үшін қайырымдылық қорын жеті рет тексеру артық етпейді. Ал «жомарт» деп санаған жекелеген адамдардың ісі күдік тудырса, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарласу қажет. Сонда ғана мұқтаж жандарға қолұшын созар қайырымдылық та сауатты жүргізіліп, сауапты ісіңізге мұқтаж жандардың алғысын аларымыз хақ.